Елбасының «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында коптеген роман, повесть қиса, дастарндар жарық көрді. Халықаралық ҚазАқпарат агенттігі қоғамға қажет, өсіп келе жатқан жастарға патриоттық тәрбие беретін осындай шығармаларды беруді әрі қарай жалғастырады.
***
ПОДПОЛКОВНИК КУРГАНОВ
Олар кетіп біз қалдық. Штаб бастығы Рахимов өте пысық жігіт еді. Оны жақсы көргендіктен үлкеніміз еркелетіп Хаби, кішіміз сыйлап Хабеке дейтінбіз. Хабидің өзіне етене болып кеткен серіктері бар-ды. Бірі - бұрын радиотехник болып істеген, қазір біздің байланысшылар взводының командирі, әдепті, тұнық көзді, сұңғақ бойлы, кертпеш мұрындау кіші лейтенант Леонид Степанов. Екіншісі - бұрын кооператив қызметінде болған, қазір біздің шаруашылықты - азық-түлік, оқ-жарақ, ат арбаларымызды тап-тұйнақтай етіп жайғастыратын қызыл шырайлы, тапал бойлы, көкшіл көзді, жұқа ерінді жиырма бестен жаңа ғана асқан кіші лейтенант Василий Борисов. Екеуі де Хабидің айтқандарын бұлжытпай орындап, аяқтарынан тік тұратын. Рахимовтың Степанов пен Борисовтей сенімді көмекшілері болғандықтан олардың шаруасына көп араласа қоймайтын едім. «Сөзіңді біреу сөйлесе, аузың қышып бара ма» дегендейін, жігіттердің өздері-ақ, бәрін тындырып жүрсе, беталды кимелеп нем бар. Рахимов мені ешуақытта жалғызсыратқан емес. «Шаршадыңыз ғой, демалсаңызшы, өзіңіз жүгіре бергенше бізді жұмсасаңызшы...» деп шырқ үйірілетін. Бірақ мұны жағымпаздық сияқты емес, нағыз адамдық қамқорлықпен, менің туған інімдей кішілік ізеттікпен жасаушы еді. Өзінің қолы тимей, жұмысы болып қалса, қарамағындағы жігіттерге: «Сен комбаттың қасында болғын, мүмкін керек болып қаларсың» деп тапсырып кету оның әдеті еді. Бұл жолы менің қасыма Степановты жіберіпті... Капров пен Мүхамедияровты қол алысып қоштасып шығарып салдық та, Степанов екеуміз штабқа қайтып келдік. Келе сала генералмен сөйлестім, Капровтың Горюныдан полктың негізгі күшімен аман-есен аттанғанын хабарладым. Генерал телефонмен бірқатар нәрсеге жөн сілтеп, ақылын айтты. Сөздің соңында «Ал ерім, тоқтам солай болсын, жағдай түсінікті ғой», - деді де трубканы қоймастан: «Есіңізде болсын, жолдас Момышұлы, Капровтың қалған адамдарын мен сіздің қарамағыңызға уақытша ғана қалдырып отырмын, тапсырманы орындағаннан кейін Капровтың өзіне қайтарыңыз, қайырғанда түп-түгел қайырыңыз. Оларды жасау-жасқауыма, ұңғыл-шұңғылыма тығам деп жүрмеңіз. Онда ренжимін сізге, есіңізде болсын» деген соңғы сөзі нық естілді. - Олар өз міндетін орындаса мен сізді алдамаймын, сеніңіз, жолдас генерал. - Дұрыс, солай келіселік. Ұмытып барады екенмін, әлгі Георгий Федорович сізге келді ме? Жауап бергенімше болған жоқ, байланыс үзілді де қалды. Ызамның келгені соншама, қолымдағы телефонның трубкасын лақтырып жіберіп, қасымдағы Степановқа айғай саппын.
- Бұ не деген тірлік?!
- Ғапу етіңіз, жолдас комбат, снарядтың қаңғырған бір жаңқышағы үзіп кеткен болар. Дұшпан тағы да зеңбіректен атқылай бастады ғой. Амал қанша...
- Егер бес минутта телефон қайта сөйлемесе, мен Рахимов екеуіңді де... -дей бергенімде сөзімді аяқтатпай біреу иығымнан тартты. Жалт қарасам подполковник Курганов тесіле қарап тұр екен. Жүзінде талай ұйқысыз түндердің табы. Өзі қара қатпа еді, оның үстіне тотығып, тіптен қарайып кетіпті.
- Айғайлаудың орны бар, жолдас аға лейтенант! Телефонның тұтқасын лақтырып, көз алдыңыздағының бәрі асамын, шабамын деп жазықсыздан құр ұрса бермес болар, жолдас аға лейтенант! Ашуыңмен емес, ақылыңмен билеген жөн болар! Менің де сол тұрғандағы ұсқыным адам күлерлік болу керек, подполковник бетіме қарап езу тартты да, жұмсара сөйледі.
- Отырыңыз, жолдас аға лейтенант! Соғысқа командирдің сабырлы болғаны жақсы. Қызбалыққа салынып, күйіп-піссеңіз сабырдан тез айрыласыз, бекем шешім, сергек байлау табуға болмай қалады. Өйткеннен кейін командир алды-артын қамтымаған ақылды бұйрық бере алмайды. Бұл сөздерімен подполковник мені қатты ұялтты. Қазақтың «сабыр түбі сары алтын, сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа» деген мақалы есіме түсті. Мен бұл мақалды орысшаға аударғанымда Георгий Федорович қарқ-қарқ күлді де:
- Халық дана деген осы ғой, - деп біраз ойланып қалды.
- Қарамағыңыздағы адамдардан байланыстың үздіксіз болуын талап еткеніңіз дұрыс. Үздіксіз байланыс керек. Үзілсе тез түзелуі керек. Бірақ та снарядтың қаңғырған жаңқашағы сіздің бұйрыққа бағына ма, ол телефонның сымы түгіл адамның өзін де өлтіріп кетеді ғой. Соғыста жазатайым көп кездеседі.
- Генерал сізді сұрап еді, жолдас подполковник.
- Taп сол кезде үзілді ме?
- Иә! Тап сол кезде. Генералдың сізге нендей тапсырма бергісі келгенін ести алмай қалдым. Үзілді де кетті.
- Оқасы жоқ, жігіттер қазір байланысты түзер, сосын қайта хабарласармыз... Діңкем құрып, қалжырап отырмын. Бар болса маған бір кесе шай алдырыңызшы. Мен далаға шығып қайтып келсем, Курганов телефонмен сөйлесіп отыр екен.
- Әзірге бәрі орынша... Жоқ, немістер әлі көрінбейді... Олардың да сілесі қатқанға ұқсайды... Мүмкін күш жаңартып, орын ауыстырып жатқан болар. Егер олай етіп жатса, түс қайта атой салуы мүмкін... Біздің оқ-дәріміз аздау. Иә, мен тиісті бұйрықты бердім. Олар қазір Момышұлының ту сыртында орналасып жатыр... Солай еткеніңіз дұрыс болар еді. Бұл жаққа кемінде бір мыңы керек... Оның қандайларын Марков біледі... Жарайды, білгенімді аямаспын... Иә, біздер біраз әңгімелестік... Қолдан келсе сөз жоқ орындаймыз ғой... Сау болыңыз... Подполковник сөйлеп болып трубканы телефониске бере бергенде, Синченко тамақ алып жетіп келді. Ет араластыра қуырылған картошка. Оның артынан бір қолына көк шәйнек, бір қолына жарты стакан арақ ұстап Степанов жетті. Подполковник ашығып қалған екен, алдындағы асқа бүркітше шүйілді. Арақты көрер емес.
-Мынаны жұтып жіберсеңіз болмай ма, асты сосын жесеңіз, - дедім мен. - Жай уақыт болса, бұл шіркіннің екеу-үшеуін де тастап жіберер едім. Өзім шаршап, қалжырап отырған адаммын, оның үстіне аш қарынға түссе ұйқыңды келтіріп, маужыратып мазаңды алады. Сондықтан ішпей-ақ қояйын, - деп стаканды дастарқанның шетіне ысырды да, Синченкоға:
- Шәйіңді құя бер, қарағым, - деп кесесін ұсынды. Біраздан кейін маңдайынан шып-шып тер шықты. Оны орамалымен сүртті де, Степанов пен Синченкоға рахмет айтып, маған бұрылды:
- Ал, енді іске кіріселік, жолдас аға лейтенант, - жаңа ғана тұтатқан темекісін екі-үш құмарта сорды, - генерал жаңа сізге біраз жайды айтуға бұйырды. Картаңызды әкеліңіз! Мен үлкендігі дастарқандай картаны әкеп алдына жайдым. Көзімен бір шолып өтті де, кей жеріне шүйіліп қарай қалды. Сірә, біраз белгілер дәл түсірілмеген болу керек, жақтырмағандай қабағын шытты. Карта таратуға келгенде алдына жан салмайтын тәжірибелі командирдің бірі еді. Алдындағы қағазға қарап-ақ осы маңның ұңғыл- шұңғылының бәрін көріп отыр. Күміс сырын зергер, кілем сырын тоқушы біледі деген емес пе. Курганов та өзінің сырына қанық адам. Ол отыр, мен оның алдында тікемнен тік тұрмын.
- Отырыңыз, отырып аспай-саспай сөйлесейік, - деді. Түрлі түсті қарындаштармен картаға белгілер соғып, сыза бастады. Сүйрік саусақтары сып-сып етеді. Күші басым жау мен біздің дивизияның өткен үш күнгі айқасын баяндайтын белгілер тасқа таңба басқамдай сайрап шыға келді. Көріп тұрмын, мен де оқып ұғып тұрмын... Подполковник қарындашын қойды да, орындыққа шалқая беріп нығая отырды да:
- Генералдың айт дегенін картаңызға түсірдім. Келіңіз, екеулеп, енді егжей-тегжейді талдап көрейік. Бермен, жақынырақ отырыңыз. Сөйтті де картадағы майдан шебін сұқ саусағымен бір нұсқап:
- Жанталасып жүріп жау біздің қорғаныс шебімізді итермелей 4-5 километр ішке кірді. К. Ц. Д. У. Ж. Ф. шептеріне жетті. Осы арада дұшпан шабуылы тойтарыла тоқтатылды. Үш күн бойы арпалыста жеткен жері осы. Бірақ одан әрі ішке кіріп, ілгерілей алмады. Бүл төңіректе тың күші байқалмайды. Қазіргі халімен ол шабуылға шыға алмас. Күш жинақтап, орын ауыстырып топтану үшін кемінде 6-8 сағат уақыт керек. Яғни ендігі шабуылды 12-00-ден ерте бастай алмайды деген сөз. Жау соққысын қай маңнан күтуге болады. Меніңше олар күшті Ядрово, Горюны, Покровское бағытына төгер. Ал, қосалқы шабуылды Дубосеково, 151,0 биіктігі, Матрешино, Рождественское, Шишкино, Гусеново тұстарына жасар. Мен осылай болар-ау деп болжаймын, жолдас аға лейтенант. Мұнан әрі подполковник біздің жағдайымызға талдау жасады. Дивизияның полктары біртіндеп-біртіндеп алдыңғы шептен кейін қарай жылжып жатыр. Өзінің артиллерия полкы Капров полкының кейін шегінуіне қалқан болып көмектесуде. Оқ-дәрі тапшы, генерал алдыңғы шепке мыңнан аса снаряд жеткізіп бермекші, екі дивизион Горюны маңына шығарылды, олар темір жол будкасының сол жағындағы орманға орналаспақ.
- Жау негізгі күшін Ядрово, Горюны, Покровское тас жолының бағытына, бойына төгуде. Біздің саперлер де қамсыз емес. Бірнеше тосқауылдар мен бөгеттер жасалынып, жолға ағаштар құлатылып, миналар көмілді. Бұл жұмысты Капровтан қалған бөлімшелер істеп бітірмек. Капровтың адамдары және менің полкым жау біздер жасаған тосқауылға, миналы алаңға келгенше сіздерге көмектеседі. Жау тосқауылға келгеннен кейін екі-үш дүркін оқ жаудырамын да, сіздердің өздеріңізді қалқалап, дивизияның негізгі күштеріне қарай шегінемін. Маған берілген бұйрық осындай. Ал, генерал сіз өзі еркін қимылдасын, пәлендей деп оның ісіне араласушы болма деді. Яғни біз сізбен алғашқы кезде ғана келісіп отырып бір-бірімізге көмектесе қимыл жасаймыз... Подполковник генералдың айтқанын, өзінің ақыл-кеңесін баяндап болғаннан кейін өз қосына кетті. Мен Рахимовты, Бозжановты, Танков пен Степановты шақырып алдым. Барлық жай-жағдайды түсіндіріп, картадан тосқауылдар мен миналар көмілген алаңды көрсеттім де, бұйрық бердім:
-Степанов! Сіз дереу байланыс сымын тарту қамына кірісіңіз. Бозжанов! Сіз Филимоновқа менің бұйрығымды жеткізіңіз. Лейтенант Бурнаевскийдің взводы Л. маңына барып, тосқауыл мен мина көмілген алаңды қорғайтындай болып бекінсін. Ал, сіз, Танков жолдас, екі взвод пен станковой пулеметті алыңыз да Н. және Т. маңына бекініңіз.
- Жолдас комбат, сонда Горюныны тастап кеткеніміз бе? - деп таңырқай сұрады.
- Жоқ, тастамаймыз. Жауды ең алдымен тосқауылдар мен миналар көмілген алаң маңында қарсы аламыз да, содан кейін Горюныға қайта келіп бекінеміз. Бізге Кургановтың екі дивизионы көмектеспек. Біздің үш взвод-бір рота, капровшылар екі ротадай. Осының бәрін қосқанда бір батальон емес пе? Алдымызда берік тосқауылдар мен мина көмілген алаң бар. Кешке дейін жауды ілгері аттап бастырмай біраз әурелеуге болады. Егер подполковник Кургановтың екі дивизионымен көмектесем деген уәдесі болмағанда біз жауды Горюныда отырып-ақ тосып алатын едік. Оның үстіне генерал мыңға жуық снаряд жібермек болыпты.
- Онда дұрыс екен, - деп Бозжанов жайылып сала берді.
- Тоқайласып көрейік.
- Орманды паналамастан, жауынгерлерді взвод-взводымен сап құрып темір жол будкасының бер жағындағы тас жолмен ертіп осы жерден өтіңдер.
- Онда, өзімізді көрсетіп қоямыз ғой, - деді Танков.
- Осы маңда күш бар екенін көрсін. Біз мұнда жасырынбақ ойнағалы қалғанымыз жоқ. Бозжанов ешнәрсе түсінбегендей:
- Онда не болғаны... - деп таңырқады.
- Не болғаны дейтін не бар, тас жол оған даңғыл жол емес, зымырап өте шыға алмайтынын білсін...
- Енді ғана түсіндім! - деп Бозжанов мәз боп күлді.
- Немістер енді я айналып өтуді, немесе тура қарсы маңдайдан баса-көктеп ұрудың қамын ойлайды. Рахимов «неменеге мәз боп тұрсың» дегендей Бозжановқа ажырая бір қарады.
- Хаби, сен Гусеновага тез жет те, бәрін генералға баянда. Ал, жолдастар, сұрақтарың жоқ болса, іске кірісіңдер. Рахимов схемасыз қарыс аттап баспайтын офицер-ді. Басқа командирлер жөн-жөнімен бұйрықты орындауға кеткенде Рахимов отыра қалып схема сызуға кірісті.
- Схеманың керегі не? Ана картада бәрі көрсетілген ғой, ал да жүре бер.
-Жолдас комбат, шынымды айтсам сіздің шешіміңізді анық-қанығына жетіп түсіне алмай қалдым. Генералға бәрін жеткізу үшін егжей-тегжейіне дейін біліп алу керек қой. Өзім қағазға түсіріп қарамасам болар емес.
- Е... онда сыза бергін. Синченко Рахимовқа аттың әзір тұрғанын хабарлады. Рахимов өзі сызған схемаға қарап тұрып, барлығын дәлме-дәл айтып берді.
-Генералға тура осылай баяндаңыз. Генерал капровшыларды көп кідіртпей жібер деген. Егер тосқауылдар мен мина көмілген алаңды бөгет ете ұстап, жауды біраз әурелеп, алдыңғы қарқын басып алғымыз келгенін мақұлдаса, капровшыларды қараңғы түскенше қайтармайтынымызды айт. Хаби қағаздарын жинап шығып кетті. Борисов кіріп келді. Ол біраз үндемей тұрды да:
- Жолдас комбат, жұрттың бәрі кетіп жатыр, біз не істейміз, - деп күмілжіді.
- Бәрі кетіп жатыр дейсіз бе?
-Танков өз адамдарын әкетіп барады. Бозжанов Матрениноға шауып кетті. Рахимов та бір жаққа кетіп барады.
- Олар кетсе кете берсін, ал біз осында қаламыз. Мұнда Танковтың бір взводы, байланысшылар взводының жартысына жуығы, медпункт және сіздің взводыңыз қалады. Мұның бәрі сіздің көзіңізге көрінбей ме? Самсаған үлкен бір қол емес пе. Борисов жымиып күлді.
- Мен сізді алғашқы шешіміңізді өзгертті ме екен деп қалып едім.
- Борисов! Біз бұл жерден ешқайда кетпейміз. Кеткендер де алысқа қанша ұзай қояр деп едің. Тізгін менің қолымда. Азық-түлік, киім, оқ-дәрі, тағы басқа дүние жиһаздың бәрі сіздің қолда, сонда олар қайда барады. Біраз шайқасып бой жазғаннан кейін осында қайтып келеді.
- Жолдас комбат, адамдарды қалай тамақтандырамыз, - деп күле сұрады, менің әзілдей сөйлегеніме көңілденген Борисов.
- Бұл мәселені рота старшиналарымен ақылдасып өзіңіз шешіңіз. Дәрігерлік пункттің, асханалардың жұмысы титтей де кідіріп қалмасын. Өзіңіз қадағалаңыз. Ең әуелі капровшыларды тамақтандырыңыздар. Старшиналарын шақырып алып, керегінің бәрін беріңіздер... Телефон зың ете қалды.
- Күніне сан қилы шешім қабылдап жүрген сіз бе, жолдас Момышұлы?
- Шешімді өзгертейін деп өзгерткен жоқпын, жағдай солай болды, жолдас генерал. Неміс Капровты өкшелеп қумай, тоқтап қалды. Шебін ауыстырып, күшін жинақтап жатыр. Біздің қарап отырғанымыз жөн болар ма?
- Сізге бұл ойды салған Георгий Федорович - ау!
- Иә, жолдас генерал, ол кісі біраз маған кеңес берді.
- Егер Курганов екеуіңіздің ойлағаныңыздай болса мақұлдаймын.
- Құп, жолдас генерал! Біз жауапкерміз.
- Жарайды! Meн сіздерге біраз жәрдемдесермін, аспаннан да көмектесуді сұрайын. Ал, сіз жолдас Момышұлы, тым қызыл тұмсыққа дейін салынып жүрмеңіз. Генералдың соңғы сөзі маған қатты батты. Горюныдағы жұрттың жартысынан көбін орнынан қозғап, ілгері жіберіп қойғанымды аса ойланып істелген шаруа демесе керек. Ашып айтпаса да жақтырмай қалды-ау деймін. «Ойлағандарыңдай болса... мақұлдаймын дегені не дегені. Адамдар барар жеріне барып қойды, бекінді, енді қайта қайырып әурелемейін» дегені болу керек. Әсіл ойлар иығыма бір тонна жүк артып қойғандай зілдей басып, қатты қапаландырды. Қасымда да ешкім жоқ. Жалғызбын. Өз ашуыма өзім булығып, құсаланып отырмын. Бұрын осындай әрі-сәрі кезінде жолдастардың біреуі болмаса біреуі медеу боп көрінетін. Әсіресе, полктың саяси нұсқаушысы Федор Дмитриевич Толстунов өз алдына бір төбе еді. Алатауды жайлаған, қырғыз елінің арасында өскен орыс жігіті. Кейде екеуміз қырғызша сөйлесіп, қалжыңдасып, тіпті ұрысып та қалатын едік. Жібектен жұмсақ байсалды мінез жауынгерлерге де ұнайтын. Биязы, ақылшы, тіпті қысылтаяң кезде қатар тұра қалып бірге оқ ататын. Батальондағы кейбір ақаулы істер жөнінде менімен әңгімелескенде қорқытпай-ақ, үркітпей-ақ, ақырын, шынайы жолдастай сөйлесетін. Сөздері ылғи «сіз қалай ойлайсыз, жолдас комбат» деп келуші еді. Егер әлдекім кимелеп, жол-жөнекей қосанжарлап, болмаса «комбат айтты ғой, саған не жоқ? Комбаттың бұйрығын бұлжытпай орындауға міндеттіміз» деп тұратын... Міне, сондай досты көрмегелі жарты айдан асты. Дәл қазір керек боп отырғанын көрдің бе. Амал не, жоқ қасымда, жоқ бұл маңда... Өстіп ой ұйығына белшемнен кіріп отырғанымда Рахимов жетіп келді. Орнымнан қалай ұшып тұрғанымды да білмеймін.
- Хаби, генерал не деді? - деппін.
- Өзіңізбен сөйлесті ғой, жолдас комбат! - деп планшетін жайлап аша бастады ол.
- Саған не деді? Рахимов картаны стол үстіне қойды да:
- Сізге ұрысты, жолдас комбат! Негізгі позицияны жалаңаштап ілгері кетіп қалғансыздар деді. Бәрін бүлдірген әлгі подполковник Курганов осы...
- Ол сонда барып қалып па?
- Менен бұрын барыпты. Генерал оның да көкесін көзіне көрсеткен болу керек. Менің көзімше: «Георгий Федорович, сіз де батальон үшін жауап бересіз» деді. Генералдың бұл сөзі менің шымбайыма қатты батты, жолдас комбат. Тағат тауып тұра алмадым: «Өлсек те, жолдас генерал, тапсырманы орындаймыз» деп лақ еткізгенім бар емес пе. «Өлмеу керек, тапсырманы орындау керек, аз шығынмен күшті сақтау керек, алдымызда әлі талай асулар бар» деді генерал. Содан кейін схемаға қарап тұрды да, «іс жүзінде қалай болатынын кім білсін, жалпы ойларың жаман емес екен» деп жұмсара сөйледі. Сонымен сіздің шешім мақұлданды. Енді соны орындау керек. Мақұлдануы мақұлданды ғой. Бірақ жау қалай қарар екен оған.
ДАБЫЛ
Кенеттен жер солқылдап, гүрсілдеген дауыс естілді. Айнала күңіреніп кетті. Біз отырған ағаш үйдің сылақтары түсіп, босағалары сықырлай бастады, терезенің көздері сыңғыр етіп сынып жатыр.
- Бұл не, Хабибулла?
- Бомбалап жатыр ғой, жолдас комбат. Сыртқа шықтық. Неміс самолеттерінің гүрілі естіледі. Қанаттары күн сәулесіне шағылысып, тізіліп ұшып барады. Орала бұрылып алып құлдилай жөнеледі де, оқ төгеді, бомба астыңғы жақтан түйенің құмалағындай ытқып түсіп жатыр. Жарылады да, төңірегіне от бүркіп, шыңқылдап, гүрсілдеп құлақ тұндырады. Бір кезде Шишкино маңындағы орман үстінен үштен топталып истребительдер ытқып - ытқып шыға келді.
- Біздікі!!!
- Жігіттер, біздің қырандар!
- Салыңдар ойранды, сұңқарларым! - деген қуанышты дауыстар ордан да, үйден де естіледі. Біздің истребительдер орманнан зымырап шығып көкке тік өрлеп көтерілді. Дұшпан бомбардировщиктерінің үстінен қонжия шүйіліп кеп оқ төкті. Бомбардировщик әр қолбақтан сасып жан-жаққа тым-тырақай қашты. Бомбаларды беталды тастап барады. Біздің истребительдер үйрек қуған тұйғындай соңынан қалар емес. Бір бомбардировщик қалбалақтап барып, бір жағына қарай ауды да, сол қанатын астына ала қисая құлдилай жөнелді де, әп-сәтте тұмсығымен жер қауып тоңқалай құлады. Қою қара түтін аспанға будақтала көтерілді. Тағы самолеттердің гүрілі естілді. Дос па, дұшпан ба деп күмәндана мойнымызды созып аспанға қарасақ өзіміздің бомбардировщиктер екен. Олар үш-үштен, алты-алтыдан топтанып Шишкино, Матренино, біз тұрған орынының үстінен ұшып өтіп барады. Рождественское, Ядрово мен Дубосековоға жеткенде құйыла дәлдеп гүрсілдетіп бомба тастай бастады. Тастап-тастап оңтүстік шығыс жаққа қарай аспанды сүзе өрлей ұшып, тайып берді. Бомбардировщиктердің соңынан оқ себелеп штурмовиктер өтті... Осының бәрі 3-4 минуттың ішінде болған оқиға.
- Жау ат жалын тартқанша алдын ала бір мылжалап алайық деген екен ғой, - деді сабырлы Рахимов.
- Айналып кетейіндер, өшімізді бір алды-ау! Бірер сағат «Тұрымтай тұсымен, балапан басымен» болар, - деді Бозжанов. Екі көзіміз төрт болып бірнеше сағат бойы жау қимылын күтудеміз.
- Бізге де кезек келген шығар, жолдас аға лейтенант, - деді подполковник Курганов аттан түсе беріп... Аузын жиғанша болған жоқ, дәл осы сөзді күтіп тұрғандай алыстан артиллерия гүрсілдеп зікір салды. Аспанда мың албасты қосылып боздағандай снарядтар ысқырып, зуылдап, ыңылдап жақындап келеді. Біз секіріп-секіріп траншеяға түсіп бұға қалдық. Жан-жақ гүрсілдеп, тарсылдап, ың-жың болды да кетті. Жер солқылдап, көкке қою қара құйыңдар көтерілді. Үстімізден қар аралас тоңған кесек атқылап, топырақ борап бас көтертер емес.
- Дәл соғуын көрдің бе имансыздардың, - деп Курганов орнынан тұрып үстін қаға бастап еді, ордың ернеуіне таяу жерге түсіп, жарылған снарядтың ауа екпіні оны қалпақтай ұшырды.
- Жау дәл көздеп атып жатқан жоқ, құр жобалап ұрып тұр. Мынау сол қаңғыған снарядтардың бір жолғы дүркіні болу керек, - деп қайта тұрып үстін қақты да, - дәл көздейтіндей бұл маңға олардың барлаушылары жете алған жоқ, - деді подполковник. «Бір жолғы қаңғып келген оғы мынау болса, тағы бес дүркін қаңғып осылай төмпештесе бұғатын адам қалмас» деп айта жаздадым да, подполковниктің тік мінезінен сескеніп үн қатпадым. Талай үйлер шытырлай жанып, өртеніп жатыр. Көшемен жүріп келе жатырмыз. Борисов бір топ адаммен снаряд түскен үйлердегі өртті сөндіруге кірісті.
- Жарақаттанғандар көп пе? - деп сұрадым мен.
- Төрт адам жеңіл жарақаттаныпты.
- Мына шұңқырларды қазып алғанымыз абырой бопты. Бас сауғалар панаға жарап тұр. Қыстақ тұрғындарын көшіріп жібергеніміз мұндай жақсы болар ма, - деді Рахимов.
- Ал, мен зеңбіректердің қасына барайын. Біздің бақылаушылар жаңағы оқ құсқан маңды байқап қалған болса ондағы батареялардың үнін өшіру керек шығар, - деп Курганов біздің қасымыздан кетті.
...Жау шабуылға шықты. Біздің жігіттер оқ нөсерімен оларды қарсы алды. Орман іші бытырлап атылған мылтық, безілдеген пулемет үнімен күңіреніп кетті. Қарақұрым боп лап қойған немістерді жан-жақтан бүріп әкеп, жер құштырды да, біздің әскерлер екінші шепке шегінді. Бас көтере алмай қалған немістердің жаяу әскерлерін бір рота танктер қуып жетті де, бізді мылжалап ұра бастады, шыдатпай, астаң-кестеңімізді шығарып барады. Оқ бүркіп келе жатқан түсі суық болат танктерді көргенде «қап, еш болмаса екі-үш зеңбіректі алдыға қойдырмаған екенмін» деп бармағымды тістедім. Немістер күні бұрын әзірленген тосқауыл мен мина көмілген алаңға келіп тірелді. Аяғына тұсау түскендей кібіртіктеп жылжи алмай қалды. Дәл астынан мина жарылған екі танк оңқаласа шоңқиып тұрып қалды. Жаяулар тырмысып-тырбанып алға ұмтылады. Осы сәт Кургановтың он шақты зеңбіректері дыбыс шығарды. Дәл ұрды. Жау мүлде кідіріп қалды. Бірақ ұрыс әлі тынар емес. Өлексесін сүйретіп ұмтылған жау екі шепті басып өтті, біздің артымызда бір-ақ шеп бар. Подполковник Курганов атысты үдетіп, немістер тағы да жер қапқан сәтте:
- Жау ес жиғанша Горюны мен Матрениноға қарай тездеп шегініңдер, - деген бұйрық бердім...
Шегініп, екі тосқауыл шебін қалдырдық. Одан кейінгі ну орманнан да өту оңай емес, біраз кедергі болуға жарайды. Саперлер жолдың орманнан шыға берістегі екі жиегіне екі үлкен фугас көміп кетті. Жанына снаряд, мина түссе болды, бітіп жатыр. Жауға кедергі болар деген екінші медетіміз сол екі фугас. Дұшпан жуыр маңда бойын жия алмады. Діңкесі құрып, өкшелей қууға дәрмені болмай қалды-ау деймін. Біздің адамдар сол бетімен Горюны мен Матрениноға келіп бекінді. Горюныға келсем штабта Толстунов пен Рахимов шай ішіп отыр екен.
- Федор Дмитриевич, сізді де көретін күн болады екен ғой. Бірақ той тарқағанда келгеніңізге жол болсын,-дедім. Толстунов шырт ете қалды:
- Жолдас комбат, сіз осы кекетіп сөйлеуіңізді қашан қоясыз?
- Сізді генерал телефонға шақырады. Мен көрші бөлмеге кеттім.
- Сіз орын алмастыруға кірісті дей ме?
- Иә, жолдас генерал!
- Түгел шегініп үлгере алар ма екенсіңдер?
- Үлгердік, жолдас генерал. Алдымызда екі тосқауыл бар. Курганов аянып жатқан жоқ. Бекініп те үлгереміз.
- Онда, дұрыс екен. Толстунов сізде ме?
- Осында, жаңа екеуміз тіктесіп қалдық.
- Оқасы жоқ, ренжімесеңдер болғаны. Ол сізге өте қажып барды. Шырт ете қалғаны да сондықтан болар. Сізге ол біраз жайларды айтып берер. Қажыға келген адамды орынсыз кекеткеніме өзімнен-өзім ұялып келе жатыр едім, Толстунов жымиып алдымнан шықты.
- Кел, жөндеп амандасайық, Бауыржан, - деді. Кінәлі кейіппен:
- Амансың ба, Федя, - деп оған қолымды бердім. Толстунов мені жалпы жағдаймен таныстырып, генералдың тапсырмаларын айтты. Дұшпанның салмағы біздің сол жақтағы көршіде. Елиннің полкі қиын жағдайда қалды. Жау оны қақ жарып өтіп, ту сыртынан шығып кеткен, штабқа кеп тиісті. Командир адамдарынан адасып қалыпты, штаб бастығы ауыр жаралы, тоз - тоз болған әскерлерді полк комиссары әрең жинап, түнделетіп отырып дивизияның негізгі күшіне әкеп қосты.
- Қатты шаршап, ұйқыдан қалжыраған адам мас кісіше теңселіп, аяғын баса алмайды екен. Титтей аялдасақ болды, жауынгерлердің жартысынан көбі отырған жерлерінде «қор етіп» ұйықтап кетеді. Бірін оятып, екіншісіне барғаныңда, алғашқы оятқаның қайтадан ұйықтап қалады. Әбден титықтадық. Қозғалта алмасына көзі жеткен комиссар командирлер мен саяси жетекшілерді шақырып алды да:
- Жігіттер, қармен бет-ауыздарыңды ысқылап жіберіңдерші, - деді. Біз оның айтқанын істедік.
- Ал енді бойларың сергіп, ұйқыларың сәл де болса ашылған болар. Мен өзім де кешелі-берлі сөйтіп келе жатырмын. Жерге отырмаңдар. Отырсаңдар бойларың ауырлап, ұйқы басады. Сөйтіп тұрғанның өзінде жауынгерлердің көбі ұйықтап қалды. «Болмайды екен, біраз демалсын, сақ болыңдар» деп таратты. Комиссар екеуміз жусап жатқан қолды екі-үш рет аралап шықтық. Суыққа қарамастан отырған-отырған жерімде бүк түсіп ұйықтап жатыр. Бір жарым сағаттай уақыт өткен соң біреулері қозғалып, біреулері тоңған қолын жеңіне тығып, біреулері етегімен тізесін бүркеп тіріле бастайын деді. «Жан кіре бастады. Енді бұларды оятуға болады» деп бұйырды комиссар. Таң ата Шишкиноға келіп, өз тобымызға қосылдық. Ал, енді генералдың айтқаны «ертең шыдап берсін, әсіресе, тас жолдың бойындағы Горюныны қолдан шығармай мықты ұстасын» деді. Осы кезде Рахимов келді.
- Жұрт орын-орнына жайғасып, бекіне бастады деп баяндады.
- Капровшыларды подполковник Кургановтың қарамағына жіберіңіз!.. Біраз демалсын. Егер неміс бізді тықсыра қалғандай болса артиллериялық позицияны қорғайтын болады. Қараңғы түсісімен артиллеристермен бірге кетеді. Әңгімеге Толстунов араласты.
- Генерал оларды дереу қайыру керек деп бұйырып еді ғой! - деді ол.
- Менің ойымды ұқпай тұрсың ғой, немістер бізге өте жақын, егер автоматтылардың бір ротасы ту сыртымызға шыға қалса артиллеристерді быт-шыт қылмай ма?
- Иә, солайы солай-ау, - деп келісе кетті Толстунов. Рахимов менің шешімімді құптағандай болды да:
- Мен оларды өзім ертіп барайын, жолдас комбат, - деп шығып кетті. Курганов телефон соқты.
- Сіз капровшыларды шынымен маған бергелі отырсыз ба?
- Иә, шынымен, жолдас подполковник. Егер әлдеқандай жағдай боп, жау артымызға шыға қалса, сізді қорғауға менің мұршам келмейді.
- Рақмет, достым, мен сізді ұғып тұрмын. Менің бақылаушыларым рота, взвод командирлерімен бірлесе отырып, жау жақты торуда. Қай жерге оқ атуды, қай жерге ненің қажет екенін бірінен соң бірі хабарлап тұр. Қысылмаңдар. Иван Васильевич тағы да «қиярлар» жіберіпті. Подполковник Курганов полк командирлерінің ішіндегі ең бір жинақы, әділ де қатал, табанды командир еді. Біз кіші офицерлер одан сескенетінбіз. Бірақ, әділдігі үшін сыйлайтын да едік. Оның «рақмет, достым» деген сөзін естігенде, шынын айтайын төбем көкке жеткендей болып қалдым. Әсіресе, оның «қысылмаңдар» деген сөзі үлкен медеу болды.
- «Қияр» келді, «қиярлар» болады, - деп мен трубканы кезекші телефониске беріп жатып айқайлап жіберіппін. Бозжанов пен Толстунов «мұны бірдеңе ұрып кетті ме» дегендей маған таңдана қарады.
- Қайдағы «қиярлар», неғылған «қияр», жолдас комбат?
- Иван Васильевич жіберіпті.
- Иван Васильевич жіберіпті дейді, қай Иван Васильевич?
-Генерал Панфилов бізге көптеген снарядтар жіберіпті, соны айтып тұрмын. Енді Горюны алдына от шашып, тосқауылдаймыз. Енді тұмсығын сұғып көрсін. Аң-таң болып тұрған Бозжановқа:
- Дереу маған Танковты, Рахимовты, Степановты шақырып кел, - дедім....Толстунов лейтенант Танковты жетік білмейтін еді. Бір сөзімде оны «астаналық лейтенант» деп атағаным бар-ды. Мен Толстуновка Танков туралы қысқа ғана айттым. Бүгін ұрыс шебінде онымен қалай танысқанымыз да баяндалды. Ұрыс шебіндегі Танковтың бұл күні көрсеткен қайратын айтпауға дәтім шыдамады. ...Рахимов, Танков, Степанов және Борисов келді. - Степанов! Дереу өзіңдегі және артиллеристердегі байланыс жабдығын тексер. Барлық бақылау пункттерімен байланыс жаса!
- Орындауға әзірмін, жолдас комбат!
- Барыңыз, іске кірісіңіз!
- Борисов, сізде көлік қанша?
- Жиырма, жолдас комбат.
- Он арбаға жақсы аттарды жек те, үстіне шөп, сабан сал. Жаралыларды алып кетуге дайын тұрсын.
- Құп болады, жолдас комбат, бәрі де орындалады.
-- Барыңыз, орындаңыз!
- Лейтенант Танков! Басқа офицерлер сияқты ол да қарсы алдымда тіп-тіке тұрып қалды.
- Сіздің ротаңыз Горюныдағы гарнизонның негізгі күші. Горюны үшін ең алдымен сіз жауап бересіз. Біз сізге бөгет жасамаймыз. Штаб темір жол будкасына қарай көшеді. Менің бақылау пунктім орнында қалады. Сіздің барлық бақылау пункттеріңізге артиллеристердің бақылаушылары келіп қосылады. Ақылдасып, қай жерге зеңбірек оғын ату керектігін подполковник Кургановқа меңзеп отырыңдар. Қараңғы түскенше снарядтар жеткілікті. Горюнының төңірегіндегі барлық күшті сіздің қарамағыңызға бағындырдым. Именбей, жалтақтамай мықты командирше басқарып, қимыл жасаңыз.
- Құп болады, жолдас комбат! деп жауап қатып, Танков бір күмілжіп тұрып: - Тек сізден кеңес сұрап отыруға рұқсат етіңіз, - деді.
- Ақылдан да, зекіруден де кенде болмассыз, жолдас лейтенант, - деп мен үшін Толстунов күле жауап берді. Танков кетті. Оған ілесе Бозжанов та шықты. Мұны көріп қалған Толстунов:
- Шыдай алмады білем, бірінші ақылшының өзі кетті ғой, - деді. Осы сәтте Курганов өзінің барлық зеңбіректерінен немісті атқылай бастаған еді, ал немістер Горюныны төмпештеп жатыр.
- Бұл ненің шарапаты болар екен?
- Артиллерияның әдеттегі әні ғой, - деп жауап берді сабырлы Рахимов. - Аттаныс алдында айылын тартып жатқан болар. Біз тұрған үйге тақау келіп бірнеше снарядтар жарылды. Жер сілкініп, үй төбесінен сылақтар түсіп жатыр.
- Оңай жау көрінбейді. Мынасы ойыншық емес қой, - деп Толстунов үйдің төбесіне қарады.
- Құдайдың салғанын көрерміз.
- Одан кейін үшеуміз картадан НЗО және ИЗО учаскелерін белгіледік. Рахимов біздің ойымызды айтуға Кургановқа кетті. Біз Толстунов екеуміз көшеге шықтық. Үйлер бірінен соң бірі жанып жатыр. Жанған үйдің бәріндегі өртті сөндіреміз деп Борисов және бірнеше жауынгерлер аласұрып жүгіріп жүр.
- Борисов! Кетіңдер, бұл арадан, - дегенімде, ол жанып жатқан үйлерді қолымен көрсетіп, «мыналарды қайтеміз» дегендей аңырайып тұрып қалды. - Жана берсін! Кетіңдер, дереу бұл арадан. Бәрің де орманға барыңдар. Олар орманға қарай жөнелді. Біз бақылау пунктіне бара жатырмыз.
- Тұрғын халықты алдын ала көшіріп жібергеніміз жақсы болды-ау, - деді Толстунов.
АРТИЛЛЕРИЯ ЛЕЙТЕЙНАНТЫ
Біз бақылау пунктінде, селоның ең шетіндегі төбешіктің үстінде тұрмыз. Зор денелі біреу қорбаңдап окоптың ішінде дүрбімен алдыңғы жақты дәміл-дәміл шолады. Малақайы желкесіне түсіп кетіпті. Үстіндегі шинелі қожалақ-қожалақ. Зор денесі осы бір апатты соғысқа ырық бере қоймайтын сияқты боп көрінеді. Оның қасында қысық көзді біреу жерге жабысып, телефонмен бірдеңені былдырлап айтып жатыр. Ия қырғыз, ия қазақ, екеуінің біреуі. Күңіренген соғыс дүбірінің үстінде даусы еміс-еміс құлағыңа келеді. Орыстың сөзін ортасынан опырып соғып жатыр.
- Огнебая!... Попраблай присел... уробен... нол, нол дбанасат... Што?.. огон... зашем болтаеш, тебя мой передает приказ, я команду даеш лейтенанта Андрееп... Ну, што выполнай пожалуста...
Лейтенант Андреевті мен бұрыннан, Волоколамскідегі ұрыстардан білуші едім. Онда Андреев Кургановтың артиллерия полкындағы 6-батареяны басқарды. Үш күн ұдайы біздің батальонды сүйемелеп тұрды. Өте адал, сауатты, батыл офицер. Подполковник Кургановтың оны мұнда бақылау пунктіне неге жібергені де түсінікті енді маған. Шын мәнінде Андреев қазір бүкіл бір дивизионға жөн сілтеп отыр. Дивизионный оғының қалай түскенін байқай қойып, дереу дәл нысананы түзетті. Оқушылардың есіне сала кететін бір нәрсе: артиллерияда «атушы» деп зеңбіректерді атып тұрғандарды айтпайды, оларға бақылау пунктінен есеппен жөн сілтеп, басқарып отырған офицерді «атушы» деп атайды.
- Андреев! Сіз осындамысыз, - дедім мен. Ол етереотрубаның окулярынан көзін ала беріп, бізге қарап, «бұлар қайдан кеп қалды» дегендей таңданып үнсіз жымиды.
-- Сәлеметсіз бе, жолдас аға лейтенант. Не айтасыз?
-- Орманды түгел, ондағы жау шоғырын тым-тырақай тарамдап таратыңыз.
-Құп болады, жолдас комбат! Андреев телефон трубкасын өзі алып команда бере бастады. Атыс ұялары! Бұрынғы белгілерді жазып алыңдар... Енді шрапнельмен прицел-Уровень... Трубка... Атыңдар! Орманныц үстінен найза бойы биікке бұрқ еткен бір шүйке шудадай бұлт көрінді, бұл жарылған шрапнельдің түтіні еді. Андреев прицельді кейін тартып, трубканы қосты. Шрапнель тура орман үстін құша жарылды.
- Тым төмендеу, - деп Толстунов күңк етті. Андреев трубканы кейін тартты, биік қарағайдың құс қанатын қағып ұшар басынан түтін бұрқ ете қалды.
- Тағы да төмендеу болды, - деді Андреев.
- Дұрыс! - дедім мен оған, - солай атыңыз. Орман жанын қара түтін қаптады. Жарылған шрапнельдер жау үстіне қорғасыннан еселеп-еселеп «бұршақ» бүріккендей нөсерлетті. Орман ішінде шабуылға дайындалып, топтанған фашистер бет-бетімен баспана іздеп ыдыраған болар... Кенет гүрс етіп жарылған қатты дауыс естілді де, орман шеті лап ете түсіп, жолдың орман жиегінен шыға берісін қап-қара түтін қаптады. -
- Бұл не? - деп сұрады менен Толстунов.
- Біздің фугас қой, - деді біреу. Мен жалт қарасам, артымда Степанов тұр. - Сен не ғып жүрсің мұнда?
- Байланысты байқап жүрмін, жолдас комбат, - деді ол баяғы ұялшақтығымен, - штабты будканың жанындағы үйге көшірдік. Подполковник пен Рахимов генералмен сөйлесті.
- Бұл арада не болып жатқанын көрдің бе?
- Неге көрмейін, менің мұнда тұрғаныма 15 минуттай болды. Кенет біздің жақ атысты қоя қойды.
- Андреев, не боп қалды?
- Подполковник ендігі оқты тек бұйрық болған кезде ғана жұмсаңдар, - деді.
- Біздің атымыздан подполковникке де және қаһарман артиллеристерге де алғыс айтыңыз, - деді оның сөзін бөліп Толстунов.
- Сүйемелдеу осындай-ақ болар, - деді ол маған қарап. Степановты жағдайдың бәрін подполковникке баянда деп кейін жібердім де, Рахимовқа алға барлаушылар жіберуге бұйрық бердім. Осы кезде Толстунов:
- Ал, комбат, мен жігіттерге кеттім, хал-жайлары қалай екен білейін, - деді де Танковтерге қарап бет алды. Орман үстіндегі түтін бірте-бірте ыдырай бастады. Орманның шет жағы алба-жұлба, сынып, қирап қапты. Синченко екі котелокты толтырып, ет қосып пісірген ботқа және жарты буханка нан алып келді. Траншеяның еденіне газет «дастарқан» төсеп, нанды турай бастады.
- Әлгі кісілер қайда? - деп сұрады ол.
- Әлгің кім?
- Аға политрук пен лейтенант Степановты айтам. Мен ол кісілердің де сыбағаларын әкеліп едім.
- Олар кетіп қалды, сол жақтан тамақтанар. Бір котелогің мен наныңның көбірегін байланысшыларға, қалғанын лейтенант Андреев екеумізге бергін. - О не дегеніңіз, жолдас аға лейтенант, тамақтана беріңіз өзіңіз, бізге қазір әкелер, - деді Андреев.
- Келіңіз, бұйырғаннан бас тартпаңыз.
- Болмас енді, - деді де Андреев «дастарқан» басына келді. Қазақша малдас құрмақ болып еді, зор денесі мен келідей аяқтары икемге келмеді. Оған қасық ұсынған Синченко (ол қазақ болып кеткен украинец еді) мырс етіп күліп жіберді. Андреев ашуланған жоқ, қайта күле сөйледі де:
- Жолдас аға лейтенант, мен тіпті малдас құрып отыра алатын емеспін, тізерлеп отыруға рұқсат етіңіз. Сөйтті де траншеяның бүкіл бір кенересін ысырып жіберетіндей жантая барып, өңкие тізерлеп отырды. Дәл осы кезде сақалын өсіріп, шашын өткен ғасырдағы шаруалардың шашындай етіп қойса, үстіне қызыл көйлек, аяғына жөкеден тоқыған шапата кигізсе, Тургеневтің атақты «Мумуындағы» тура Герасимдей болар еді-ау» деп ойладым.
- Біздің «ас үйіміз» тарлау болды, өзіңізге қалай отыру ыңғайлы болса, солай отыра беріңіз, дедім мен Андреевке. Кең жауырынды Андреевтің артында тұрған Синченко флягты нұсқап, «100 грамм» құйып жіберсем қайтеді деп ым қақты. Рұқсат алғаннан кейін Николай Митрофанович қырлы стаканын алып, үрлеп жіберді де, ішін бет орамалымен сүртті, флягадан стаканный, жартысына келтіре құйды да, «тағы құяйын ба» дегендей маған қарады. Мен оған Кирсановша «шүпілдете құй» дедім. Николай стаканды толтырып, енді «азған тай-ақ қалды» дегендей флягының түбін көрсетті. Мен Николайдың бұл ымын аңғармағандай отыра бердім. Арақты ешуақытта жұрттан бұрын көтермейтінімді білетін Николай стаканды алдымен Андреевке ұсынды. Андреев қипалақтап, стаканды ұстаған бойы маған ұсынды.
- Ең алдымен Сіз ішіңіз, Андреев, менің сыбағам онда бар көрінеді ғой.
- Өзіңіздің рұқсатыңызбен, сіздің денсаулығыңыз үшін, жолдас аға лейтенант! - деп Андреев стаканды бір-ақ төңкерді де, қайтадан Николайға берді. Ал, Николай болса тамақ үстінде өткен-кеткенді айтып отыр. Өзінің жаралыларға қалай көмектескені туралы әңгіме айтты. Әсіресе, қарт фельдшер Киреевтің еңбегіне, жаралыларға деген мейірбандылығына қатты сүйсініп отыр, медсанбаттан екі машина келіп, ауыр жаралыларды әкетпекші болады, ол машиналардың біреуі жүк машинасы, оған лейтенант Борисов қалың ғып шөп төсегенше ешкімді отырғызбағанын сөз етіп болып:
- Әлгі машинаның шофері бір есерсоқ жігіт екен, - деді.
- Дәл тойға келген адамша үсті бұрқырап иіссу сасиды, кигені жаңа комбинезон. Бөркін шекесіне қоқырайта киіп: «Мен асығыспын, жаралыларды тезірек тиеңдер» деп тақыраңдап болмайды. Лейтенант Борисов «тұра тұрыңыз, жаралылардың жарасын таңып, жинап кейбіреулерін көтеріп әкелу керек», - деп жай-жапсарды түсіндірсе, ол ендеше кетіп қалам дегенді шығарды. «Мен сізге бұйырып тұрмын» деді оның қылығына шыдамы таусылған лейтенант. Әлгі «менің өз командирім бар» деп дүрсе қоя берді. Жаралыларды әбден жинап болған соң, әлгі шофер «бұл отқа қауіпті» деп машинаға шөп салғызбай қойды. «Сен отын емес, адам алып бара жатырсың той» деп түсіндірсек: «Маған отын не, адам не, бәрібір» дегені. Осы кезде лейтенант шоферді жақтан салып кеп жіберді.
- Борисов шоферді ұрды ма? - дедім мен таңырқап.
- Ия, лейтенант Борисов әлгі қуды періп-періп жіберді. Кім болса да ол жерде сөйтер еді. Ондайға сол керек.
- Мен оны ол жерде атып тастар етім, - деді Андреев гүжілдеп.
- Шофер лейтенантқа тұра ұмтылғаны бар ма! Бетсізін көрдің бе оңбағанның. Курбатов деген сержант екеуміз әлгі қуды тырп еткізбей жұдырықтың астына алдық-ау. Курбатов бұрын жүк тасушы болып істеген денелі жігіт қой, таңқалдырмады. Дальмандардың он шақтысын бірдей илеуге оның шамасы келеді.
- Дальман дегенің кім?
- Әлгі шофердің фамилиясы Дальман екен, біз оның әскери кітапшасын тартып алдық.
- Өзі орыс па? - деп сұрады Андреев.
- Әрине орыс, жолдас лейтенант.
- Сонан соң?
- Курбатовтан гөрі мен оны аз ұрдым. Курбатов жерге салып қойып тұрып соқты, бірақ ол да «сау сиырдың боғы емес екен», сытылып бір жағымыздан шығып кетті де, мені жақтан салып қап еді, төрт аяғым көкке көтеріліп серең ете түстім.
- Байқаймын, өзің бір бар сыры сыртына шығып тұратын адал жігіт екенсің, - деп Андреев ішек-сілесі қатып күлді.
- Енді қайтейін, жолдас лейтенант, болған істің жайы солай өзі. Жасырып-жабатын...
- Сонан соң не болды, - дедім мен Николайдың сөзін бөліп.
- Сонан соң ол Курбатовқа шап берді. Курбатов ұйғырларша оны баспен иек астынан ұрып, тізесімен іштен тепті де құлатты. Дальман есінен танып сілейді де қалды. Фельдшер оған дәрі иіскетіп, есін жиғызды. Шофер есін жиғанша жаралылар төселген шөптің үстіне тиеліп те болды. Лейтенант Борисов Курбатовтың винтовкасын өзі алып, оған өзінің наганын берді де, оны шофердің қасына отырғызып:
- Мына машинамен барыңыз. Бұл оңбағанға сенуге болмайды. Егер бұл жолда қиқаңдайтын болса табанда атып таста! Медсанбатқа барғанда оны командиріне жетектеп барып, болған жағдайдың бәрін баяндадық. Қайтадан тез оралыңыздар, - деді. Содан кейін барып ол мені асханаға ертіп келіп, тамақ беруге сіздерге жіберді... деп Синченко өзінің әңгімесінің соңын аяқтады. Әншейінде жұп-жуас Борисов оңбаған шоферді ұрған. Курбатовқа егер қиқаңдайтын болса, Дальманды атып таста деп бұйрық берген. Шынын айтсам, Синченконың әңгімесіне сенерімді де, сенбесімді де білмей аң-таң болдым. «Шынында мына Дальманның қылығы біздің адамдарға ұқсамайды ғой» деген ойға қалдым. «Дастарқанды» жиып жатып, Синченко:
- Кешкі асты осында әкелейін бе, жоқ үйден ішесіз бе? (Синченконың үй деп отырғаны ұрыс сәл толастай қалған кезде бас қоса қоятын команда пункті).
- Үйде ішемін, бар, ендігәрі төбелесуші болмағын.
- Егер әлгіндей сұмпайы кездессе де ме?..
- Бар дедім ғой мен саған. Синченко қалбалақтап асыға жөнелді.
- Жолдас аға лейтенант, өзіміздің адамдардың төбелескені, әрине, жақсылық емес, - деді Андреев үнсіздікті бұзып. - Бірақ жаңағы сияқты қуларға басқа не амал бар. Андреев өзінің үлкен сұқ саусағын шошайтып, күрсінді. Мен де үндемедім.
- Біздің подполковниктің бүгін қолы ашықтау болды, - деді ол енді басқа әңгімеге ауысып. - Бұрынғы подполковникке ұқсамайды. Босқа атылған әрбір снаряд үшін біздің әкемізді танытушы еді. Ал, бүгін ағыл-тегіл болыпты да қалыпты өзі. Ой, қатал-ау өзі, қатал-ау! Бірақ ісіне мығым кісі. Оған титтей өтірік айта алмайсың, тапжылдырмайды сені, бәрі көкейінде сайрап тұрады.
- Подполковникті жұмсартып қайда жұмсамақ едіңіз, - деген қалжыңыма Андреев езу жимастан:
- Қатал болса да әділ қатал. Соғыс кезінде сондай командирлердің керек екеніне жаңадан түсініп келемін, жолдас аға лейтенант. - деп біраз тұнжырына отырып, - менің қысқа ойыма командирдің ой міндеті шиттей жанды асырап, тәрбиелеуші қолы қысқа кембағал әкенің жұмысынан қиын көрінеді. Құдай мені полк командирі етпей-ақ қойсын. Үлкеннің алдында безектеп жүгір; полк - жатқан «көже, өкпе» біріне берсең біріне жетпейді, басқа тартсаң аяғың ашық қалады. Барлығын ішінен тынып, үлестіретін де, күйетін де сол. Бірін аймалап, бірін зекіріп жұмсайтын да сол. Бәрімен бірдей ол қалай сырлассын... - деп Андреев өз философиясының даңғыл жолына түсе бергенде, көк қарс жарылып, әлем аза тұтқандай төңірек ұлып, аспаннан әзәзіл әні естілді. Жаудың артиллериясы еселеп, дүркіндете оқ төкті. Андреев екеуміз орнымыздан тұрып, айналаға қарап едік, ысқырып, ышқынып, күрілдеп, гүпілдеп, бомбалар жарылып, снарядтар түсіп жатыр екен. Олардың үнінен құлағың тұнады. Аспан шатынап жарылғандай. Бізге жақын жерге шиқылдап келіп үлкен снаряд түсті. Бір зенит зеңбірегі расчетінің тас-талқаны шығып, апатқа көз алдымызда ұшырады.
- Тура тиюін қарашы, - деп Андреев сұп-сұр боп кетті. Жау 15-20 минуттай бас көтертпей ұрды. Горюнының үсті қап-қара қою түтін. Ине сұғар ашық жер жоқ. Әлден уақытта көк шеңберінен самолеттер көрінді. Төңірегімізге ұсақ бомбалар түсе бастады. Траншеяда бұғып отырмыз. Алдынан жарқылдаған қызық ракеталар самолеттерге жөн сілтеп белгі беруде. Бомбалардың жарылу сарыны енді сыртымызға шығып, қашықтағандай болды.
- Жау ішке қарай сұғына түсті, сірә, артымыздан ұрыңқырап әлсіретейін деген ой бар ғой,-деп Андреев бұрынғыдан да бозара түсті.
- Зеңбіректерді көріп қоймаса жарар еді. Бомбалардың жарылуы артымыздан жиілеп жеткенде, Андреев сылқ отыра кетті де, «быт - шытымызды шығаратын болды енді», - деді. Осы сәтте Андреевтің бетіне тура қарау қиын еді. Мен кейін, Горюны жаққа қарадым. Кәдімгі нөсер алдындағы түнерген қою қара бұлт қаптағандай.
- Андреев, алдыңа қарашы! - дедім Горюны жақтан көз алмай.
- Түтіннің арасында әлдекімдер ербелеңдеп жүгіріп жүр. Тасадан-тасаға тығылады. Бұйрық жеткізіп жүрген байланысшылар болу керек; ал кейбіреулер зытып келе жатып мұрттай түседі. Қайта тұрып, тағы жүгіреді. Жер бауырлап жан таласып байланысты қалпына келтіріп жүр.
- Андап келе жатыр! - деді Андреев. Мен артыма жалт қарадым. Шынында қаптап келеді екен. Қардың үстімен қара қоңыздарша тоңқаңдап, немістің танкілері келеді. Оның артынан тізіліп жаяу әскерлер шықты. - Олар шабуылға шықты. - Огневая! Огневая! «Арыстан» мен «Жолбарысты» дереу... - Огневая! Огневая! Огневая! - деп Андреев телефонның құлағына жанын сала ойбай сап тұр. Бірақ жауап жоқ. Танктер тұра қалып атып, кідіре қалып атып баяу жылжып келеді. Сірә, жаяу әскерлерден аса ұзап кетпеу жөнінде қатаң нұсқау алған болуы керек. Біздің жақтап үн жоқ.
- Эх! - деп тістенді Андреев, - нағыз қажет кезінде қас қылғандай байланыстың да үзіліп қалғанын көрдің бе.
- Иә, нағыз қажет кезінде қас қылғандай... - деп алдағы немістерге қарап, мелшиіп мен де тұрып қаппын. «Бұл шұңқырда неғып отырмын» деген ой басыма сап ете түсті. (Шынымды айтайын, орнымнан атып тұрып, кейін қарай тұра жөнелгім келді). Неге екенін білмеймін артыма бұрылғым келді. Қарасам, Горюнының бір жақ шетінен бір салт атты шауып шыға келді де, шауып келе жатқан бойы ат-матымен жата қалды. Оның артынан шыға келген салт аттының оңқа-шоңқасы шықты. Өзі бір жаққа, аты бір жаққа құлады. Ұшып тұрды да, атының соңынан жүгіре жөнелді. Алғашқы салт атты да бой көтеріп үлгеріпті. Астындағы атын билетіп тұр. Біресе қарғиды, біресе билейді. Үстіндегі адам айналаға алақ-жұлақ қарады да, бұрылып алып кейін қарай шаба жөнелді. Бұл - подполковник Курганов. Азамат соғысының Кургановы. Өз батареясын жас кезінде жаудың көз алдында сан рет ашық алаңға бастап шыққан Курганов. Әлден уақытта біздің зеңбіректер де ата бастады. Бет алысы жаман емес, үш-төрт танктер қап-қара болып лаулап жанып жатыр. Біздің пулеметтер де ата бастады. Немістің жаяу әскерлері жер құшты. Кургановтың зеңбіректері жолдың екі жағынан қатар ұрып жатыр. Бірақ атысы әзір сиректеу. Немістер тырбанып ілгері жылжуда. Бір уақытта «арыстан» мен «жолбарыс» ашынды білем, үсті-үстіне еселей төкті. Жүздеген қара фонтандар көкке атылды. От құйындары үсті-үстіне көбейіп, аласапыран болды да кетті. Қайсар қарт - жердің де өкпесі солқылдап, қабырғасы қайысқандай.
- Міне, керемет! Атысты, сірә, подполковниктің өзі басқарып отырған болу керек, - деді қуанғаннан Андреев.
- Егер оның қармағына іліксе, көкесін көзіне көрсетіп шықпыртатын әдеті оның.
- Ал, сіз екеумізді ол кісі шейіт болды деп отырған шығар.
- Ол да мүмкін, - деп күрсіне жауап қатты Андреев, - байланыс үзіліп қалды ғой. Олай деуі әбден мүмкін.
- Екеуміз болсақ қой еңгезердей боп, бәрін көріп бір шұңқырда отырмыз, құр тамсанамыз да күрсінеміз.
- Енді қайтеміз, жолдас аға лейтенант, қиналмаңыз, сіз екеуміз байланыстың қалпына келуін күтіп қалдық қой, оның үстіне танкіні пистолетпен атпақпыз ба? Телефон шылдыр ете түсті. Мен тұра ұмтылдым. -Жолдас комбат, сіз аман - есенбісіз? - деп сұрады аптыққан Степанов.
- Лейтенант Танковке...
- Жолдас аға лейтенант, - деді гүжілдеп Андреев, - қараңыз, немістер кейін қарай қаймыға бұрылып барады. Мен трубканы телефониске бере салып орнымнан ұшып тұрдым. Шынында немістер шегіне бастаған екен. Бірнеше танктер мен самоходкалар орманды паналап, бізге қарай оқ атып тұр, онысы шегінушілерге көмектесіп тұрғандағысы.
- Жолдас комбат, қарсы шабуылға шығуға рұқсат етіңіз, - деп сұрады Танков.
- Болмайды, рұқсат жоқ.
- Опырмау, немістер қашып бара жатыр ғой, жолдас комбат.
- Болмайды, қашқан жоқ, тегі беті қайтты, тапжылмаңдар орындарыңнан. Тек оқпен, оқпен ұрыңдар желкесінен. ...Мен Танковтың бақылау пунктіне келгенде адамдар сасқалақтап жүр екен. Толстунов та осында, бірнеше артиллерия офицерлері, байланысшылар. Көрші траншеяда Бозжанов, Степанов аласұрып жүр. Байланысшы жауынгерлерде маза жоқ. Танковтың бақылау пункті батальонның бақылау пунктінен артта еді. Нағыз қиян-кескі басталған кезде байланыстың барлық торабы осы жерге шоғырланған болу керек. Бәрі де қысылғандай маған тура қарай алмады. Танков басын таңып алыпты. Траншеядан ырғып шығып, қолын шекесіне апарып:
- Жолдас комбат, біздің рота... дей беріп еді:
- Сіздің рота, лейтенант Танков, - деп оның сөзін бөліп жібердім, - артиллеристермен, пулеметчиктермен бірге немістің шабуылын тойтарды, ар жағын айтпасаңыз да болады.
- Құп, айтпауға болады, - деп жымиып күлді. Жас командирдің жүзіндегі қуаныш ізін аңғару қиын емес еді.
- Біз сізді ұрсатын шығар деп ойлап едік, - деп күлді Толстунов. Танков екеуміз траншеяға қарай жүре бергенде, бір топ оқ ұшқан шілдей жанымыздан зу ете қалды. Қарғып-қарғып окопқа түсті. Танков ыңырсып барып Толстуновтың алдына құлай кетті. Толстунов оны қос қолдап сүйей берді. Танков тұрғысы келіп ұмтылып еді, тұра алмады.
- Жолдас аға политрук, мені жатқызыңызшы, - деді әлсіреген үнмен лейтенант.
- Жарам ауыр болу керек. Лейтенантты санитарлар носилкаға салғанда, оның өңі шүберектей қуарып, иығынан дем алып жатты. Қасына келіп қолын ұстағанымда қолы сұп-суық екен.
- Сергей, Отан алдындағы еңбегің үшін рахмет, - дедім. Танков маған бір қарап күлімсірегісі келіп еді, шамасы келмеді.
- Лейтенант Сергей Танков соғысқа аз-ақ қатысты-ау, қандай өкінішті, - деп үзіп-үзіп айтып, ауыр күрсінді де маған бір, Толстуновқа бір қарап сылқ ете түсті... Танковтай жігіттен айрылғанымыз бәріміздің де қабырғамызға қатты батты. Толстунов басы төмен түсіп кеткен, Степанов жан-жағына алақ-жұлақ қарай береді. Бозжановтың қолындағы жаман бәкісін қалай алып алғанын білмеймін, өзі де білмейтін болса керек, соның ұшымен жерді шұқи берді. Қадірмен командирден жоқ жерде айрылғаным маған да оңай соғып отырған жоқ. Ол екеуміз бір-бірімізді жаңадан ғана танып келе жатыр едік. - Қой, бүйтіп қайғырып отыра бермейік, жолдас комбат, - деді Толстунов мені ауыр ойдан селт еткізіп, - соғыстың аты соғыс, барлық адамды да сақтағың келеді, бірақ, ойлағаныңдай бола бере ме. Танковқа тиген оқ өзіңді де жұлып әкетуі мүмкін де еді. Бұдан былай сағырақ болу керек. Сақтықта - қорлық жоқ деген емес пе. Енді не демексің? Соныңды айт.
ТӘУЕКЕЛГЕ БЕЛ БАЙЛАП
Матренино станциясы - жай қарапайым станциялардың бірі. Жанында Матренино деген қыстақ бар. Сондықтан да станция осылай аталған болу керек. Темір жол деревняның едәуір жерін шеңберлей орап өтеді. Немістер Матрениноға әлсін-әлсін дамылсыз миномет пен артиллериядан оқ жаудырғалы бес сағат болды. Станцияда не бар, не жоғын білуге барлаушылары әлденеше рет ұмтылды. Гүрсілдетіп атып-атып алады да тына қалады. Одан кейін мылтық, пулеметтер тырылдайды. Қайтадан артиллерия боздап қоя береді.
- Филимонов! Не боп жатыр сенде?
- Ұрып жатыр, жолдас комбат, - деген трубкадан Филимоповтың үні естіледі.
- Артиллериямен де, минометпен де өкіртіп төмпештеп жатыр. Бірнеше рет баса-көктеп кеткісі келді.
- Танкісі көп пе? Жаяу әскерлері қанша?
- Танкілері жоқ. Жаяу әскері екі взвод, ары кеткенде бір ротадай болу керек. Орманға кеп түйісіп жатыр, жолдас комбат.
- Ал, сен не істемексің?
- Лaп қойған кезде алдынан оқпен қарсы алмақпыз... Басқа не істей аламыз, жолдас комбат. Лейтенант Филимонов Ефим Ефимович менен бес-алты жас үлкен адам. Бұрын атты әскерде болған. Ертеден келе жатқан командирлердің бірі. Осы соғыстан екі-үш жыл бұрын армия қатарынан босатылған екен. Мамандығы жоқ адам қызметте болған жерлерінде аса сүйкімді болмай біраз қудаланыпты, «қолынан іс келмейді» атанып, біраз зәбір көргенге ұқсайды. Армия қатарына қайта оралғанда сол сәтсіздіктерден едәуір қажып, жасыған көрінеді. Біздің батальонға келгенде мүлде жүдеу болатын. Сондықтан ба әйтеуір өзінен жасы кіші, тәжірибесі аз адамдармен қатар кіші командир болып жүргеніне намыстанатын еді. «Талай жыл әскер қатарында болған бұрынғы эскадрон командирін неге көтермелейді» деп ойлайтын болса керек. «Егер әскер қатарынан ерте шығарып жібермегенде осы күні капитан, тіпті майор да болатын ба едім, қайтетін едім». Нағыз психолог болса, одан осындай кейіпті де аңғара алмадым. Мүмкін Филимонов кезінде жақсы кавалерист болған шығар. Оншама көзім жетпейді. Бірақ, менің аңғаруымша ол өкпешіл офицер еді. Ал, көкірегін көтергенде ешкімге дес бермейтін. Сырттай тәртіпті болғансып, бәрін тыңдағансып, орындағансып тұрғанымен осы бір адамның ішкі дүниесі ренішке толып тұратын. Кейбір шала сауатты тайыз ойлайтын, бірақ, өзін көп істедім, көп еңбек сіңірдім, мені ешкім елемей жүр, бекер ренжітеді дейтін адамдар болады ғой. Филимонов тура сондай адам еді. Өз кемшілігін көрмей, құр өрекпиді. Егер полкты басқарыңыз десе, оның басқара ала ма, жоқ па, онымен шаруа жоқ, бірақ оған барудан бас тартпайтынына кейін кәміл сендім. Адамның өз кемшілігін өзі мойындап, өзіне-өзі сол кемшілікті жоюға батылының баруы, өзінің дұрыс еместігіне көзінің жетуі қиын нәрсе. Ал, біреуді мойындату, өзінің дұрыс еместігіне көзін жеткізу одан да қиын. Сонымен Филимонов екеуміздің арамызда алғаш кездескен сағаттан бастап-ақ психологиялық күрес басталады. Ол мені өзінше мойындағысы келмейді, маған бағынуды қаламайды. Ал, мен болсам, онымен ресми сөйлесемін. Басқа командирлермен қалжыңдасып қоятын кездер де болды. Екінші ротаның командирі, бұрынғы бухгалтер Севрюковпен әңгіме ылғи солай болушы еді.
- Иә, Зеврюшка, баланс жасадың ба? Ол тікесінен тік тұрып, екі езуі екі құлағына кетіп жауап беретінді.
- Балансқа келмей жатыр, жолдас комбат, иә болмаса, «баланс жасалды», «дәлме-дәл шықты» - дейтін. Севрюков бухгалтерия терминдерін - «актив», «пассив», «дебет», «кредит», «очет береміз», «есептен шығарамыз» деген сөздерді жиі қолданушы еді. Ал, Ефим Филимонов өзіне де, өзгеге де риза емес. Менің оған жай тілмен айтып түсіндірмедім деген ойым айтарлықтай табысты болмады. Ол қарсы сөз қатып, орынсыз дауға далбай шығаруды өзінше намыс қорғау ретінде қолданғысы келді. Басқа командирлер мен саяси қызметкерлерді мұның бұл ауруы бұзбасын деп мен көпшілік арасында онымен «лейтенант Филимонов, көп сөзге үйір болмаңыз», «сізбен сөйлесіп тұрған начальник, орныңыздан тұрыңыз!» «лейтенант Филимонов, бұйрықты қайталаңыз!» деп сөйлесетін болдым. Ол ызадан булығып, қызарып кететін еді. Бірақ, әскери тәртіптің аты тәртіп, үндемей өкпелі кейіппен қолын шекесіне қойып, бұрылып жүре беретін. Бұйрықты көңілсіз қайталайтын. Неде болса оны біраз тәртіпке шақырғым келді. Оның ротасы жауынгерлік әзірлік жүргізіп жатқан маңға келіп, сағаттап жүретінмін. Оңаша шақырып алып бірнеше сұрақтар қоямын: «устав бойынша мынау қалай болуға тиіс?» Шатасқан жерінен ұстап алып: «сіз уставты оқымағансыз, сондықтан оны білмейсіз, сіз адамдарды арандатасыз!» дейтінмін. Марштар да оны саптың ең басына қолына топографиялық карта немесе схема беріп жіберемін. Белгілі бағыттан ауып барып жатса, (ол ұдайы шатасатын) шауып келіп тоқтатамын да қайтадан схемаға қараттырамын, картаны дұрыс ажырата білуге үйретемін... Тактикалық әзірліктер кезінде ең алдымен сөзді соған беремін. Қойылған міндетті, қандай шешім қабылдауды жағдайдың қандай екенін айту керек. Бірақ ол осы үш нәрсені айыра алмайтын еді. Салған жерден шатысқан шешім қабылдайды. «Мен былай еткім келеді» дей бергенде-ақ Краев, Севрюков, Попов, Бозжанов, тағы басқа командирлер Филимоновты мазақтап, сықылықтап күлетін-ді. Оқушыларға мұның бәрі «байғұс» Филимоновты қорлау, мазақтау сияқты болып көрінуі мүмкін. Олай емес, құрметті оқушым. Адамға солдат, я офицер болу - жалпы әскери қызмет ойыншық емес. Армия соғыс үшін, соғысу үшін жаралған. Соғыстан қатал ешнәрсе жоқ. Сондықтан бұл арадағы қаталдық - үйрету, кемшілігін мойындату, сөйтіп адамды түзету. Соғыста «ей, тоқтай тұрыңдар, атпаңдар» деуге болмайды. Онда адамды адам аңдиды. Адамды адам атады. Армия үшін «кеңпейілді қамқорлар» емес, қатал командир керек. Қадірмен ата-ана баласын «оқыт, үйрет» деп тапсырғанда содан азамат тәрбиелеп шығара алатын ұстаз қандай болса, командир де сондай болу керек. Командир қан төгіс үстіндегі ұстаз. Қаталдық сондықтан да ол үшін айуандық емес, ұстаздық. Адамның бәрі бірдей болмайды. Біріне сөз айтудың өзі де жеткілікті болса, екіншісіне түсіндіру керек, үшіншісінде желкелеп істеудің өзі сабақ. Бозжанов, Краев, Рахимов, Севрюков, Степанов, Борисов, Танков сияқты жауынгер достарға «Мынау неге орындалмаған» деген сөздің өзі қатаң сөгістен арман батушы еді. Ал, Ефим Филимонов «неге» деп сұрақ қойсаң, «олай болған себебі» деп ақтала бастайды. Сондықтан да мен оған ешуақытта «неге» сұрамайтын болдым. «Мен не айтсам, солай етіп орындаңыз. Орындалғандығы жөнінде келіп айтыңыз» деп бұйырамын. Бір күні түсте полк бойынша жазылған бұйрықты әкеп тапсырды. Сол түні батальонның ат қорасындағы күзетшінің ұйықтап қалғаны үшін сөгіс жариялапты, маған. Таң-тамаша болдым. Батальон бойынша кезекші үшінші ротаның политругі ұзыншұбар татар жігіті Еникеев еді. Бүкіл наряд осы ротадан болатын. Еникеев ертеңмен келіп бүгінгі кезекте оқыс ешнәрсе бола қойған жоқ деп кеткен. Ал, мына бұйрықта айтылып отырғаны не? Аң- таңмын. Батальон бойынша кезекші Еникеев. Қарауылдағылар соның қоластында. Бірнәрсе болса, ең алдымен маған айтуы керек қой. Батальон командирі емеспін бе. Ұйықтап қалған жауынгерді жазаға тарту қажет. Отделение командирі, помкомвзвод, взвод командирі, рота старшинасы, рота командирі, рота политругі, штаб және батальон бойынша кезекші бар. Міне, маған дейінгінің өзінде қаншама әкім. Мен болсам солардың бәрінің командирі, жаза беру менің міндетім. Ай жоқ, шай жоқ, көктен түскендей бірден батальон командирінің өзіне сөгісті сарт дегізген. Түк түсінсем бұйырмасын... Сөйтсек Еникеев таңертең маған ештеңе деместен болған жайды барып айтыпты. Бұл әрекетінің астары кейін белгілі болды. Осылар политрукті неге кезекшілікке жібереді деп намыстанып, мені - партия қатарында жоқ командирді өзінше ығытып алғысы келген екен. Мен полк командирі майор Елинге барып, жіберген бұйрықтарына таң-тамаша екенімді айттым.
- Маған алып келді, қолымды қоя салдым әйтеуір, бұйрықты комиссардың өзі жазды ғой онда, - деді саусақтарымен столды тықылдатып.
- Олай болса, жолдас майор, уставта көрсетілген правомды маған да пайдалануға рұқсат етіңіз, батальон командирімін, қарамағымдағы адамдарды мен де жөнге салып көрейін.
- Сіздің правоңызға ешкім қол сұқпайды, еркіңіз білсін. Мен штабқа қайтып келдім. Рахимов сағат 5-ке мәжіліске шақырып жатқанын айтты. Мен үшінші ротаның командирі Василий Попов пен политрук Еникеевті шақырып алдым. Еникеевті кезекшіліктен босатып, оның орнына Поповты қойдым. Взвод командиріне жаза қолдануға, ал ұйықтап қалған командирге сол отделениенің командирінің жаза қолдануына бұйрық бердім. Отделение командирі өз жауынгеріне қандай жаза қолдануды өзі таңдасын, онда ешкімнің шаруасы болмасын. Попов сасып қалды, «жарайды, жолдас комбат...» деп бұйрықты қайталады. Ал, Еникеев құп-қу болып кетті. Оның бетінің шұбары бұрынғыдан да тереңдей түскендей. Мен Рахимовқа кезекшінің және батальон командирінің праволары жөніндегі уставтың тармақтарын әлгілердің көзінше дауыстап оқуға бұйырдым.
- Міне, жолдас политрук Еникеев, - мен сізді Қызыл Армия уставына сүйеніп кезекшілікке жібердім және босатып отырмын. Өз міндетіңізге жауапсыз қарағандығыңыз үшін кезектен тыс екі наряд беремін.
- Жолдас комбат, сұрақ қоюға рұқсат етіңізші.
- Сұрамай-ақ қойыңыз. Қайталаңыз бұйрықты!
- Кезектен тыс екі наряд алуға әзірмін.
- Барыңыз, полк комиссарына осындай жаза берді деп айтыңыз. Сағат 14.30. Полк штабынан байланысшы жауынгер жүгіртіп келеді. «Сағат 17-ге шақырылған кеңес болмайтын болды. Әлгі жауынгер кеткеннен кейін Рахимов ішек-сілесі қатып күлді.
- Не болды саған.
- Түк те болған жоқ, жолдас комбат, - деді күлкісін баса алмай. Мәжілісті болдырмаған олар емес, сіз ғой.
- Мен болдырмағаны қалай?
- Түсінбейтін түгі де жоқ. Бүгінгі «төтенше жағдайды» бетке ұстап біздің батальонды - Сізді біраз умаждап алғысы келген адамдар болғанға ұқсайды. - Оны сен қайдан естідің?
- Толстунов келіп, мені, Бозжановты шақырып алды.
- Е...е. Полкте бізге қыдиғысы келетіндер бар десеңші. Қай бір жақсылық дейсің.
- Солай болуы керек...Келесі күннен бастан Толстунов біздің батальонға жиі келетін болды. Штабта, асханада, қызыл әскерлердің жиналысында, офицерлердің жиналысында ұдайы болып жүрді. Кетерінде маған келеді де жайлап қана:
- Меніңше әзірге жаман емеспіз, - дейді де ар жағын күлімсірей күмілжіп қана, - мына бір арасы ғана (ол көбінесе мына бір «мәселе» дейтін) сәл болыңқырамай тұр, сіз қалай қарайсыз, - дейтін. Толстунов полктың бізге арнайы жіберген бақылаушысы екенін бәріміз де білдік. Мұны жасап отырған полк комиссары. Комиссардың төтенше қадалуы шынымды айтайын маған аса ұнаған жоқ. Мен де бәрін тура устав бойынша жүргіздім. «Адал» командир Филимоновты «қорлап» жүр деген хабар генералға жетіпті. Бір күні Талғар станциясының бір шетінде батальон жауынгерлік әзірлікте жүр еді. Ойда жоқта бір жеңіл машина зу етіп жетіп келді. Машинадан генерал түсті, қасында полк комиссары. Генерал әскери әзірліктің жоспарын сұрады. Бір абыройы Рахимов екеуміз түні бойы ұйықтамастан оны жасап қойған едік. Хабибулланың әдемі жазуымен өрнектелген картаны жайып салдық. Генерал біздің жоспарды мұқият қарап шықты да, бірнеше сұрақтар қойды. - Кім жасады жоспарды?
- Лейтенант Рахимов екеуміз, - дедім мен.
- Жоспарды полк командирі мен комиссар бекітті ме? - деп генерал түсін суыққа салды.
- Полк командирі аптасына бір рет келеді. Осы жолы мына біз әзірлеген тақырыпта сабақ өткізбек. Батальонды оған дейін өзіміз жаттықтырып қояйық деген едік.
-Полк командирі алдында ұялып қалмауыңызды ойлағаныңыз дұрыс. Бізге де ұнайды ол, - деп қулана сөйледі. Полк комиссарына қарады да, - сіздердің барлық батальондарыңыз осылай әзірлене ме.
- Ол жағына мен аса жетік емеспін, жолдас генерал!
- Осылай дерін десе де Логвиненко өз сөзінен өзі қатты қосылып, қызарып кетті. Генерал мырс етіп күлді, бірақ ешнәрсе деген жоқ . Батальонды әзірлік жүргізетін жерге апарыңыз, - деп бұйырды маған. Даярлықтарыңыз қандай екен, көрейік.
- Сіздердің жоспарларыңызға аса түсіне қоймадым-ау деймін. Кәне, бірінші рота мен екінші ротаның орнын ауыстырып көріңдерші. Роталар орнын ауыстырып жатқанда генерал қарандашпен біздің схеманы сызғылап, бағытты және роталар алдындағы міндетті өзгертті.
- Жігіттер шылым тарта тұрсын, - деді ол маған қып-қызыл шимай болған схеманы ұсынып. Мына мен сызған жобамен үйретіңіз жұртты. Логвиненко екеуміз батальонды аралап келейік... Генерал біраздан кейін кайтып оралды. Рота командирлері мен политруктерін шақырып алды да олардың көзінше полк командирінің орнына өзі батальон алдындағы «жауынгерлік» міндетті түсіндіре бастады. Алға қойған міндетті айтып, жағдайды көрсет, шешім қабылда деп бұйрық берді маған. Мен сасқалақтап қалдым, аузымнан сөзім түсіп, ешнәрсе айта алмадым білем. «Дұрыстап адам сияқты түсіндір, тіпті өлі жанның миына қонатын болсын». Мен онан сайын састым. Бір уақытта өзімді өзім қолға алып, бой жидым да, сөйлей бастадым. Жас баланы тәйтейлеген анадай менің әрбір сөзімді «так,так..» деп құптап тұрды. Бұл мені жігерлендірді. Дұрыс сөйлей бастадым. «Адамша, командирше» сөйледім... Генерал менің шешімімді құп көрді. Одан әрі рота командирлерін тыңдады. Филимонов шу дегеннен-ақ шатасты. Ал, Севрюков пен Краев тақылдатып бәрін айтып шықты, өздерінің кім екенін танытты. Жасалған жоспар бойынша жауынгерлер «соғысқа» шықты. Генерал жоспар бойынша команда берді. «Соғыс» аяқталды. Жұртқа демалыс берілді. Батальон жиналды. Ең алдымен генерал жауынгерлер алдында жалпы әңгіме айтып, кейбір жекелеген кемшіліктерді көрсетті де, өзінің сөзін «бүгін өздеріңді жақсы көрсетіңдер, ал ертең бұдан да жақсы, бүрсігүні тіптен жақсы боласыңдар деген сенімдемін. Жақсы үйренсеңдер, жақсы білесіңдер соғыста қиналмайсыңдар». Мен ол кісілерді машинаға дейін шығарып салдым. Генерал Логвиненкоға ажырая қарады да:
- Бірінші ротаның командиріне айта барыңыз. Беталды арызданғанша батальон командирінен үйренсін. Арызданбасын, - деді. Логвиненко көзін жыпылықтатып, не істерін білмей қалды. Сыр білдірмеуге тырысты. Талай шытырманға себепкер болған Филимонов соғысқа кіргенде барлық өкпесін ұмытты, кеуде көтеруі де басылып, майдан үстінде, қатал сын кезеңінде шыңдала бастады. Филимоновқа телефон соққаннан кейін біз біраз басқа әңгімеге кеттік. Мұны оқушылар да ескерсін деп әдейі айтып отырмын. Телефонда оның «жолдас комбат, егер олар лап қойса... отпен қарсы аламыз... одан басқа не істеуге болады» деген сөзін ұмыта қойған жоқ шығарсыздар.
- Сонымен Ефим Ефимович! Жаудың не ойы бар? - деп сұрадым мен одан. - Орманның ішіне бекер жиналып жатпаған болу керек. Кешікпей шабуылға шығатын шығар.
- Жау шабуылын бір сағатқа кешіктірсек қайтеді?
- Бір сағатқа кешіктіргені қалай, жолдас комбат?
- Олармен алдымен Кургановты сөйлестіріп алсақ.
- Түсіндім, жолдас комбат, түсіндім... Филимоновпен сөйлесіп болғаннан кейін Рахимовты подполковник Кургановқа, Бозжанов пен Андреевті Матрениноға, Филимоновқа жібердім. Матрениноның қарсы алдындағы тоғайдың шетінде шоғырланған жау әскерлері екі дүркін атыс астына алынды. Атыс екі сағаттан кейін толастай қалды. Бірақ бұл өте мазасыз толас еді. Күн мүлгіген орман үстінен сәл-ақ көтеріңкі. Жаңа ғана болған қым-қиғаш атыстың артынан қардың беті шешек шыққан адамның бетіндей шұп-шұбар боп қалған. Соғыста уақыттың қалай өткенін білмей қаласың дейді. Бұл пікірмен өз басым келісе алмаймын. Шыдамыңды құртып, қас қылғандай уақыттың қамырдай созылатыны соғыс кезі. Әсіресе, қорғанып жатқан кезде өте қиын болады. Күші басым жау қай жағыңнан соғарын білмей тыпыршып тұрған кездегі мазасызданудан жаман не бар дейсіз. Көп күтсең күн батпайды дегендейін, күн ұясына кіргісі келмей қасақана тұрып алғандай болады. 1941 жылы немістер де, біз де түнде оңдырып соғыса қоймайтынбыз. «Түнгі қимылдар», «түнгі айқас» дегендердің жоспары штабта ғана жасалып, басшыларға айтылып жатады, ал шын мәнінде дәл сол жоспарда көрсетілгендей жарытымды қимыл бола қоймайтын. Түнде ұрысқа шығыңдар деген бұйрық алса да, немістер аттап баспайтын. Бізге де қарсы шабуылға шығуға бұйрық болатын... Түн негізінен күшті жинақтауға, орын ауыстыруға пайдаланылатын. Екі жаққа да түн сәл де болса ес жинап, тыныс алу мерзімі. Қараңғылықтың түсуін асыға күтуіміз де сондықтан еді. Я жау шабуылға шықпайды, я күн батпай қойды. Міне, біздің мазамызды кетірген осы жай. Бір сәтте аспан жарылып кеткендей күңіренген гүрсіл басталды. Сағатыма қарап тұрмын. 5 минут өтті... 10 минут...
- Филимоновпен жалғастырыңдар... Ефимушка, тірімісің, не боп жатыр?
- Әзір тірімін, жолдас комбат. Естіп тұрған боларсыз, иттің балалары тағы да жынын құсты ғой.
- Матрениноға келіп, түнейін деген ғой.
- Біз, жолдас комбат, онысына көне қоймаспыз,
- Көп сөзді қой! Тыңдап ал, алдымен.
- Тыңдап тұрмын.
-Жау атысты тоқтатысымен ұрыссыз-талассыз Матрениноны тастап шық. - Немене, немене дейсіз? Филимонов аяқ астынан қате естігендей абыржып қалды. Ұрыссыз тастап шығыңдар дейсіз бе, о не дегеніңіз, жолдас комбат? - Құлағым қағыс естіді деп тұрсың ба? Жау атысты саябырлатысымен жаралыларды алыңдар да бытырап көпірге қарай қашыңдар? Көпір жанында тоқтаңдар. Бүткіл рота болып қашыңдар. Матрениноны жауға беріңдер.
- Тоқта, комбат, деп Толстунов менің иығымнан бар күшімен тартып қалды. - Сен ақылыңнан адасқаннан саусың ба? Не істеп тұрсың, не дедің?
- Жұлқыламаңыз, Федор Дмитриевич. Менің де қолым бар.
- Кешір, Бауыржан, байқамай қалыппын. Бірақ түсіндіріп айтшы өзің, Матрениноны ұрыссыз жау қолына таста дегенің не? Генералдың бұйрығы бар емес пе?
- Сіз, Федор Дмитриевич, түсініңіз мені. Әйтеуір соңғы оқ қалғанша атыса беру әмсе абырой бермейді. Құр өлу оның аты. Онсыз да бүгін қанша адамнан айрылдық. Генерал бұйырды дейсіз, генерал адамдарды сақтай да біліңдер деген жоқ па еді.
- Бірақ қашып сақтаңдар деген жоқ қой.
-Мен қашуды жөн көріп тұрмын. Немістер Матрениноны құр қол алмақ. Солардың ойынша-ақ болсын, біз деревняны ұрыссыз береміз де, орман ішінен атқылап сазайын тартқызамыз. - Ал, қашқан адамдар көпір түбіне сен бұйырғандай тоқтай алмаса, немістер өкшелеп қуа берсе қайтесің.
- Осы сөзді айтқанда Толстуновтың өңі қашып кетті.
- Мұның да дұрыс екен. Ол жаққа өзім барайын. Сіз осында менің орнымда, Танковтың орнында қалыңыз. «Күл болмаса бүл болсын», бұйрықты қайта өзгертпеймін. Рахимов, Синченко үшеуміз Матрениноға шаптық. Орманнан шыға келгенімде бүткіл ротаның тым-тырақай болып деревнядан қашып келе жатқанын көрдік. Қашып бара жатқандармен шаруасы жоқ, Андреев ештеңе білмейтін адамдарша алшаң-алшаң басып асықпай келе жатыр. Менің зәрем ұшып кетті. Адамдар шынында да үрейлене қашып келеді. Ең соңында Филимонов пен Бозжанов. Үріккен бұзаудай Бозжанов айналасына жалтақ-жалтақ қарайды да, аттаған сайын сүрінеді. Біз көпір жанында аттан түстік. Спортшы-альпинист Рахимов қашып келе жатқан адамдарға «тоқтаңдар» деп айқай салып алдынан жүгіріп шықты. Мен әдейі көпір үстінде ары-бері жүрдім де қойдым. Алғашында алды-артына қарамайтындай болып көрінген, зәресі ұшқан бұл топ 100 қадамдай асып барып тоқтады.
- Ақсақал, сіз осындасыз ба? - деді Бозжанов ентігіп. Бар ашуы бетіне шыққан.
- Бүйтіп қашқаннан да өлген артық, - деді ол.
- Мүмкін батальонды басқаруды қолыңа аларсың?
- Жоқ, олай дегенім емес, жолдас аға лейтенант, құдай сақтасын, - деді ол сасқалақтап.
- Бар ендеше, ана жұрттың есін жиюға Филимоновқа көмектес. Бозжанов көпірдің астына зып берді. Андреев келді.
- Жолдас аға лейтенант, - өкпелі кейіппен гүжілдеп, - бұ қалай болды өзі? Неміс қуған жоқ, ал біз қашамыз. А?
- Сіздің міндетіңіз сөз таластыру емес, айтқан бұйрықты орында, жолдас Андреев.
- Бұйрықты орындауға әзірмін, мол денесін лықсыта қарсы алдыма сылқиып тұра қалды.
- Кетуге рұқсат етіңіз.
- Осында қалыңыз!
- Қалуға әзірмін. Қасыңыздамын. ...Немістер атуды тоқтатты. Сапқа рота-рота болып тұрды да, үш танкты алға салып Матрениноға қарай бет түзеді. Еңселері жоғары, кәдімгідей масаттанып келеді. «Орыстар бір қашса артына қарамайды» деп ойлаған болу керек.
- Андреев, немістер қанша адам көрінеді? Бинокльмен Андреев ұзақ қарады. Немістер саппен деревняға жақындап қалды.
- 60-70 адамнан торт колонна, барлығы 240-280 шамасы. Егер танкішілерді және олардың машинадағыларын қосса 300-400 болып қалар.
- Соғыста саны кеміген батальон десеңші.
- Солай болу керек. Бұларды деревняға жібермесе де болатын еді, жолдас ата лейтенант, - деп Андреев күрсінді. «Иә, жібермесе де болатын еді» деп келістім мен ішімнен. Немістер деревняға кірді. Үйді-үйге тарап жатыр. Экипаждар танктен шығып, люктерін ашық тастап, үйге кірді. Тауықтарды, шошқалардың торайларын қуып жүрген жалғыз-жалғыз солдаттар көрінеді. - Немістердің беймаралдығы сонша, тіпті күзетші де қоймады, - деп гүрілдеді Андреев.
- Кәдімгі қайнына қонаққа келгендей-ақ. Мен командирлерді шақырып алдым. Темір жолдың бойында жатырмыз.
- Немістер дұрыстап бір демалайын деген болу керек,-деді Рахимов.
- Олар дем алмай кім дем алады енді.
- Бұл сөзді Филимонов кекете айтты. Бозжановтың, Андреевтің, Рахимовтың, Филимоновтың сөздері менің жанымды жеп барады. Олар, сірә, маған іштей риза болмауы керек. Матрениноны тастап шығыңдар дегенім жақпағаны-ау деймін. Жағдайды қалай оңдауға болады. Осы мәселелерді ойлап отырмын. Орман ішіне барып, орнығып демалып жатқан немістерге тамсанып қарап тұра беру керек пе, жоқ, олай етуге болмайды.
- Филимонов, қанша адам бар сізде?
- 120, жолдас комбат.
- Адамдарды қырықтан үш топқа бөліңіз. Матрениноны бір мезгілде үш жақтан шабуылдаймыз. Немістерді қуып шығу қажет. Кешкі тамақты Матренинода ішіп, сонда түнейміз. Ол топтардың командирі етіп сізді, Бозжановты, Рахимовты тағайындаймын. Шабуылды өзім басқарамын... Деревняны үш жақтан қоршауға алып біздің жауынгерлер мылтықтарын кезеніп, ентелеп бара жатты. Үнсіз, аяғымызды нық басып келеміз. Бір уақытта темір жол бойындағы төмпешіктің үстінен қалқанды пулемет тырылдап қоя берді. Жауынгерлер уралап жүгіре атып, тұра ұмтылды. Немістер үйді-үйден атып-атып шықты. Не істерін білмей сасқалақтап, бет-бетімен қаша жөнелді. Тым жайланып, бейғамдықтың сазайын тартты. Офицерлерінің айқайын да тыңдамай, тоз-тоз болып барады. Біздің жауынгерлер деревнияға кірісімен күрт жігерленіп кетті. Немістің тым-тырақай болып қашуы оларға рух берді. Кейбір жауынгерлердің жауды қууға қызыққаны соншама, тіпті деревнядан өтіп, қыр соңынан қалмай, өкшелеп темір жолға дейін барды. Мынау бір ғажап іс болды, жолдас аға лейтенант, - деді қуанған Андреев. - Осы кетіп бара жатқанында артынан 50 шақты снарядты зулатар ма еді, шіркін. Подполковник Курганов біздің қолқамызды орындады. Андреев немістер тығылған орманды мықтап снарядтармен бұрқылдата төмпештеп алды. Филимоновқа осы арада бекінуге бұйрық беріп, біз Горюныға қайттық. Толстунов екі езуі екі құлағына жеткен, біздің алдымыздан жайраң қағып шықты. «Жарайсыңдар, қырандарым», - деп бәріміздің қолымызды қысты. Содан кейін ол генералдың маған қатты ашуланғанын айтты. Матрениноны ұрыссыз тастағаныма ашуланыпты. Толстуновтың қайтадан қарсы шабуылға шығады деген сөзіне «тым білімпаз болып кеткен екенсіңдер, қашқан әскер қайтып шұғыл қарсы шабуылға шыға алушы ма еді» депті. Сәтті шабуыл жөнінде Толстунов телефон соққаннан кейін генерал: «Ол әншейін болған сәттілік, авантюра! Батальон командиріне айтыңыз, әмсе көз жұмбайға салына беруге болмайды. Мен оның бұл қылығын әлі жақсы дей алмаймын» депті. Генералдың реніші бәріміздің де қабырғамызға батты. Күрт көңілсіздік басты.
- Апыр-ай, сендерге бекер айтқан екенмін, - деп қынжылды Толстунов.
- Генералдыкі дұрыс. Жағдай қиын да болуы мүмкін еді, - дедім мен. Толстунов күлді де, менің иығымнан қақты.
- Өтер іс өтті, енді алдағыны ойлайық. Не істейміз, кәне, айтшы өзің. Егер өз басыңды азсынсаң, менің басымды қоса тіккін құрбандыққа.
- Қайсысын, алдымен алғашқысын ба, соңғысын ба? - деп сұрады Бозжанов. Толстунов сасып қалғансып:
- Алғашқысы, әрине, - деді. Бәріміз ду күлдік. Бозжановқа лейтенант Танковтың ротасын басқаруды тапсырдым. Рахимов 151,0 биіктікке Краевқа кетті. Ал, Борисовты көлік алып Матренинодан документтерді, олжаларды алып келуге Филимоновқа жібердім. Подполковник Георгий Федорович Курганов келді. Барлығымыз орнымыздан тұрдық.
-Иә, жігіттер, халдерің қалай? деді орындыққа отыра беріп.
- Менің жұмыс күнім аяқталуға жақын. Ымырт жабылғанша ғана аялдармын.
- Сен өзің тым тәуекелшіл адам екенсің. Байқа қызбалыққа ырық бере берме. Сен үшін генерал мені де келістірді... Біздің әңгімемізді телефонның сылдыры бөліп кетті.
- Жолдас комбат, мен мұнда әзір асқа мәзір болдым, - деді Рахимов.
- Дұрыстап айтшы, немене дейсің?
- Мен келгенше өздері де бәрін әзірлеп қойыпты.
- Ей, ол не дегенің?
- Краевтың жауынгерлері барлық документтерді алыпты, екі танк, үш машина - біреуі жеңіл, біреуі штаб машинасын қолға түсіріпті.
- Жау қайда?
- Адасып келген бір батальонның штабы болуы керек.
- Батальонның өзі қайда?
- Осы маңда, орман ішінде қаңғырып жүр-ау деймін.
- Барлық документтерді алыңдар, танктер мен машиналарды гранатамен бүлдіріңдер. Қараңғы түсісімен Краевтың барлық шаруасымен осында келіңдер.
- Жарайды, жолдас комбат. Мен трубканы қойысымен Толстунов тағы да: - Сен немене, төбені де ұрыссыз тастап кетейін деп тұрсың ба? - деді.
-Ұрыссыз емес, ұрыспен. Естімедің ғой. Рахимов екеуміздің не сөйлескеніміздің қысқаша мазмұнын подполковникке дивизия штабына бара салысымен генералға жеткізіңіз деп айтып бердім.
- Горюныдағы гарнизон күні бойғы арпалыс ұрыста төрттен бір бөлігі шығындалды. Гарнизонды күшейту үшін 151,0 биіктіктен Краевтың ротасын шақырып алып отырмын, - дедім.
-Бар күшті енді жинақтап ұстаймын дегеніңіз, мына жағдайда дұрыс шешім, - деп подполковник бізбен қош айтысып, жүріп кетті.
Роман Әдеби KZ порталынан түсірілді.
Жалғасы бар