Ислам әлемі үшін қасиетті, берекеге толы, он екі айдың сұлтаны саналатын осынау ай игі мұсылман қауымының бас ұратын бес парызының бірі. Жалпы «ораза» сөзінің мағынасы - бір нәрседен алыстау, белгілі бір уақыт аралығында ішіп-жеуден, нәпсі қалауларынан тыйылу дегенді білдіреді. Ал оразаның парызы - ішіп-жеу мен құмарлық сезімдерден сақтану.
«Денсаулығың жетіп ораза тұтсаң, ең қайырлысы сол. Өйткені бұл ұлық айды басқа ешбір ай алмастыра алмайды. Себебі, бұл айды Алла Тағаланың өзі айрықша еткен. Бұл ай адамдарды тура жолға бастайтын Қасиетті Құран аяттары түсіріле бастаған ай. Одан бұрынғы басқа да иләһи кітаптар нақ осы айда түсірілген. Сонымен қатар әр жылы келетін Рамазан айының өзіндік орны, уақыты бар. Жыл мезгілдерінің әрбіріне ауысып отырады. Мысалы, шілденің тоғызына келген Рамазан мүміннің өмірінде екінші рет осы уақытқа дөп келмеуі кәдік. Әрбір Рамазан айы сондай қайталанбас уақытымен де ерекше», - дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.
Құранда Аллаһ Тағала былай дейді: «Ей, иман еткендер! Сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді» (Бақара, 2/185). Сонымен қатар Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Ислам бес нәрседен тұрады: Аллаһтан басқа құдай жоқ екеніне, Мұхаммедтің Аллаһтың құлы және Елшісі екеніне куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, Рамазан оразасын ұстау, шамасы келгендерге қажылыққа бару» (Бухари, Иман, 34).
Ал құдси хадисте Аллаһ Тағала: «Аузы берік адам ішіп-жеуін тек менің ризалығым үшін доғарды. Ораза - Мені мен құлымның арасындағы риясыз ғибадат. Оған берілетін сый-сауапты Мен ғана өлшеп, Мен беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөлдеуден шыққан ауыз иісі Мен үшін миск әтірінен де тамаша» деп, оразаның зор сауабынан хабар беріп сүйіншілеген», - дейді. Осы айтылғандардың өзінен-ақ Рамазан айы мұсылман баласының рухани дүниесін байытатынын, оразасын ұстау арқылы өзінің адамгершілік қасиеттерін сезініп, абыройын арттыратынын білдіреді. Ал ораза кімдерге парыз? Осы сұраққа келсек, дін мамандары ең алдымен ораза ұстаушы кісінің мұсылман болуы, яғни ораза мұсылмандарға парыз екенін алға тартады. Екіншіден, ораза ұстауды ниет еткен жан балиғат жасында болуы және ақыл-есі түзу болуы қажет. Сондықтан жас балаға және ақыл-есі ауысқан, талған адамға немесе мас адамға ораза ұстау парыз емес. Үшіншіден, ораза ұстауға күші жетуі және тұрғын болуы тиіс. Яғни, науқас немесе ұзақ сапар шегетін жолаушыларға ораза парыз емес. Бірақ бұл адамдар да ораза ұстаса, олардың оразасы дұрыс делінеді. Сонымен қатар хайыз, нифас кезіндегі әйелдер және өзі немесе баласына зиян тиюі ықтимал жүкті әйелдер мен бала емізген аналарға да ораза парыз емес. Бірақ мұсылман болғандықтан олар ораза қазасын басқа күндері өтейді. Ораза ұстауға шамасы келмеген жандарға фидия беру - уәжіп. Бұлар - ауруларынан айығуы үміт етілмеген жандар мен ораза ұстауға шамасы жетпеген қарт кісілер. Олар оразаның орнына әрбір күні үшін бір кедейді тамақтандырады. Фидияны ақшалай беруге де болады. Бір кедейді отыз күн таңда және кешке тамақтандыру немесе алпыс кедейді бір күн таңертең яки кешке тамақтандыру жеткілікті. Құранда Аллаһ Тағала «Ораза ұстауға шамасы келмейтіндер бір жарлының тамағын төлесін», - дейді. Ибн Аббас бұл аят жайлы былай дейді: «Аят кәрі адамдар үшін түскен. Оразаны өтеу - парыз». Дегенмен, кейбір қариялар жоқ-жітікті тамақтандыруға шамасы келмесе, Аллаһтан кешірім тілейді. «Аллаһ адамға көтере алмайтын жүкті бермейді». Сол секілді жазылмайтын науқасқа да фидияның уәжіп болғаны жайлы Ислам фақиһтері арасында ауызбірлік бар. Мұндай адамға ораза ұстау парыз емес. Оған діндарлар мына аятты дәлелге тартады: «Аллаһ сендерге дінде қиыншылық жасаған емес». Оразаның адам ағзасына, денсаулыққа пайдасы зор. Өйткені таңертеңнен кешке дейін ішіп-жеуден тыйылудың көптеген дерттерге дауа екендігі бұған дейін ғылыми түрде зерттеліп, дәлелденген. Ораза адамға ас ішу, тыныс алу, ұйықтау, іс-қимыл жасау сияқты оның ағзасы үшін өмірлік маңызы бар құбылыстардың бірі болып табылады. Ал нақты мысалдарға келсек, ораза адам ағзасындағы қажетінен артық және ескі жасушаларды жоюға септеседі.
Екіншіден, ораза тұту қандағы қант үлесін барынша төмен мөлшерге түсіруге үлкен септігін тигізеді. Себебі, ораза ұстаған кезде адамның ұйқы безі демалады. Бұл без қантты крахмалды заттар мен майларға айналдыратын инсулин бөледі. Егер адам ұйқы безінің шығаратын инсулинен артық мөлшерде тамақ жейтін болса, онда бұл ұйқы безіне ауыр тиіп, оның жұмыс істеу белсенділігін төмендетеді. Үшіншіден, ораза ағзаның иммундық жүйесін күшейтіп, көптеген сырқаттарға қарсы тұру қабілетін арттырады. Төртіншіден, семіздік пен оның салдарынан сақтайды. Әдетте семіздікке ас қорыту жүйесі қызметінің бұзылуы алып келеді. Ал ас қорыту мүшелерінің бұзылуына әкеп соқтыратын бірден-бір факторлар - қоршаған орта, жан күйзелісі мен қоғамдық қысым. Ораза уақытында құлшылық ете отырып, Аллаға бағыштап зікір жасау, Құран оқу адамды ашу-ыза мен шиеленістен алшақ ұстатады, денесі мен рухының барлық күш-жігерін пайдалы және оң бағытқа салады. Бесіншіден, бауырда тастардың жиналуынан, қуық жолдарында зәр тұздарының түзілуінен сақтайды. Алтыншыдан, жыл бойы үздіксіз тамақтану, әсіресе консервіленген және шала дайын тағам өнімдерін қолдану, дәрі-дәрмектер ішу мен ластанған ауа салдарынан денедегі жасушаларға жиналып қалатын қатерлі улағыш заттардан қорғайды. Демек, оразаның адам ағзасы үшін пайдасы шексіз. Мұны соңғы жылдары медицина ғылымы да жан-жақты дәлелдеп отыр.
Түйіндей айтсақ, адамдарға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған Рамазан айының пайдасы көл-көсір. Ендеше осы қадірлі айда ұстаған оразаларыңыз, дұға-тілектеріңіз қабыл болғай, жамағат!