16:44, 07 Сәуір 2009
Мұғалімдердің облыстық байқауы өтті
АҚТАУ. Сәуірдің 7-сі. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Өткен демалыс күндері Ақтауда «Мен - азаматпын» жобасы бойынша жұмыс істейтін мұғалімдердің облыстық байқауы өтті.
Байқау қорытындысында Мұнайлы ауданына қарасты Қызылтөбе ауылдық лицейінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Мереке Егізғараева бас жүлдені жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Байқаудың басты мақсаты - қоғамдық өмірге белсене араласатын және оқушыларға азаматтық тәрбие берудегі зерттеу жұмыстарымен айналысып жүрген жаңашыл мұғалімдерді анықтау және осы саладағы тәжірибені тарату болатын. Байқауда азаматтық қоғам орнату, саясаттағы жариялылық, қазіргі қоғамдағы көп ұлтты кеңістікке араласуға дайын, белсенді, қабілетті тұлғаны қалыптастыру сынды әлеуметтік маңызды тақырыптар қамтылды», дейді Мұнайлы аудандық білім үйлестіру орталығының әдіскері Қаршагүл Әділбекова. Сайыстың алғашқы турында ұстаздар өзін-өзі таныстырып, осы бағытта жасалған шығармашылық жұмыстары туралы баяндады. Атап айтқанда, сыныптан тыс жұмыс ретінде тұлғалардың бойындағы азаматтық сапаларын қалыптастыру дәрежесін және оның азаматтық білім деңгейін анықтайтын тренингтік сабақтар өткізуі туралы, дөңгелек үстел, азаматтық жобаларды қорғау, конференция сабақтары, әлеуметтік мәселелер жәрмеңкесі, қоғамдық пәндер сабақтарында жүргізілетін жұмыс түрлерін ұйымдастыруы туралы айтып берді. Екінші турда оқушылар дайындаған портфолио жобаларын қорғады. Бас жүлдені жеңіп алған М. Егізғараева жетекшілік ететін 10 сынып оқушылары да «Мен ?Қазақстан азаматымын!» атты аудандық байқауда бас жүлдені жеңіп алған болатын. Олар енді осы жылы сәуірдің 17-сінде өтетін облыстық байқауға қатыспақ.