Халқымыздың батыры Бауыржан Момышұлы: «Ұстаздық - ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді... Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз» деген болатын.
Сол ұлағатты ұстаздарымызға казіргі қоғамда лайықты баға беріліп жүр ме?
Кешегі Кеңес заманындағы ұстаздардың орны мен қазіргі ұстаздарды салыстыруға мүлде болмайды. Мұғалімнің мәртебесі неліктен төмендеп кетті?
Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында мұғалім имиджін көтеру, оның жағымды бейнесін қалыптастыру және тұрақтандыру өзекті мәселе ретінде «Педагог мәртебесі» тақырыбымен арнайы бөлім қарастырылған. Оның негізгі міндеттері - білім беру жүйесін жоғары білікті кадрлармен қамтамасыз ету және педагог қызметкерлердің еңбегін мемлекеттік қолдау мен ынталандыруды күшейту.
Аталған бағдарламада педагог қауымы арасында кездесетін проблемалар да көтерілген. Онда педагог еңбегін материалдық және моральдық жағынан ынталандыратын және оның әлеуметтік мәртебесін көтеретін барабар заңнамалық база мен жүйе құрылмағандығы жайлы айтылған. Сондай-ақ жұмыс істейтін әрбір бесінші мұғалімнің жасы 50-де және одан да үлкен екен. Педагогтардың жалпы санынан 3 жылға дейінгі өтілі барлар - 13 %. Жыл сайынғы жас кадрлар есебінен толығу тек 2,6 %-ды құрап отыр. Сонымен қатар, гендерлік сәйкессіздік те бар: ұстаздардың 81,3 пайызы әйел мұғалімдер. Педагог кәсібінің беделінің жоғары болмауы төмен жалақымен де байланысты болып отыр. 2000 жылдан бастап қызметкерлер жалақысының 400 %-ға өскеніне қарамастан, оның деңгейі еліміздегі төмен деңгейлердің бірі болып қалып отыр. Ал бұл бағдарлама бойынша, оқытушылардың еңбекақылары біліктілік санатына қарай берілетіндігі айтылған. Сонда бұл жалақысы төмен ұстаздардың біліктілігі де төмен деген сөз бе? Әлде бізде жоғары еңбекақыға лайықты ұстаздар қауымы аз ба? Білікті ұстаз сапалы білімнің негізі екендігі бәрімізге мәлім. Ал біліміміздің дамуы ол экономикамыздың дамуымен тікелей байланысты екені даусыз.
Бұл жерде кінәні тек Үкіметке артып қоюдан аулақпыз. Мемлекет тарапынан мұғалім мәртебесін көтеруге тиісті шаралар атқарылып жатса да, оны ары қарай дамытуда қоғамнын ролі де өте зор. Мұғалімнің беделінің күшеюіне ата-аналар да тікелей ат салысу керек. Қазір көптеген ата-аналар балаларының сөзін сөйлеп, мұғалімдерді кемсітіп отырады. Бұл жерде олар мәдениеттілігін, саналылығын көрсетуі тиіс. Ұстазбен бір күн ғана емес, күнделікті арақатынаста болғаны абзал. Өйткені еліміздің ертеңі - келешек ұрпағымызды тәрбиелеуде олардың еңбегі зор екенін ұмытпағанымыз жөн. Жаңадан оқу орнын бітіріп келген жас маманға педагог қауымы да, ата-аналар да қолдау көрсетсе, ұстаз да өз-өзін дамытып, білімін жетілдіріп отырса, бұл олқылықтың да орны толар.
Бүгінгі күні ұстаздар қауымына жоғарғы билік тарапының да зор назары ауып отыр. Оған дәлел кешегі өткен «Жылдың үздік мұғалімі» сайысы. Осы байқаудың республикалық кезеңінде 48 мұғалім жеңімпаз болып танылып, оларға «2014 жылдың үздік педагогі» төс белгісі мен 1 млн. 852 мың теңге мөлшерінде сыйақы тапсырылды. Жеңімпаздар арасында түрлі пәндердің педагогтары бар. Сондай-ақ әкімдіктер тарапынан да мұғалімдерге қолдау көрсетіліп жатыр, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев 40 ұстазға 1 млн. теңгеден сыйақы берген болатын. Ал Астанада «Жылдың ең үздік ұстазы» атағына ие болған №4 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Сайлаугүл Қаршығаға қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов «Шкода» көлігінің кілтін табыс етті. Бұндай игі шаралар ұстаздарды материалдық жағынан көтеріп қана қоймай, ары қарай жұмыс жасауына талпыныс берер еді.
М.Жұмабаев «Әрбір елдің келешегі мектебіне байланысты» деген болатын. Ендеше келешегімізге алаңдамас үшін мектебімізді түзейік.
Гүлден Оспанова