«Даму» Қорының басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, 2009 жылдан бері «Даму-Көмек» бағдарламасы іске асырылып келеді. «Біздің қордың аймақтық филиалдарына үнемі өз ісін ашқысы келетін мүгедек-кәсіпкерлерден өтініштер түсіп жатады. Барлық өтінімдер аталған бағдарламаның www.damu-komek.kz сайтында тіркеледі. Бағдарлама рухы күшті, қайсар мінезді, өз әлеуетін бизнесте де іске асыруға толық ынта-жігері бар мүгедек кәсіпкерлерді қолдау үшін, арнайы әзірленген», -дейді Л. Ибрагимова.
Осы бағдарлама аясында еліміздің барлық аймақтарындағы мүгедек жандардан тігін машинасын сатып алу қажеттігі туралы өтінімдер түскен. Осыған байланысты аталған қор ШОБ-ті қолдауда мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысып жүрген «Қазкоммерцбанк» АҚ-на қажетті жабдықтарды сатып алуға қаражат бөлу туралы өтініш білдіреді.
«Қазкомерцбанк» АҚ ШОБ-ті дамыту жөніндегі басқарма директорының орынбасары Олеся Имашева мүгедек жандардың өтінішін қабыл алып, оған банк есебінен 1 миллион 73 мың теңге сомаға 33 тігін машинасы сатып алынғанын айтады. «Қазіргі күні бұл жабдықтар республиканың 16 аймағына жеткізілді және Қазком филиалдарының өкілдерімен бірге мұқтаж жандарға тапсырылатын болады», -деп атап өтті О.Имашева.
Бүгін тігін машинасына қол жеткізген Меруерт Қияшова тапсырысты өткен жылдың қараша айында бергендігін айтады. «Өтінішім қабыл алынып, тез арада нәтижесін бергеніне қуаныштымын», -дейді мүмкіндігі шектеулі жан. Жалпы Меруерт бұның алдында тігін машинасын жалға алып, киім тігумен 6-7 жыл айналысқан. Дегенімен өз машинасының болмауы оған көп кедергі келдірген екен. Ендігі кезекте машинаммен өз ісімді алға дөңгелетуіме мүмкіндік туды дейді, ол.