Оның сөзінше, заңнама бойынша, мүгедектіктігі бар азаматтардың еңбек құқықтарын шектеуге болмайды. Демек, олардың да ел қатарлы жұмыс істеуге қақы бар. Бұл норма ҚР Еңбек кодексінің 25-бабында қарастырылған.
Сонымен қатар, жұмыс беруші жұмыскерлердің қауіпсіздігі мен еңбегі қорғалуын қамтамасыз етуге міндетті.
– Еңбек кодексінің 181-бабына сәйкес, жұмыскер қауіпсіздік және еңбекті қорғау талаптарына сай жабдықталған жұмыс орнына, сондай-ақ қажетті санитариялық-тұрмыстық жағдайларға және жеке және ұжымдық қорғау құралдарымен қамтамасыз етілуге құқылы. Жұмыс беруші, өз кезегінде, қауіпсіздік және еңбекті қорғау саласындағы заңнама талаптарын сақтауға, жұмыскерлерді оқыту мен нұсқама жүргізуді ұйымдастыруға, өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулардың алдын алу бойынша шаралар қабылдауға міндетті, – деді Ерлан Ысмағұлов Астана қаласының Коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте.
Оның сөзінше, мүгедектігі бар жұмыскердің еңбегін ұйымдастыру кезінде оның жеке мүмкіндіктері мен белгіленген шектеулерді ескеру керек.
– Қажет болған жағдайда жұмыс орны жұмыскердің еңбек міндеттерін қауіпсіз орындауына мүмкіндік беретіндей бейімделуі тиіс. Мәселен, жұмыс аймағына, санитариялық-тұрмыстық үй-жайларға, жабдықтарға және жұмысты орындау үшін қажетті басқа да объектілерге қолжетімділікті қамтамасыз етілуі тиіс, – Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті басшысы.
Жұмыскерлердің денсаулығы басты назарда
Жұмыс беруші қарамағындағы мүгедектігі бар адамдардың денсаулық жағдайын ескеруі де талап етіледі. Бұл норма да Еңбек кодексіне енгізілген. Нақтырақ айтқанда, жұмыс барысында мүгедектігі бар кісінің денсаулығына кері әсерін тигізетін және дәрігерлер тыйған жүктемелерді міндеттеуге болмайды. Керісінше, ондай жанға барынша жайлы, ыңғайлы, денсаулығына зарар келтірмейтін жағдай жасалуы керек.
– Зиянды немесе қауіпті өндірістік факторлармен, елеулі дене жүктемесімен, биіктіктегі жұмыстармен, механизмдерді пайдаланумен және басқа да кәсіптік қатерлермен байланысты жұмыстарға ерекше назар аудару қажет, – деп ескертті маман.
Арнайы жұмыс орындары
Ерлан Ысмағұлов мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құру мәселелеріне де тоқталды. Олар Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексімен реттеледі. 108-бапқа сәйкес, арнайы жұмыс орны мүгедектігі бар адамның жеке мүмкіндіктерін ескере отырып құрылады және оның еңбек функцияларын орындау мүмкіндігін қамтамасыз етуге тиіс. Мұндай жұмыс орындарын ұйымдастыру уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
– Осылайша, жұмысқа орналастыру тек жұмыс орнын формалды түрде ұсынумен шектелмеуі тиіс. Адамға еңбек міндеттерін қауіпсіз әрі толыққанды орындауға нақты мүмкіндік қамтамасыз етілуі қажет, – деді ол.
Жұмыскердің негізгі құқықтары және жұмыс берушінің міндеттері
Маман мүгедектігі бар азаматтардың қандай құқықтары бар екенін де санамалап айтып, тәптіштеп түсіндірді:
• қауіпсіз және жабдықталған жұмыс орнына;
• еңбек жағдайлары мен кәсіптік қатерлер туралы толық және дұрыс ақпарат алуға;
• қажетті қорғау құралдарын алуға;
• қауіпсіздік және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқыту мен нұсқаулық беру үдерісінен өтуге;
• белгіленген медициналық шектеулердің сақталуына;
• еңбек құқықтары бұзылған жағдайда оларды қорғауға құқығы бар.
Ал жұмыс беруші қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуі, кәсіптік қатерлерді бағалауы және олардың алдын алуы, қажетті оқыту мен нұсқау беру шараларын өткізуі, сондай-ақ, керек болған жағдайда жұмыс орнын жұмыскердің жеке мүмкіндіктерін ескере отырып бейімдеуі тиіс.
– Еңбек қауіпсіздігі – артықшылық емес, әрбір жұмыскердің құқығы. Мүгедектігі бар адамдар үшін бұл құқықты қамтамасыз ету еңбекті қорғаудың жалпы талаптарын сақтаумен қатар, қажет болған жағдайда жұмыс орны мен еңбек жағдайларын тиісті түрде бейімдеуді көздейді. Мұндай тәсіл еңбек құқықтарының теңдігін, лайықты жұмыспен қамтуды және өндірістік жарақаттанудың алдын алуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деп түйіндеді Ерлан Ысмағұлов.
Айта кетейік, бұған дейін Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқыту мен білімін тексерудің жаңа қағидалары биыл күшіне енбейтінін жазғанбыз. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі оларды енгізу мерзімін 2026 жылғы 12 шілдеден 2027 жылғы 1 қаңтарға шегеруді ұсынды.