Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында «ЭКСПО-2017» көрмесіне кәдесыйлар жасау байқауы өтуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне мүмкіндігі шектеулі жандар да өз үлестерін қоспақ. Олар көрмеге келушілерге арналған имидждік кәдесый өнімдерін жасап, өздерінің шеберліктерін паш етпек.

Осыған орай мүмкіндігі шектеулі жандар арасында халықтық және сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің республикалық байқауы ұйымдастырылды. Байқау алты аталым: «Жаңа бастаған талант», «Жоғары шеберлік», «Ұлттық мәдени бренд», «Эко-дизайн», «Тірі мұра», «Ұлттық қазақстандық кәдесый» аталымдары бойынша өтеді. Байқауға 18 жастан асқан мүмкіндігі шектеулі жандар қатыса алады. Өтініштер 31 қазаннан 12 қарашаға дейін қабылданады. Қаланың көркемсурет мектептерінің өкілдерінен құрылған байқау комиссиясы барлық жұмыстарға бағасын беріп, екінші кезеңге өтетін қатысушыларды іріктейді. Байқау жеңімпаздары 24 қарашада анықталады. Жүлдегерлер туристерге ұсынылатын «ЭКСПО-2017» имидждік кәдесый өнімдерін жасау мүмкіндігіне ие болады. Байқауға қатысу үшін өтінімдерді Астана қаласы, Ойтоған көшесі, 2 мекенжайы бойынша беруге болады, толық ақпаратты алу үшін 43 65 61 телефонына хабарласу керек, деп хабарланған елорда әкімдігінің ресми сайтында.