Мұнай бағасының түсуі: тиімді жақтары

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан осы уақытқа дейін әлемдік экономикаға негізінен шикізат беруші ел ретінде қатысып келді. Елдің экономикалық әлеуетінің 60-70 пайызы тәуелді болып келген мұнайдың құнсыздануы Қазақстанды едәуір абыржытып тастағанымен, дайын байлықты сатуға дағдыланып келген елдің ұйқыдан оянуына түрткі болғаны сөзсіз.

Бұл бізге ұлттық, отандық өнеркәсіпті, адами капиталды жеделдетіп әрі шынайы дамытуға берілген зор мүмкіндік. Ол мүмкіндік отандық өнімнің нарықтағы жолын ашуға тиісті. Ал отандық өнімді тұтынуға көшу өз нарығымыздағы сұранысты өзіміз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, сұранысқа сай болуға ұмтылу өнімдеріміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Шынында да, қазақстандық өнімдердің импорттық тауарлардан сапалық айырмашылығы аса алшақ емес. Тек шетелдік дүниені тұтынуға әбден үйренген тұрғындардың санасын өзгерту қажет. Егер өз өнімімізді тұтынуға жаппай кіріссек, бұл ұлттық нарықты басып қалған шетелдік тауарлардың нарықтан біртіндеп ығысуына оң әсер етеді. Шикізатты сатушы елден өндіруші елге айналудың екіжақты оң ықпалы бар: ол тек ішкі нарық балансын реттеп қана қоймай, елдің халықаралық нарыққа шығуына да игі әсер етпек. Сондай-ақ, еңбек нарығында қатал бәсекелестікке сай болу қоғамдағы кейбір керітартпа әрекеттерден арылуға көмектеседі. Мысалы, мемлекеттік мекемелердің бюджеттік қаражатқа масылдығы, саланың дамуына мүдделі емес жатыпішерлер мен халыққа қажетсіз жобалар қысқарып, ел бюджеті жөнсіз шығындарды үнемдеуге көшеді. Сондай-ақ, шағын және орта бизнестің дамуында жеке мүдделер емес, мемлекеттің мүддесі алға шығады. Жалпы, экономикалық сарапшылардың айтуынша, мұнай бағасының арзандауы әлемдік экономика үшін пайдалы. Әлбетте, мұнайдың құнсыздануымен бірге қымбатшылық та қоса келетіні сөзсіз. Ол нарықтың талабы. Десе де, қымбатшылықтың кезінде сатушы көбейіп, тұтынушылар азаятынын ескерсек, тұтынушылар импорттық қымбат тауарлардан гөрі отандық арзан тауарларды алуға ұмтылады. Және бұған дейін бағасы аспандап кеткен жылжымайтын мүлік, автокөлік секілді дүниелердің бағасы төмендеп, халықтың тұтынушылық қабылетіне сәйкестене бастайды. Сондай-ақ, бұған дейін өте жоғары пайыздық мөлшерлемемемн несие беріп келген банктер халықтың, ішкі өндірушілердің, отандық өнеркәсіптік төлеу қабылетіне сәйкес арзан пайызбен несие бере бастауға мәжбүр болады. Тіпті инфрақұрылымның дамуына деген мүдделілік қазірден-ақ байқалып отыр. Бұл бір жағынан қараусыз қалған елді мекендерге жан бітірсе, екінші жағынан жұмыссыз жүргендердің екі қолына бір күрек тауып берері сөзсіз. Демек, жұмыссыздардың саны азайып, адамдардың әл-ауқаты жақсарады. Сондай-ақ, сыртқы нарықта ұлттық экономикамыз үшін пайдалы мемлекеттермен әріптестікке көшіп, ал зияны анық байқалып отырған кейбір экономикалық әріптес мемлекеттерден біртіндеп іргемізді ажыратуға мүдделі боларымыз хақ. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың бір ғана ҚХР-ға сапары кезінде Қытай тарапымен жасалған сомасы 23 миллиард доллар болатын келісім-шартты жүзеге асыру ондаған кәсіпорынды іске қосуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ трансқұрлықтық логистикалық жоба - «Жібек жолы» экономикалық белдеуін құру бастамасы да түрлі деңгейдегі бизнес-құрылымдардың пайда болуына алып келетінін ескерсек, отандық өнеркәсіптің жандануына кеңінен жол ашылып отыр. Азия мен Еуропаны жалғастыратын «Жібек жолы» экономикалық белдеуі жобасының негізі бес қағидадан бастау алады, олар: саяси жақындасу, инфрақұрылымдық байланыстар, еркін сауда, капитал циркуляциясы, халықтардың жақындасуы. Осы тұрғыда бұл жобаның «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатымен толық үндесетінін ескерсек, Қазақстанның әлемдік экономиканың алып аймағы Қытаймен байланыстары қатардағы қазақстандықтардың алдағы күнге деген сенімін нығайта түсетіне күмән жоқ. Ең бастысы, отандық өндірушілеріміз өздеріне берілген мүмкіндікті дер кезінде оңды пайдаланса игі. Түптеп келгенде шикізатты өзіміз өңдеу арқылы ғана мұнайдың құнсыздануы кезінде абдырап қалған ұлттық өнеркәсібімізді құтқарып қала аламыз. Бұл біздің қазақстандық тұрғындарды жалқаулықтан арылтып, қытайларша тынымсыз еңбектенуге мәжбүрлейтіні де анық. Мұны Елбасы Н.Назарбаев Қытай сапары барысында нықтап айтты. Әрі теңге бағамы саясатын әлемдік нарыққа сәйкес қайта қарап, экономикалық саясатта жіберген қателіктерімізді жөндеп алуға, экономикалық қорғаныс қабатымызды күшейтуге, экономикалық қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Ал бұл болжамдардың қаншалықты оңды жүзеге асатынын бірден байқай алмайтынымыз белгілі. Бұл алдағы жылдардың еншісінде. Осылайша, Қазақстанның ДСҰ-ға кіруімен тұспа-тұс келген бұл құбылыстар елімізде отандық өнеркәсіпті қолдау, инфрақұрылымды көтеру, шикізат бағыттылықтан біртіндеп арылу, ішкі нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз етуді жолға қою арқылы экономикалық дағдарысқа төтеп беруге ықпал ете алады.