Мұнай өндіру емес, оны әртараптандырып өңдеу өзекті мәселеге айналып отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бензин төңірегіндегі берекесіздіктің негізінен елдегі мұнай өңдеу зауыттарынан шыққан өнімнің ішкі сұранысты толық жаба алмауымен байланысты екендігі бұған дейін де айтылып еді. Дегенмен, бұл бір аяқасты туындаған жайт емес екендігі де белгілі. Өйткені, сарапшылар бұл ретте мұнай төңірегіндегі мүдделі министрліктердің шабан қимылдағанын да айыптайды. Ал мұндай жағдай қайталанбасы үшін не істеу керек? Осыған орай, кеше Парламент Мәжілісінің Экология және табиғатты пайдалану комитетінің отырысына Энергетика министрі Владимир Школьник қатысып, депутаттарға қазіргі Қазақстандағы жанар-жағармай мәселесінде қалыптасқан жағдайды түсіндірген еді.

Жанар-жағармай нарығындағы жағдайдың не болып жатқанын түсінікті тілмен жеткізу үшін министр Школьник мырза, ең алдымен еліміздегі АИ-92 маркалы бензиннің жетіспеушілігіне тоқталған болатын. Оның айтуынша, Қазақстанның ішкі нарығы жылына 2,8 млн. тонна бензин тұтынады. Ал еліміздегі мұнай өңдеу зауыттарында өндірілетін көлем жылына 1,8 млн. тоннаға жуық қана. Мұнымен қоса, биыл Қазақстанның мұнай зауыттары тапшылықты тудырмас үшін барынша қуатына мініп жұмысқа кіріскен. Сонда да жетіспеушілік орын алды. Сосын жағдайды ушықтырмау үшін Шымкент мұнай өңдеу зауытының жөндеу жұмыстары да кейінге ысырылған. «Біз өзімізде жетіспейтін АИ-92 маркалы бензинді Ресейден тасып келдік, әкеліп те жатырмыз. Ал шеттен тасымау үшін біз үш зауытты да жаңғыртуға көшпекші болғанбыз, сөйтіп, жоспар бойынша 2016 жылдың соңына қарай ішкі сұранысты толық қамтуға көшкіміз келеді. Ал оған дейін біз Ресейден ала тұрмақшымыз. Дегенмен, Ресейдің өз ішінде де бензинге тапшылық туып, біз опық жей жаздадық», - дейді Владимир Школьник.

Бұл ретте министр Қазақстан мен Ресей нарығындағы баға айырмасына мән беруді сұрайды. Тоқтала кететін жайт, министр ағымдағы жылдың ақпанында орын алған теңге девальвациясына қатысты Үкімет дұрыс шешім қабылдағанын, сол тұста бензин бағасы еш көтерілмегенін атап өтеді. Сол тұста еліміздегі АИ-92 маркалы бензиннің литрі 115 теңге күйінде қалдырылған болатын. Ал осы уақыт аралығында Ресейдегі бензиннің литрі 165-170 теңгеге дейін жеткен. Ал Қазақстанның өз ішінде жетіспейтін бензинді қымбат бағаға Ресейден алып тұрғанын ескерсек, онда бұндай бизнесте не береке бар? Яғни, Ресейден қымбатқа сатып алып, оны елімізге арзанға сату ақылға сыйымды ма?

«Әрине, өзі шығынға батып, көршісінен қымбатқа алып, еліне арзанға сататын ешкім де, ешбір бизнес те жоқ. Дегенмен, биыл біздің нарықта сондай жағдай қалыптасып отыр. Біз осы арқылы бензиннің бағасын қолмен ұстап тұрмыз», - дейді министр Владимир Школьник. Оның пайымынша, бұл қалыптасқан жағдайға қатысты объективті фактінің бірі.

Ал екінші мәселе, Қазақстанның шекара аумағынан Ресейдің көліктері кіріп, біздегі арзан бензинді тонналап алып кете бастаған. Шындығында, көршілес елдегілер қарап жатпай осындай бизнеске көшкен: шекарадан өтеді, сосын көліктегі бакты лық толтырып, кері қайтып, оны елінде 30 пайызға қымбатқа сатады. Бұл да Қазақстанның мұнай өнімдері нарығындағы бензин тапшылығына қатысты жағдайды тым қиындатып тастаған.

Ал министрлік не істеді? «Біз «ҚазМұнайГаз» операторын Ресейде белгіленген бағаға бензин сатып алып, оны Қазақстанға әкеліп арзандатып сатуға көндірдік. Осындай шешім қабылданды, бұл жұмыс атқарылып жатыр. Дегенмен, «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен» демекші Ресейдің Краснояр өлкесіндегі Ачинскі мұнай зауытында, тағы бір зауыттарында апат орын алып, олар өздері жанармайдан тапшылық тарта бастады. Бұл ғана емес, олардың зауыттары АИ-92 маркасында емес, Еуро-4, Еуро-5 маркасындағы бензин шығаруға көшкен. Ал бізде бұл жоқ. Сөйтіп, олар тек қалдық ретінде ғана 30-40 мың тоннаға жуық АИ-92 маркасын шығарады. Міне, мәселе қайда жатыр?!», - дейді Энергетика министрі.

Оның айтуынша, Ресеймен арадағы әңгімелердің нәтижесінде көршілес елдер келісімшартты орындауға келісіңкіреп отыр. Мәселен, қыркүйек айында Ресейден 35 мың тоннаға жуық АИ-92 маркасындағы бензин импортталған. Ал қазан айында «ҚазМұнайГаз» компаниясымен Ресейден АИ92/93 маркалы бензиннің 69 мың тоннасын импорттау көзделіп отыр. «Қысқа қарай көлік қозғалысы да шамалы шектеледі деген оймен, жағдай біршама тынышталады деп ойлаймыз. Дегенмен, біз қазір бұл нарыққа қатысушылардың барлық «ойыншыларын» тексеруді қолға алдық. Өйткені, бензинге қатысты дүрбелең туғанда нарыққа қатысушылар да жауапты болуы керек. Мұның бәрі түсінікті. Қазір жағдай қалыпты, халықтың қобалжуы өршіген емес», - деді Владимир Школьник.

Жалпы жағдайға келсек, министрлік мұнай өңдеу зауытындағы жаңғырту жұмыстарына алдағы уақытта барынша ден қоя бастайды. Мұнай әлеуетін арттыру мақсатында өңдеу зауыттарының өнімдерін әртараптандыру да қарастырылады. Өйткені, қазіргі жағдайда Қазақстанның мұнай зауыттары өнім түрлерін өте аз шығаратыны белгілі. «Біз мұнай өңдеу зауыттарының мүмкіндігіне қарай, шикі мұнаймен қоса, мұнай құрамындағы фракциялардың басқа да компоненттерін шығаруды жоспарлаймыз. Бұл шындығында, ашық мұнай өнімдерін өңдеуді жетілдіре түсетін еді», - дейді Владимир Школьник.

Сосын Энергетика министрлігі бензин бағасын ұстап тұру мақсатында тағы біраз тетіктер қамтылса деген тілекті алға тартып отыр. Мәселен, Энергетика министрлігі мұнай өнімдеріне импортқа тәуелділік пен тапшылықты жою мақсатында мұнаймен жасалатын толлингтік операцияларға мән беруді де қарастыруды ұсынады. Толлинг дегеніміз - біздің елден тысқары шет мемлекеттерде мұнай өнімдерін өңдеп, оны қайтадан елімізге салықтық жеңілдікпен әкелуді білдіреді. «Толлингтік операцияларды жүзеге асыру үшін салық заңнамасына тиісті өзгерістер енгізілген болатын. Ол үшін шет мемлекеттерде өңделген өнім, Қазақстанда өңделген өніммен бірдей болып есептеліп, оған салықтық, кедендік баж бойынша жеңілдіктер қарастырылған. Алайда, бұл норма тек 2014 жылдың соңына дейін ғана қарастырылып отыр. Сондықтан да, бұл норма 2015 жылдың басынан бастап табиғатты пайдаланушылар үшін экономикалық тартымды тетік болудан қалады. Ал қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту жұмыстары 2016 жылы аяқталатынын ескерсек, онда әлі де қиыншылықтар болуы ықтимал. Сондықтан да, министрлік толлингтік операцияларға салықтық жеңілдіктер беруді 2017 жылға дейін созуды ұсынады», - дейді Владимир Школьник.

Түйіндей айтсақ, Қазақстанның келешек дамуы осы мұнай өндірумен, оны өңдеумен тікелей байланысты болатыны айқын. Мұны Мемлекет басшысы Н. Назарбаев та атап өткен болатын. Соның ішінде Қашаған жобасы мен «Еуразия» жобасының орны ерекше.

Ал министр Школьник әлемдегі ең қымбат жобаға айналған Қашағаннан мұнай өндіру 2016 жылға қарай жоспарланатынын алға тартады. «Қашаған» мәселесіне келсек, қазіргі таңда консорциум операторы «Норт Каспиан Оперейтинг» ағымдағы жылдың сәуір айында кен орнындағы құбырларды толық ауыстыру қажеттігін нақтылады. Соған орай, құбырларды толық ауыстыру, содан кейін мұнай өндіруді жаңғырту 2016 жылдың екінші жартысына немесе ары кеткенде 2016 жылдың соңына қарай күтіледі. Егер барлығы жоспарға сай болса, онда осы мезгілде кен орнынан мұнай өндіретін боламыз», - деді В.Школьник. Оның айтуынша, келешек жобаларды жүзеге асырып, Теңіз кен орнын кеңейту және Қашаған кенін игерудің орнықты деңгейге шығуы еліміздің мұнай секторындағы позициясын арттыра түседі. Атап айтқанда, 2023 жылға қарай Қазақстан жылына 100 млн. тонна мұнай өндіруге қол жеткізе алады.

Ал еліміз үшін өзекті «Еуразия» жобасы өткен жолы Қазақстан мен Ресей Президенттеріне таныстырылған болатын. «Геологтардың мәліметтері бойынша, Каспий маңындағы ойпатты аймақтарда мұнайдың ірі кен орындары бар. Бұл шамамен бірнеше миллиард тоннаға болжанып отыр. Оның ішінде перспективалық кен орнының 70 пайызға жуық аумағы Қазақстанның, 30 пайызы Ресейдің аумағында жатуы ықтимал», - деді Владимир Школьник. Оның сөзіне қарағанда, қазақстандық аумақтың 15 мың метрден астам тереңдігінде көмірсутек шикізатының әлемдегі ең көп қоры шоғырлануы мүмкін. Осыған орай, қазіргі таңда жобаның ғылыми-зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. «Біз бұл жобаның жұмысына әлемнің ірі компаниялары қызығушылық танытып, араласады деп ойлаймыз. Алдын ала тұжырымдама жобасы жасалды. Жалпы ғалымдар бұл «Еуразия» жобасын Марсқа адам қондырғанмен бірдей қарайды. Өйткені, жобаның бірегейлігі, күрделілігі, өркениетіміз үшін жаңалығы соған тең, біздің Жер шарын осыншама тереңдікке ешкім де зерттемеген», - дейді В. Школьник.