Салық кодексі қандай болуы тиіс?
Президент Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде сөйлеген сөзінде Салық кодексін сынға алып, бизнес қоғамдастықта «құжат ең алдымен салық мөлшерлемесін арттыруды мақсат тұтады» деген пікір қалыптасып отырғандығын баса айтты. Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Нұрлан Сәкуов проблема түсінікті ереже мен құрылымның жоқтығынан туындап отыр деп санайды.
«Президент атап өткендей, таза қазыналық әдіс одан күткеннен сәйкес келмейді және де сарапшылар мен бизнестің пайымынша, бұл бизнес пен инвесторларды ынталандыра алмайды. Өйткені түпкілікті мақсат бизнестің жұмыс істеуі, экономикаға ақша әкелуі ғой. Салық кодексінің «ойын ережесі» ашық әрі тұрақты болуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, әрине ол сол бір күтулер мен талаптарға сай келмейді», - деді Нұрлан Сәкуов.
Оның атап өтуінше, бизнеске түсінікті жаңа Салық кодексі қажет.
«Қолданыстағы Салық кодексі өте күрделі әрі бизнеске түсініксіз. Өте ауқымды, тек салық органдар мамандары ғана түсіне алаты түрлі заңнамалық құжаттарға сілтеме көп», - деді спикер.
Осы орайда сарапшы мысал ретінде Грузияның Салық кодексін атап өтті.
«Айталық, Грузияда Салық кодексі жеңілдетілген. Онда баптар аз және ол барлығына да түсінікті. Кодекс 310 баптан тұрады. Яғни көлемі біздікінен 2,6 есе аз», - деді ҚСЗИ сарапшысы.
Салыстыру үшін айтар болсақ, Қазақстаннң Салық кодексі 780 баптан тұрады. Бұнан бөлек 1 267 бетті қамтитын көптеген заңнамалық құжаттар да бар.
Салық кодексі ынталандырушы болуы тиіс
Нұрлан Сәкуов жаңа Салық кодексі ынталандырушы болуы тиістігін алға тартады.
«Бизнес сан мәрте ҚҚС кейсі бойынша пікір білдіріп, оның артуы керісінше бизнестің жаппай кетуіне әкелуі ықтимал екендігін білдірді. Егер мұндай қазыналық әдіс болатын болса, онда бизнес мұнан ары бөлініп, көлеңкеге кететіндігі түсінікті. Салық кодексі – кешенді мәселе. Оны жан-жақты түсіну қажет. Зерттеулер бар. Бірақ ол бизнес пен сарапшылар үшін қолжетімді болуы тиіс», - деп санайды сарапшы.
Оның пайымынша, бұл істегі басты сөз – теңгерім.
«Әзірше, Ұлттық экономика министрлігі тарапынан тек осындай қазыналық әдіс қана бар. Олар ҚҚС төңірегінде ғана көп талқылау жүргізді. Бірақ бұл ретте министрлік әкімшілеуді жеңілдететіндіктерін айтқан жоқ. Диалог болмады. Олар түрлі есептеулерге сілтеме жасайды. Алайда оларды көрсетпейді», - деді ол.
Сарапшы ынталандырушы болу да оңай міндет еместігін жасырмайды.
«Яғни, бизнес көлеңкеден шығып, адал жұмыс істеуі тиіс. Жаңа Салықтың басты міндеті де осында жатыр. Яғни, ол ынталандырушы болуы қажет», - деді ҚСЗИ сарапшысы.
Оның алға тартқан деректеріне қарағанда, Қазақстандағы көлеңкелі экономиканың үлесі 18-19 пайыз. Дегенмен сарапшылардың көпшілігі бұл цифрдың әлде де қайда жоғары болуы ықтимал екендігін де жоққа шығармайды.
Ұлттық экономиканың басты міндеті неде?
Президент Үкімет отырысында сөйлеген сөзінде салықтық әкімшілеуді дұрыс жүргізбейінше экономика өсімінің мүмкін еместігін баса айтқан болады. Осы орайда ҚСЗИ сарапшысы ұлттық экономиканың басты неде екендігіне және қандай сын-тегеуірін барлығына қатысты ойымен бөлісті.
ҚСЗИ директорының орынбасары ел экономикасы жыл сайын қатты түрленуі, яғни құрылымын өзгертуі мүмкін екендігін баса айтады.
«Экономикамыз сыртқы факторлардың ықпалына бейім. Сондай-ақ мұнай-газ секторындағы кіріске тәуелді. Сол себепті әр жылы қатты өзгеріп отыруы мүмкін. Мәселен, 2020 жылы коронавирус індеті кезінде экономикамыз тіпті минусқа кетіп қалды. Ал биыл оның өсімі 5,1 пайыз деңгейінде болады деп күтіледі... Егер ауыл шаруашылығы мен өзге де секторлар өсім көрсетсе, онда 6 пайызға да жетіп қалатын едік. Дегенмен меніңше, бұл көрсеткіш айтарлықтай көрнекті емес. Меніңше, бастысы – сапалы өсім. Өсім сапасы – бұл біздің шикізаттық сектор конъюктурасына тәуелділігіміздің аз болуы. Ресми мәліметке сәйкес, бізде, ЖІӨ-дегі мұнай-газ секторының үлесі – 20 пайыз, шикізаттың сектордың (тау-кен өндіру, өсімдік шаруашылығы, астық, орман және басқалары) да үлесі – 20 пайыз», - деді спикер.
Оның түсіндіруінше, өсім сапасы жайында айтқанда сөз мұнай жайында емес, қайта өңдеу мен экспорттың жоғары үлесі есебінен болатын өсім жайында болып отыр. Сарапшының пайымынша, мұндайдан түсетін табысты араб елдері сияқты экономиканы әртараптандыруға жұмсау қажет.
«Әлемде мұнай дәуірі аяқталады. Мұнай дәуірінің орнына біртіндеп жаңартылатын энергия көзі мен балама технологиялар келеді. Мұнай мен газдың жаһандық көшбасшылары, араб әлемі елдері мұнайдан түсетін мәңгілік емес екендігін түсініп, экономиканы мұнайға тәуелділіктен арылту бағдарламасын қабылдады. Мәселен, Сауд Арабиясының билігі 2016 жылы мұнай-газ секторы есебінен экономикалық әртараптандыру жөніндегі экономикалық реформалар жоспарын мақұлдады. «Saudi Vision 2030 атауын алған жоспардағы стратегиялық міндеттердің бірі – Сауд Арабиясының мұнай емес экспортының мүлесін мұнайдан емес жалпы ішкі өнімнің 18,7 пайызынан 50 пайызға дейін арттыру», - деп алға тартады сарапшы.
Айта кетерлігі, McKinsey болжамына сәйкес, 2050 жылға қарай әлемдік энергетикалық теңгерімдегі жаңаратын генерация үлесі 80-90 пайызға жететін болады.
«Мұнайдан түсетін кіріс сынды мүмкіндікке ие болып отырғандықтан қазіргі уақытта оны пайдаланып, экономиканың өзге салаларын дайындауымыз қажет. Яғни, мұнай көлемі қысқарған жағдайда немесе әлемдік экономикада басқа да проблема туындаған сәтте біз қатты зардап шекпеуіміз қажет және бұған өзге салалар сізді асырау үшін дайын болуы тиіс. Ал бұл әлемдік тізбекті құру есебінен ғана мүмкін болмақ. Яғни, өзге елдердң өнеркәсібі тәуелді болатын қандай да бір өнімді, нақтырақ айтқанда шикізаттық емес өнімді экспорттау керек. Әрине, біз шикізаттың өнімдердің есебінен 6, тіпті 8 пайыздық өсімге қол жеткізе аламыз. Бірақ бұл түпкілікті мақсат емес. «Мұнайдан кейінгі» болашақ» жасауға тиіспіз», - деп атап өтеді Нұрлан Сәкуов.
Оның айтуынша, табиғи рентадан тәуелсіз экономикасы бар дәл осы «мұнайдан кейінгі» болашаққа қолайлы өту Қазақстан құрамына кіретін мұнай экспорттаушы елдер үшін басты сын-тегеуірін болмақ.