Мұнайлы ауданында мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге арналған екі шағын орталық пайдалануға берілді

АҚТАУ. 11 қараша. ҚазАқпарат /Анаргүл Жексембай/- Бүгін Мұнайлы ауданында мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге арналған екі шағын орталық пайдалануға берілді.

Мұнайлы ауданына қарасты Қызылтөбе және Қызылтөбе-2 ауылдарындағы №2 және №6 орта мектептердің жанынан ашылып отырған 150 және 100 орындықты шағын орталықтардың тұсаукесер рәсіміне облыс басшысы Қырымбек Көшербаев қатысты.

«Жыл басында Мұнайлы ауданында балабақшамен қамту 0 пайыз еді , қазір біз бұл көрсеткішті 37 пайызға жеткіздік, жыл аяғына дейін жалпы қамтылу 70 пайызға дейін орындалмақ», -деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Қазір Мұнайлы ауданында «Балапан» бағдарламасы аясында мектепке дейінгі тәрбие беру және оқытумен қамтамасыз ету мақсатында пайдалануға берілген 980 орындық балабақша жұмыс жасайды.

Ауданда 3 пен 6 жас аралығында 3956 бала бар, оның 1499-ы аудан мектептерінің даярлық топтарында және 1 сыныбында оқыса, 980-і мектептке дейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленуде.

2010 жылдың аяғына дейін Дәулет селосындағы №4 орта мектеп жанынан 100 орындық балабақша ашылады деп жоспарлануда.

Бүгінгі ашылып отырған шағын орталықтарда 50-ге жуық маман жұмыспен қамтылды.