Мұрағатшылардың жалақысы өсіп, мәртебесінің артқаны қуантады - Үрметгүл Жиленбетова

Тарих парақтарын көзінің қарашығындай сақтап, болашақ ұрпаққа аманат ететін мамандардың еселі еңбегі қашанда халық жадында сақталады. Елдің өткенінен сыр шертетін ақпарат-деректерді іздеп тауып, шаң басқан сөрелерге көз майын тауысып, тарихты қаттап жатқан архившілер қауымының арқасында қаншама ақтаңдақтарымыз танылды. Kazinform 22 желтоқсан - Архивші күні қарсаңында мұрағат саласында 20 жылдай еңбек еткен Павлодар облысының мемлекеттік архивы Ақсу филиалының басшысы Үрметгүл Жиленбетованы әңгімеге тартты. 

Фото: Үрметгүл Жиленбетованың жеке мұрағатынан

Үрметгүл Рахметқызы - 2004 жылы Өзбекстанның Навои облысынан көшіп келген қандасымыз. Негізгі мамандығы ұлттық мектептердегі орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі бола тұра, көнеге деген қызығушылығының арқасында архив ісіне ден қойған.  

«Қазіргі күні Ақсу филиалында 255 қорда шоғырланған 85 мыңға жуық құжат бар. Мұнда өңірімізге қарасты аумақтың 1933 жылдан бергі тарихы қатталып жатыр. Қала мен оған қарасты елді мекендердегі түрлі мекемелердің жай-күйі, құжаттамалары осында жиналуымен бірге, еңбек ұйымдарындағы мұрағаттың дұрыс жүргізілуіне, ескі құжаттарды қалпына келтіруге, азаматтардың әлеуметтік сұраныстарын уақтылы өтеуге жауаптымыз. Көпшілік бізді шаң басқан сөрелерден шықпайтын маман иелері деп ойлайтыны рас. Әр құжатты електен өткізіп, оны тізімге енгізу, өңдеу, сақтау, цифрлы форматқа ауыстыру секілді машақат жұмыстардан бөлек, еңбек ұйымдарында түрлі семинарлар, мектептерде жас ұрпаққа тарихтың маңыздылығын түсіндіру мақсатында кездесулер ұйымдастыру - шаруаларымыздың ең маңыздысы. Кеңес дәуірінен қалған көп құжат бар. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша қыруар шаруа атқарылып, арнайы жинақ шығарылды. Кезінде біздің Ақсу әуелі Каганович ауданы, кейін 1957 жылы Ермаковский ауданы, ал 1992 жылы Ақсу ауданы болып аталғанын қазіргі жастар көп біле бермеуі мүмкін. Ал ауданымыз 1997 жылы таратылып, Ақсудың өзі жеке қала мәртебесін иеленді. Бұл өзгерістерді айтып отырғаным, дерек, құжат іздегенде аумақтық-тарихи ерекшеліктер ескерілуі керек. Кеңес өкіметі алғаш құрылған жылдары болған сұмдық жайттардың көбі архив деректерінде тіркелген», - деді Үрметгүл Рахметқызы.

Ақсу архивында сақталып тұрған жергілікті тұрғын Нұржамал Сембаеваның жеке қорындағы жазбаларынан 1932 жылғы аштық зобалаңы туралы көп мәлімет алуға болады. Онда балалық шағында көрген сұмдықтары, елдің жаппай аштыққа ұрынуы сипатталып жазылған. Енді бір деректерде жеке тұлғалар Михаил Олифер мен Николай Мальцев кәмелет жасына толмаған балалардың Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Германиядағы конлагерлердегі тірлігін баян етеді. Бұл азаматтар балалық шақтарында неміс жеріндегі концлагерлерде тұтқында болыпты. 

«Архив құжаттарында Каганович ауданында тұрған әлдебір поляк азаматы кеңес төлқұжатынан бас тартқаны себепті 7 жылға бас бостандығынан айрылғаны туралы жазбалар, жергілікті молда-имамдардың сол тұста айрықша бақылауға алынғаны туралы деректер кездеседі. Молдалардың қанша адамға уағыз айтқаны, не айтқаны барлығы тізімделіп отырған, - дейді маман. 

Қазіргі күні Ақсу архивындағы құжаттар ғылыми-техникалық өңдеуден бөлек, заманға сай цифрланып жатыр. Мұрағатқа 2 арнайы сканер алынып, соңғы үш айда мұрағат қызметкерлері 1478 сақтау бірлігіндегі 15 890 парақты цифрлы форматқа айналдырып үлгерген. Бұл архив саласын түсінетін адамға қыруар шаруа.

«Біздің филиалда жұмыс істейтін қызметкерлердің барлығы өз саласына жан-тәнімен берілген жандар. Ирина Данилова – 35, Ғалия Кошеева – 26, Гүлайым Усканова – 27, Лариса Тимершина 11 жыл еңбек етіп келеді. Әрқайсысы өз ісіне тыңғылықты, жергілікті кәсіпорындармен, еңбек ұжымдарымен тұрақты араласып тұрамыз. Кәсіпорын-мекемелердің әр 10 жыл, 5 жылда тапсыратын міндетті архивтік құжаттары, енді бірінің жойылған жағдайда мұрағатқа өткізуі тиіс құжаттамалары болады. Осылардың барлығын електен өткізіп, сұрыптап, кем-кетігін толтырып отырады. Биыл жыл басынан азаматтардың әлеуметтік-құқықтық сипаттағы 3 471 сұранымын орындадық. Жоспарымыз 2 500 еді. Адамдар мекемеге келіп, немесе eGov арқылы өтінімдерін жолдап жатады», - дейді архивші. 

«Кейінгі жылдары мұрағатшылардың мәртебесі өсіп қана қоймай, әлеуметтік жағдайларларының дұрыстала түсті», - деп атап өтті Үрметгүл Рахметқызы.

«Соңғы үш жылда мұрағат ісіндегі қызметкерлердің кезең-кезеңімен еңбекақылары өсті. Түптеп келгенде бұл өзгерістердің барлығы аталған мамандардың жұмыстарын ширата түсуге себеп болып отыр. Үздік мамандарға берілетін «Архив саласының үздігі» белгісі мемлекеттік наградасы да кәсіп иелерінің мерейін тасытады. Мұрағаттың материалдық-техникалық тұрғыдан жаңарып жатқанына ризамыз», - дейді ол.  

Айтып өтейік, биыл Қазақстандағы «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» заңның қабылданғанына 25 жыл толып отыр. Заңнама архив ісінің дамуына үлкен серпін беріп, нормативтік-құқықтық база қалыптастыру ісі жолға қойылды. Оның негізінде осы уақытқа дейін мекемелерде іс жүргізуді және мемлекеттік, ведомстволық архивтердің жұмысын реттейтін 70-тен астам құжат әзірленді.