Мұрамен бірге несие қарызы да беріле ме – заңгер жауабы

АСТАНА.KAZINFORM– Көпшілік мұрагерлік алған кезде пәтер, автокөлік немесе жинақ ақшаны ғана иеленемін деп ойлайды. Алайда мұрамен бірге қайтыс болған адамның белгілі бір міндеттемелері, соның ішінде несие қарызы да мұрагерге өтуі мүмкін.

Фото: Kazinform/ИИ

Қандай міндеттемелер мұраға қалады, мұрадан бас тартуға бола ма және мұраны қабылдау мерзімі өтіп кетсе не істеу керек? Осы сұрақтарға Kazinform агенттігінің тілшісіне Ақмола облысы Заң консультанттары палатасының заң консультанты Жаслан Шайымов жауап берді.

Мұраға кімдер ие бола алады?

Заңгердің айтуынша, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 1038-бабында мұрагерлік – қайтыс болған азаматтың мүлкінің оның мұрагерлеріне ауысуын көздейтін құқықтық рәсім ретінде қарастырылған.

– Мұрагерлік құқыққа ие болу үшін бірнеше негіз болуы қажет. Олар – азаматтың қайтыс болуы, оның мүлкінің болуы және заң бойынша мұрагерлердің болуы. Мұраны қабылдаудың бір жолы – азамат қайтыс болғаннан кейін нотариусқа жазбаша өтініш беру, – деді Жаслан Шайымов.

Сонымен қатар Азаматтық кодекстің 1060-бабында мұрагерлік кезектілігі белгіленген. Жалпы алғанда төрт кезек қарастырылған.

– Көбіне мұраны бірінші кезектегі мұрагерлер алады. Оларға мұра қалдырушының балалары (қайтыс болғаннан кейін тірі туған балаларды қоса алғанда), жұбайы немесе зайыбы және ата-анасы жатады. Егер бірінші кезектегі мұрагерлер болмаса, мұра тең үлеспен екінші кезектегі мұрагерлерге – туған және өгей аға-інілеріне, апа-сіңлілеріне, сондай-ақ әкесі мен анасы жағынан атасы мен әжесіне өтеді, – деп түсіндірді заңгер.

Мұра қалай бөлінеді және мерзім өтіп кетсе не істеу керек?

Жаслан Шайымовтың айтуынша, Азаматтық кодекстің 1061-бабына сәйкес, бірінші және кейінгі кезектегі мұрагерлер мұраны тең үлеспен бөліседі. Егер мұрагер біреу ғана болса, ол бүкіл мұраны қабылдауға құқылы.

– Сонымен қатар ортақ бірлескен меншіктің қатысушысы қайтыс болған жағдайда, оның ортақ мүліктегі үлесі анықталып, ортақ мүлік бөлінеді немесе марқұмның үлесі бөлініп шығарылады. Осыдан кейін қалған мүлік мұрагерлерге беріледі, – деді заңгер.

Мұраны қабылдау үшін ол ашылған күннен бастап алты айдың ішінде рәсімдеу қажет.

Егер бұл мерзім дәлелді себептермен мысалы, ауыр сырқат, емделу, шетелде болу немесе басқа да объективті жағдайлар өткізіліп алынса, мұрагер оны құжатпен растап, нотариусқа жүгіне алады. Егер нотариус мұрагерлік құқық туралы куәлік беруден бас тартса, мәселе сот арқылы шешіледі.

Несие қарызы мұрагерге өте ме?

Бұл – мұрагерлерді ең көп алаңдататын мәселелердің бірі.

Жаслан Шайымовтың айтуынша, мұра құрамына тек мүлік пен мүліктік құқықтар ғана емес, қайтыс болған адамның өлімімен тоқтатылмайтын міндеттемелері де кіреді. Демек, мұраны қабылдаған мұрагер мұра қалдырушының міндеттемелерін, оның ішінде несие қарыздарын да қабылдайды.

Сонымен бірге мынадай құқықтар мен міндеттемелер мұра құрамына кірмейді:

заңда немесе шартта өзгеше көзделмесе, заңды тұлғалардағы мүшелік құқықтар;

өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу құқығы;

алименттік міндеттемелерден туындайтын құқықтар мен міндеттер;

Қазақстан Республикасының еңбек және әлеуметтік қорғау заңнамасына сәйкес зейнетақы төлемдері, жәрдемақылар және басқа да әлеуметтік төлемдерге құқықтар;

заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, мүлікке байланысты емес жеке мүліктік емес құқықтар.

Мұрадан бас тартуға бола ма?

Заң бойынша мұрагер мұраны қабылдағысы келмесе, одан толықтай бас тарта алады. Бұл жағдайда ол мұрадағы мүлікті де, оған байланысты міндеттемелерді де қабылдамайды.

Мұрадан бас тарту нотариус арқылы жазбаша түрде рәсімделеді және мұра ашылған күннен бастап алты ай ішінде берілуі тиіс.

Заңгердің айтуынша, мұраның бір бөлігін ғана қабылдап, екінші бөлігінен бас тартуға болмайды. Мысалы, пәтерді қабылдап, несие қарызынан бас тартуға немесе банктегі ақшаны алып, жылжымайтын мүліктен бас тартуға заң жол бермейді. Мұра толық көлемде ғана қабылданады немесе толық көлемде одан бас тартылады.

Яғни, егер адам мұрадан бас тартса, онда мұра қалдырушының қарыздарын өтеуге міндетті болмайды. Ал мұраны қабылдаған жағдайда, оған мұрамен бірге несие қарыздары мен басқа да сақталатын міндеттемелер де өтеді.

Айта кетейік, Адам өмірден өткеннен кейін оның цифрлық ізі – әлеуметтік желідегі парақшалары, фотосуреттері мен онлайн деректері не болады? «Цифрлық мұра» мәселесі Қазақстанда қалай реттеледі деген сұраққа жауап іздеген едік.