«Қазақстандағы Франция мәдениеті жылы шеңберінде өтіп отырған бұл шара 3 күннен кейін өтетін ҚР Тәуелсіздік мерекесіне үлкен тарту болмақ. Өйткені тәуелсіздік болмағанда Мұстафа Шоқайдың есімінің аталу-аталмауы екіталай болар еді. Бізге осындай жағдай жасауға мүмкіндік беріп отырған ең алдымен ҚР Тәуелсіздігі. Бүгін бізде қос бірдей қуаныш болып отыр. Біріншісі Мұстафа Шоқайдың толық шығармалар жинағының 6 томдығының тұсаукесі болса, екіншісі оны шығарып бізге жеткізіп отырған тарих ғылымдарының докторы, профессор Көшім Есмағамбетовтің туғанына 75 жыл толып отыр», - дейді Рамазан Сүлейменов атындағы шығыстану институтының директоры Әбсаттар Дербісәлі.
Көшім Есмағамбетовтің айтуынша, жинақтың келесі 6 томы 2014 жылы көрнекті мемлекет қайраткері, тарихшы-ғалым, публицист М.Шоқайдың 125 жылдық мерейтойы қарсаңында жарық көрмек. Шығыстану институты Мұстафа Шоқайдың 12 томдық еңбектерін шығарып отыр. Шығыстану институты оны шығарып отырған бұл жинақтарда Мұстафаның көп еңбектерінің түпнұсқаларының көшірмелері Ресейдің, Францияның Сыртқы істер министрлігі, АҚШ-тағы Гувер институтының мұрағаттарынан, Түркия, Англия, Польша, Грузия, Өзбекстан мен басқа мемлекеттердің кітапханаларынан сатып алынды. 2011 жылы Франциядан Мұстафа Шоқайдың жеке мұрағатының электрондық көшірмесін сатып алу осы жобаны іске асыруда зор демеу болды. Басылым ғылыми түсініктермен, Мұстафа Шоқайдың жеке жұмыстарының факсимилесі, оның жеке мұрағатының құжаттарымен және иллюстрациялармен қамтылған.