Мұз астына құлап кеткен үш баланы құтқарған Көкшетау тұрғыны мемлекеттік марапатқа ұсынылады

Фото: Ақмола облыстық ТЖД

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Құтқарушылар Сергей Цупкиннің енді мемлекеттік марапатқа ұсынылатынын растады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Көкшетау қаласының тұрғыны, 42 жастағы Сергей Цупкин Кылшақты өзенінің жағасында жүргенде кездейсоқ кәмелетке толмаған үш баланың мұз үстімен жүріп, суға құлағанын байқаған. Сергей еш ойланбастан оларға көмекке асықты.

- Оның әрекеттерінің арқасында үшеуі де жағаға шығарылып, ең жақын жылы жерге жеткізілді. Қазіргі уақытта қаланың үш кішкентай тұрғынының өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, құтқарушының арқасында оларға уақтылы медициналық көмек көрсетілді, - деп хабарлады ведомство.

Бастапқыда құтқарылған балалар да, аймақтың құтқарушылары да балаларды ажалдан кім арашалап қалғанын білген жоқ. Батыр ер адам әлеуметтік желілердің арқасында табылды.

- Біздің батырымыз аты-жөнін соңына дейін жасыруға тырысты, бірақ біз оны Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне шақыра алдық, онда оған салтанатты түрде алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табыс етілді, - деп қосып өтті облыстық ТЖД ресми өкілі Ерсайын Қойшыбаев.

Енді Сергей Цупкин мемлекеттік сыйлыққа ұсынылатын болады.

Бұған дейін Ақмола облысында Қылшақты өзенінде үш бала мұз астына түсіп кеткенін хабарлаған болатынбыз.