Музей - өлкенің тарихы, халықтың қазынасы - Ғайса Махимов

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгінгі жаһандану заманында еліміздің тарихы мен айбарын халыққа танытып, тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолындағы жоспарлар мен істерді ел ішіне жеткізу маңызды да жауапты міндеттің бірі болып отыр. Осы орайда халқымыздың ғасырлардан тамыр тартатын өткенін, яғни, тарихын халық арасына, кейінгі ұрпаққа таратуда музейлердің маңызы зор.         Музей - ғылыми, мәдени-тарихи орталық. Музейлер - бірнеше дәуірдің тарихын, этнографиясын, тарихи тұлғаларын, өнерін жинақы түрде ұрпақтан ұрпаққа жалғап отыратын институт. Сонымен қатар ол жинақталған мұраны ғылыми түрде зерттеп, зерделеп, халықтың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін танытып отырады. Осы орайда «ҚазАқпарат» тілшісі Батыс Қазақстан облысындағы киелі жерлердің бірі - Хан ордасы ауылындағы Бөкей ордасы тарихи-музей кешені директоры Ғайса Махимовпен әңгімелескен еді.

-Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының «Таяу жылдардағы міндеттер» бөлімінде көрсетілгендей, бұл бағдарлама  білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді. Бұл ретте өлкетану жұмыстарын жүргізу бағытында музейдің өз міндеттері бар. Музей - өлкенің тарихы, халықтың қазынасы, ел-жұрттың тағдыры - бәріміздің тағдырымыз, - деді Ғайса Темірболатұлы.

Қазақстанда музейлер тарихы 1830 жылдан басталады. 1889 жылы 20 маусымда халықаралық «Музейлер ассоциациясы» құрылды. 1918 жылы халықаралық музейлер бюросы құрылып, «Музеон» журналын шығарды. Бұл ЮНЕСКО-ның «Музеум» журналының шығуына негіз болды. 1946 жылы Луврда ЮНЕСКО-ның құрамына енген Халықаралық музейлер кеңесі құрылды. Музейлердің халықаралық кеңесіне (ІСОМ) 1948 жылы - 29, 1950 жылы - 43, 1977 жылы - 109, 1999 жылы 135 мемлекет музейлері мүше болды. 2002 жылы мамыр айынан бастап «Қазақстан музейлері» журналы шыға бастады.

Әр адамның өз отбасы, ата-бабасының өткенін білуімен басталған қызығушылық туған ауылының, қаласының, өлкесінің, мемлекеттің тарихын білуімен жалғасады.                   ХХ ғасырдың бас кезеңінде, заманның қым-қиғаш уақытында,  дәлірек айтқанда, 1917 жылы Бөкей хандығынан шыққан мемлекет және қоғам қайраткері Сейітқали Меңдешев халықтын рухани                         мұрасы - жәдігерлер мен этнографиялық туынды, шежірелерді жинау жөнінде бастама көтерген. Мұны 1919 жылы қоғам қайраткері Мұстафа Көкебаев қостап, Бөкей ордасында «Халық мұражайын» ашу туралы үндеу тастайды. Ал, кейінге шегініс жасасақ, тіпті, хан билеген заманда Нұралыдан тарайтын Бөкей ханның ұлы Жәңгір 1828 жылы өз сарайының бір бөлмесіне қару-жарақ палатасын ұйымдастырып, музей ісін бастап кеткен еді.  Бөкей ордасында музей ісі осылайша бастау алып, 1962 жылы Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі, Ленин орденді Ахметфайыз Юсупұлы Тажетдиновтің Орда өңірінде өткен тарихи оқиғаларға қатысты жинақтаған 55 экспонатымен қоғамдық негізде музей ісі жалғасты.

-Сөзіңіз аузыңызда, Бөкей хандығында, тіпті Қазақ елінде деуге болады, музей ісі Жәңгір ханнан бастау алды деуге толық негіз бар. Кеңес дәуірінде жалғасын тапқанымен, ол негізінен революциялық сипат алып, хандар тарихы мүлдем ұмыт қалды. Тек еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Елбасы Жарлығымен Орда ауданы 2000 жылы Бөкей ордасы ауданы болып аталып, тарихи атауы қайтарылды. Мемлекет басшысы осынау тарихи мекенге арнайы ат басын бұрып, өзінің ізетін білдіргенін бұл өңірдің халқы ұмыта қойған жоқ.

-Иә, Бөкей ордасы ауданының Хан ордасы ауылы - Батыс Қазақстандағы Бөкей мен Жәңгір хандардан бастау алатын, өзінің бай тарихымен көпшілікке танымал елді мекен. Елбасы Н.Ә.Назарбаев киелі Орда топырағына екі мәрте аяқ басып, ең алғаш келгенінде музейдің тілек және пікір кітабына «Өз жерінің, елінің тарихын, атақты азаматтарын құрметтей білу деген халық сана сезімінің өсуіне себеп болмақ» - деп, еліміздің тарихы мен мәдениетін, елге танымал тұлғаларын, өткені мен бүгінгісін насихаттайтын, көпшілікке танытатын музейлер екендігін жеткізді. Ұлт көшбасшысы өңірімізге сапарында осындай тарихы бай мекенді республикаға, шетелдерге таныту қажеттігін айтып, бірнеше тапсырма жүктеген болатын.  Нәтижесінде бір ғана музей Бөкей ордасы тарихи-музей кешеніне жетіп, құрамындағы тарихи-мәдени, архитектуралық ескерткіштер болып табылатын 19-ғасырдың ғимараттары қайта жаңғыртылып, төртеуінде музей жасақталды. Нәтижесінде Бөкей ордасы тарихы музейі, Тәуелсіздік музейі, Хан сарайындағы қару-жарақ палатасы музейі, Бөкей ордасында халыққа білім беру және Тұңғыш қазақ баспаханасы музейлері халыққа қызмет етіп, өлке тарихын жан-жақты насихаттап келсе, олардан басқа кешеннің құрамындағы Ордадағы тұңғыш штаттық дәрігер А.Сергачев үйі, Тарғын мектебі, Ордада болған мектеп қалашығының үйлері де қайта қалпына келтіру жұмыстарынан кейін қызмет етіп келеді. Сәйкесінше музей кешенінің қоры толығып, 16 мыңнан астам жәдігерге жетті. Музей қорын толықтыруға жергілікті тұрғындар, өлкемізден шыққан тұлғалардың ұрпақтары, т.б. атсалысуда. 

Бөкей ордасы тарихи-музей кешені болашақ жоспарында өз қызметін кеңейтіп, кешен негізінде алғашқы облыстық тарихи-мәдени этнографиялық «Бөкей орда»  музей қорығын жасақтап, мәдени-ағартушылық орталыққа айналуды көздейді. Себебі осы өлкеде ХІХ ғасырдан сақталған тарихи нысандар әлемдік мәдени туризм орталығы  болуға әбден лайық.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген 2014 жылдың 4 қарашасындағы      №939 Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасы туралы тұжырымдамасы бойынша Бөкей ордасы тарихи-музей кешені  Батыс аймақтағы «Каспий қақпасы» кластеріне еніп отыр.

Қазіргі таңда қоғамда руханият тапшылығы айқын сезілуде. Туризм, соның ішінде мәдени туризм, осы тапшылықтың орнын толтыруға бағытталады және бұл жерде музейлердің рөлі басым болмақ. Осыған байланысты бүгінгі таңда қоғамды рухани дамыту үшін мәдени туризмді дамыту өте қажет. Мәдени туризм - бұл барған жердің мәдени ортасымен, ландшафтымен, тұрғындардың салт-дәстүрімен, көркем мәдениетімен және өнерімен, түрлі нысандарымен танысып, бос уақытын тиімді өткізуді көздейтін туризмнің бір түрі. Мәдени туризм мәдени іс-шаралар, мұражайлар, тарихи-мәдени мұра нысандарына бару, жергілікті халықпен кездесуді қамтиды. "Мәдени туризм" термині жақында ғана - XX ғасырдың 80-ші жылдарында пайда болса, бүгінде одан бастау алған дербес бағыт - «музей туризмі» кеңінен таралуда.

Музей туризмін дамытуға Бөкей ордасы тарихи-музей кешенінде негіз баршылық, мүмкіндігі де толық жетеді. Мәселен, кешен құрамында 19-ғасырдан сақталған хан Жәңгірдің сарайы көпшіліктің қызығушылығын тудыратыны сөзсіз. Бұл ғимараттың бізге дейін сақталған шығыс бөлігінде «Хан сарайының қару-жарақ палатасы» музейі орналасса, орталық бөлігі тарихи зерттеулер мен хан сарайын көрген саяхатшылардың сипаттамалары бойынша 2010 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы негізінде қайта тұрғызылды. Болашақта мұнда «Хан сарайы» мемориалдық музейін жасақтау жоспары дайындалып, жәдігерлер жинақталуда. Тарихи оқиғалар, танымал тұлғалар, ауыл шаруашылығы, соғыс, еңбек ардагерлері жөнінде және басқа тақырыптарда түрлі шаралар өткізіліп, бейнефильмдер түсірілуде. Еліміздің түрлі телерадио арналарының режиссерлары кешенге келіп, Жәңгір хан, Фатима ханша, тарихи орындар, өлкеміздің халқы туралы материалдар жинақтап, жариялауда. Кешен қызметкерлері кешен қорын толықтыру, өлке тарихын одан әрі зерттеп, зерделеу мақсатында еліміздегі және Ресей қалаларындағы мұрағаттарда жұмыстануда. Көршілес Астрахан, Волгоград облысының қалаларында тарихымызды танытып, еліміздегі, өлкеміздегі оң өзгерістерді баяндайтын бейнероликтер көрсетіліп, түрлі тақырыптағы көрмелер ұсынылуда.

-Ғайса Темірболатұлы, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің өтуіне көп қалған жоқ. Осыған орай туристік маршруттар тізбесіне Бөкей ордасы енгізілгені белгілі. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?

-Биылғы жылы еліміз үшін аса маңызды ірі шара болып табылатын «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің қонақтары мен қатысушыларына арналған туристік маршруттар тізбесіне Батыс Қазақстан облысы бойынша Бөкей ордасы, соның ішінде Бөкей ордасы тарихи-музей кешені енгізілді. «Бөкей хандығына саяхат» тақырыбындағы Астана-Орал-Чапаев-Жаңақала-Орда-Орал маршрутымен келетін қонақтар Бөкей хандығының 210 жылдық тарихы, Хан ордасының іргесінің қалануы, Жәңгір хан, Құрманғазы, Дина Нұрпейісова, Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы  туралы тарихпен, Бөкей даласының географиялық орналасуы, ауа райы, Нарын құмы мен қарағайлы орманы, сондай-ақ Орда, Жаңақала, Чапаев ауылдарының тарихи-мәдени орындарымен таныса алады.

«Ашық аспан астындағы музей» атанған кешен құрамында бүгінгі күні он үш ғимарат және Жәңгір хан, күйші-композитор Дәулеткерей, ғалым-этнограф                              М-С.Бабажановтардың кесенелері құрайтын пантеон бар.  «Хан қорымындағы» 500-ден астам көне құлпытастарды зерттеп, кітапқа енгізу жоспарлануда.

Айта кетейін, жуырда 18 мамыр - Халықаралық музейлер күніне орай апталық ұйымдастырылды. Халықаралық музейлер күні осыдан 40 жыл бұрын, яғни 1977 жылы Мәскеу қаласында өткен Дүние жүзі мәдени қауымдастығының Халықаралық музейлер кеңесінің Бас конференциясында бекітілген болатын. Бұл мейрам 1978 жылдан бері 150-ден астам мемлекетте мерекеленеді. ІСОМ президенті Жак Пероның айтуынша, «музей қоғам өмірінде ерекше орынға ие болып, жұртшылыққа ашық болуы керек». 1997 жылы тұңғыш рет «Музей түні» шарасы Берлин қаласында өткізілген. Бүгінгі таңда республикамыздың барлық өңірлеріндегі музейлерде «Ашық есіктер» күнін өткізумен қатар «Музей түнін» өткізу қолға алына бастады.

Бөкей ордасы тарихи-музей кешенінде бірнеше жылдан бері дәстүрге айналған музей апталығы биыл да 11 мамырдан музей күніне дейін жалғасын тапты. Бағдарламада отандық және жерлес композиторлардың шығармалары орындалды, «Кеңестік кезеңге саяхат» тақырыбында сол кезең киім үлгісімен музей қызметкерлері келушілерді қабылдап, экскурсия жүргізді. «Ұлттық дәстүр» тақырыбында келушілер арасында ұлттық ойындар ойнатылып, ұлттық тағамдардан тарту, ұлттық тұрмысқа қатысты музей экспонаттарынан көрме жасақталды. «Музейге саяхат» күнінде ауыл жастары арасында өлке тарихына қатысты интеллектуалдық ойын, викториналар ұйымдастырылып, әлемдегі сан түрлі музейлер түрлері таныстырылды. Сонымен қатар «Музей - таңғажайып әлем» тақырыбында өткен шарада ересектер мен балалар арасында шахмат, дойбыдан жарыстар өткізілді, әр образды сомдаған музей қызметкерлері көрініс-қойылымдар ұйымдастырды. «Музейге сый» акциясы өткізіліп, музей қорына жәдігерлер қабылданды. «Ортаға сал өнеріңді» шарасында келушілер әр түрлі аспаптарда сахнада өз өнерлерін көрсетіп, жеңімпаздары анықталды. Музей апталығы соңында «Музей түні» шарасы аясында кешен ауласында құрылған экраннан музейлік кешен туралы әр уақытта түсірілген бейнематериалдар көрсетіліп, келушілер музейлерді тегін тамашалады. 

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылғанындай, туған өлкеміздің тарихын кеңінен таныту мақсатында музейлер де өз қызметін жаңа талаптар тұрғысынан атқаратын болады.