***
Бүгінде Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі, білім беру депозиті және мемлекеттің қолдауымен келешекте жоғары білім алуға қаражат жинау туралы жұрт арасында жиі айтылып, ақпарат құралдарында жазылып жүр. Бұл қандай жүйе, оның мақсаты неде? Осы жөнінде оқырманға толығырақ мәлімет беру үшін « Егемен Қазақстан » газеті Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамының президенті Рамазан Әлімқұловты әңгімеге тартқан. Р.Әлімқұловтың айтуынша, бұл салымның басқа депозиттерден ерекшелігі: біріншіден, оған банктің ай сайынғы сыйақысымен қоса, жыл барысында 5-тен 7 пайызға дейін мемлекет сыйлықақысы төленетіндігінде. Екіншіден, ол жеке тұлғалардың депозиттерін кепілдендіру қорымен қорғалған. Үшіншіден, білім беру салымдарының иелері мемлекет сыйлықақысы бойынша жеке табыс салығын төлеуден босатады. Және жинақталған қаражат оқу үшін төленетін ақының тең жартысын құраған жағдайда «Қаржы орталығы» АҚ-ның 100% кепілдігімен жеңілдетілген шарт негізінде білім беру кредиті беріледі. «Салым иесі мемлекеттік білім грантын алып оқуға түссе, жинаған жарнасы білімнің басқа деңгейіне қаражат жинақтауды жалғастыра береді. Не болмаса, жинаған ақшасын банктің, мемлекеттің сыйлықақысымен бірге қолма-қол алуына, болмаса үшінші тұлғаның атына аударуына болады. Егер салымшы денсаулығына байланысты оқуын жалғастыра алмаса, оқуға қабілетсіздік танытып жатса, сондай-ақ, салымшы қайтыс болған жағдайда жинақталған қаражат иесіне не салымшының заңды өкіліне беріледі немесе үшінші адамның атына ашылған салымға аудара алады. Қазіргі уақытта бұл жүйе Қазақстанның барлық өңірінде іске қосылды, өз жемісін бере бастады», деді ол. Сұхбат « Жинақтау жүйесіне жылы қабақ танытушылар көбейіп келеді » деген тақырыппен берілген.
«Кеше Парламент Мәжілісінде «Техникалық, кәсіптік және жоғары білім беру жүйесінде экономика салалары үшін кадрлар даярлаудың сапасы мен перспективалары» деген тақырыпта өткізілген парламенттік тыңдау білім мен ғылым саласындағы жетістіктерге құрылған көрмені тамашалаудан басталды», деп жазады « Егемен Қазақстан » газеті сенбілік санындағы « Кеуделі мақсатқа қол жеткізудің алғышарты - адам капиталын дамыту » деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, парламенттік тыңдауда сөз алған Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова еңбек нарығы мен білім беру үдерісі арасындағы өзара байланысты регламенттейтін стандарттарды жаңғырту мәселесіндегі алғашқы кезектегі қадам сабақ жіктемелерін жетілдіру екендігін ортаға салды. Оның пайымынша, бұл жетілдіруді жұмыс берушілер мен білім беру жүйесі басшылыққа алуы тиіс. Г.Әбдіқалықованың ойынша, кадрларды дайындау жүйесіндегі жаңа элемент барлық кәсіптер бойынша білімді, дағдыны және құзыретті айқындайтын білім мен бизнес арасындағы өзара байланыс. Соның негізінде жаңа білім беру бағдарламасы әзірленуі тиіс.
Ал Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов бұл саладағы кемшіліктердің барлығын мойындады. Әлі күнге дейін халықтың бірінші техникалық кәсіп игеруіне тең қолжетімділік қамтамасыз етілмеген. Бүгінде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде аталған санаттағы жастардың тек 17 пайызы қамтылыпты. Қазіргі кезде 14 пен 24 жас аралығындағы 633,2 мың жастың мамандығы жоқ. Бұлар жалпы Қазақстан жастарының 20 пайызын құрайды. Олардың 94 мыңы еш жерде жұмыс істемейді. Колледждерге қолжетімділік бойынша Оңтүстікте 7 мың орын тапшылығы бар болса, ал солтүстік және шығыс өңірлердегі осы оқу орындарындағы профицит 4 мың орынды құрайды.
***
« Музыка пәні ұлттық сананы қалыптастыра ала ма? ». « Айқын » газетінің жазуынша, дәл осы сұраққа жауап беру мақсатында Алматы қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы №123 мектеп-гимназиясында «Бастауыш сыныпта» «Музыка» пәнін оқытудың жай-күйі: бүгіні мен болашағы» атты семинар өтті. Басылымның жазуынша, мамандар еліміздің барлық мектептерінің оқушылары бұрынғы «Ән-күй» қазіргі «Музыка» пәнін ескі кеңестік стандарттар негізінде жазылған, аударма оқулықтармен оқуға мәжбүр екендігін айтуда. Кейінгі жылдары шықса да, кейбір оқулықтарымыз кеңестік сипаттан әлі де арыла алмапты. Яғни жаңа оқулықтарға қазақтың ұлттық аспаптары жайлы, дала сазгерлері туралы ақпарат енгенімен, мұндай кітаптар өзінің түп-тамырын кезіндегі Ковалевскийдің шіркеу балаларына арналған еңбектерінен алады екен. «Шыны керек, бұл мәселені айта-айта ауыз талды. Тіпті осы күнде тізесі шыққан тақырыпқа айналып барады. Мамандар бұл мәселені сөз жүзінде қалдырып қоймай, нақты шараларды да қолға алып, «Мұрагер» бағдарламасын дайындады. Алайда дайын бағдарламаның өзін дұрыс жүзеге асыра алмай жатырмыз. Әйтпесе бұл жоба аясында «Музыка» пәнінің оқулығы, әдістемесі, фонохристоматиясы да дайындалып қойған. Қазақстанның біраз мектептері тәжірибе ретінде осы бағдарламамен оқып, жақсы нәтижеге де қол жеткізді. Алайда, әлі күнге дейін бұл оқулықтар мектеп бағдарламасына толықтай енгізілмей келеді», - дейді Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Абдулхамит Райымбергенов.
« Айқын » газетінің жазуынша, Алматы облысының Талғар аудандық прокуратурасы шаруа қожалықтарының иелеріне қарсы талап арыз түсірді. Қадағалаушы ұйым жеке адамдардан мемлекет қазынасына миллиондаған теңге қаржыны қайтаруды талап етуде. «Мәселенің мәнісіне үңілсек, өткен жылы жергілікті әкімшілік пен жер қатынастары бөлімі қожалық иелерінен айналма автокөлік жолының құрылысы үшін біраз жерді қайтарып алған. Ол үшін адамдарға нарықтық құнына сәйкес лайықты өтемақы төленген. Алайда арада бір жыл өткен соң прокуратура жерлерді қайта сатып алу үшін артық қаржы жұмсалған деп отыр. Негізінде аудан тұрғындары бұл телімдерді екі мыңыншы жылдардың басында сатып алған бағасы немесе кадастрлық құны бойынша сатуы керек еді», деп жазады басылым. Басылымның жазуына қарағанда, Талғар ауданындағы 40 шаруа қожалығының иесі мемлекеттік мұқтаждық үшін қайтарып алынған жер телімдері үшін әрбір сотыққа орташа 1300-3000 доллардан өтемақыларын алған. Енді бір жыл өткен соң бұл телімдер іс жүзінде анағұрлым арзан тұрады дегенді алға тартып, прокуратура шаруаларды сотқа сүйрей бастапты. Мақала « Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? » деген тақырыппен жарияланған.