Ұлттық экономика министрі Қ.Бишімбаевтың мәліметінше, ел экономикасындағы оң динамика сақталуда: қаңтар-маусым айларында еліміздің ЖІӨ-сі 0,1%-ға өскен. Сондай-ақ негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 8,5%-ға өсіп отыр.
Қуандық Бишімбаевтың түсіндіруінше, экономиканың өсімі «Нұрлы жол» және индустрияландыру бағдарламаларын жүзеге асыру арқасында мүмкін болған. Республикадағы құрылыс жұмыстарының көлемі 6,6%-ға артыпты. Бұған өндірістік объектілердің және тұрғын үй кешендері-нің көптеп іске қосылуы серпін берген. Ауыл шаруашылығының өнім шығару көлемі мал шаруашылығындағы өндірістің артуы есебінен 2,7%-ға ұлғайған. Несиелендіру көлемі де қайтадан ұлғая бастапты. 2016 жылғы қаңтар-мамыр айларында банктер 3,7 триллион теңге несие берген, бұл былтырғы сәйкес мерзімдегіден 6,7%-ға көп.
Еліміздің өңірлері де өсім жолына шығуда. Экономикалық көрсеткіштер бойынша Ақмола (6,5%), Оңтүстік Қазақстан (5,3%) және Шығыс Қазақстан (4,3%) облыстары көш бастауда.
Сонымен бірге өңірлерде бірқатар ірі нысандардың құрылысы аяқталды. Қарағанды облысында «Жезқазған-Бейнеу» және «Арқалық-Шұбаркөл» теміржолдары салынып бітті. Қызылорда облысында «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралді газ құбырының және «Жезқазған-Сексеуіл» темір жол желісінің құрылысы тәмамдалды. Алматы облысында «Асыл Арман» тұрғын үй кешен салу, «Алматы-Қапшағай», «Алматы-Өскемен» және «Алматы-Қорғас» автокөлік жолдарын қайта қалпына келтіру бойынша жұмыстардың негізгі ауқымы артта қалды.
Үкімет отырысының күн тәртібіне ел экономикасын дамыту, соның ішінде индустрияландыру мәселелері де шығарылды. Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек Елбасының тапсырмаларына, «жаһандық салалық және технологиялық тренд-үрдістерге» сәйкес, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына өзгерістер енгізу жобасын ұсынды. Және бұл жобаны Үкімет мүшелері отырыста бірауыздан мақұлдады. Жаңарған бағдарлама бойынша экспорттаушылар қолдау көретін болады.
Министрдің айтуынша, өңдеу өнеркәсібін дамуға тиімді ынталандыру саясаты жалғасады. Бұған қоса, еңбек өнімділігі мен дайын өнімдер экспортының көлемі өсуі тиіс екен. Мақсатты - индикаторлар бойынша 2019 жылға қарай өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің экспорты 2015 жылмен салыстырғанда, 19%-ға артуы тиіс. Бұл ретте осы саладағы еңбек өнімділігінің өсімі 22%-ға өсуі керек. Ал негізгі капиталға салынар инвестиция көлемін 2015-2019 жылдары 4,5 триллион теңгеге дейін жеткізу көзделуде.
- Қойылған міндеттерге қол жеткізу мақсатында Инвестициялар және даму министрлігі өнеркәсіптің барынша экспортқа бағытталған 8 секторын іріктеп алды. Бұлар - қара және түсті металлургия, мұнай өңдеу, мұнайхимия және агрохи-мия, автомобильжасау және электрлі-техникалық машинажасау, сондай-ақ тамақ өнімдерін өндіру. Мұның сыртында бұған дейін белгіленген 14 басымдықты секторда да мемлекеттік қолдау шаралары жасала-тын болады, - деді Ж.Қасымбек.
Үкімет іске асыратын жұмыстардың негізгі бағыттары аясында Индустрияландыру картасын қалыптастырудың әдіс-тәсілдері қайта қаралады, мемлекеттік қолдау көрсетудің рәсімдері мен ережелері де қайта түзіледі, бұл ретте негізгі критерий ретінде экспортқа бағдарлану және өнімділік алынады. Ұлттық экспорттық брендтерді қалыптастыру және ілгерілету жүргізіледі.
Инновациялар орталықтарын қалыптастыру аясында «стартаптарды» қолдау күшейтіледі. Халықты өнімді еңбекпен қамту шаралары қабылданады. Осылайша, күшті өңдеу секторы айналасында мемле-кет өнімді қызмет көрсету секторларын өрістетпек, ал тауарлар экспортының артуы экономикаға орнықтылық береді және шикізат бағаларына тәуелділікті азайтады.
Елдос СЕНБАЙ