Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз қызметі Twitter-де атап өткен. .
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасының қос палаталы Парламенті заң шығару қызметін жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкілді органы болып табылады. Қазақстан Республикасы Парламентінің ұйымдастырылуы мен қызметі, оның депутаттарының құқықтық жағдайы Конституциямен, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңмен және басқа да заңнамалық актілермен айқындалады. Парламенттің өкілеттігі бірінші сессиясы ашылған сәттен басталып, жаңа сайланған Парламенттің бірінші сессиясы жұмысқа кіріскен кезден аяқталады.Парламенттің өкілеттік мерзімі кезекті сайланымдағы Мәжіліс депуттарының өкілеттік мерзімімен айқындалады. Парламенттің өкілеттігі Қазақстан Республикасының Конституциясында көзделген жағдайларда және тәртіппен ғана мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.
Парламент тұрақты негізде жұмыс істейтін екі Палатадан: Сенаттан және Мәжілістен тұрады.
Сенат әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан, тиісінше облыстық,республикалық маңызы бар қаланың және республика астанасының барлық өкілді органдары депутаттарының бірлескен отырысында сайланатын депутаттардан құралады. Сенатта қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де елеулі мүдделерінің білдірілуін қамтамасыз ету қажеттілігі ескеріліп, оның он бес депутатын Республика Президенті тағайындайды. Сайланған Сенат депутаттарының жартысы әрбір үш жыл сайын қайта сайланып отырады. Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі - алты жыл.
Мәжіліс жүз жеті депутаттан тұрады. Мәжілістің тоқсан сегіз депутаты саяси партиялардан партиялық тізімдер бойынша жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Мәжілістің тоғыз депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды. Мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауы Парламенттің жұмыс істеп тұрған сайланымы өкілеттігінің мерзімі аяқталардан кемінде екі ай бұрын өткізіледі. Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі -бес жыл.
Бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жаңа құрамы 2012 жылғы қаңтарда қалыптастырылды.
Бесінші шақырылымда конституциялық нормаларға сәйкес 2008 және 2011 жылдары сайланған, 2007 және 2011 жылдары Қазақстан Республикасының Президенті тағайындаған Сенат депутаттарының өкілеттіктері жалғастырылды.
Парламент Мәжілісінің сайлауына жеті саяси партия қатысты, олардың үшеуі қорытынды нәтижелер бойынша сайлаушылар даусының 7%-дан астамын жинады және Парламент Мәжілісіне: «Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық партиясы (80,99%), Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы (7,47%), Қазақстанның Коммунистік халық партиясы (7,19 %) өтті.
Парламент Мәжілісінде «Нұр Отан» партиясынан 83 депутат, «Ақ жол» партиясынан - 8 депутат, ҚКХП-нан - 7 депутат жұмыс істейді. Қазақстан халқы Ассамблеясынан - 9 депутат. Мәжіліс құрамында барлығы 107 депутат бар.
Мәжілістің құрамына өткен сайланымдағы депутаттық корпустың 43 депутаты кірді.
Бесінші сайланған Парламенттің бірінші сессиясында қос палата депутаттары тарапынан 302 депутаттық сауал жолданды. Осыған байланысты, депутаттық сауалдардың бұрынғыдан сапалы бола түскенін, бірін-бірі қайталаулардың болмағанын атап өту керек.
Парламент қоржынына 70-тен астам заң жобасы келіп түссе, соның 39-ын Мәжіліс мақұлдап, 36-сы Парламентпен қабылданды. Осы қабылданған заңның 22-сіне ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қол қойып, құжаттар заңды күшіне енді. Қабылданған заңдардың барлығы да стратегиялық даму бағдарламалары мен қазіргі міндеттерді іске асыруды қамтамасыз етіп, құқықтық негізді елеулі түрде нығайтты. Атап айтқанда, осы сессияда индустриялық-инновациялық қызмет, энергияны үнемдеу, мен оның тиімділігін арттыру, газбен қамтамасыз ету, бәсекеге қабілетті кәсіпорындарды өркендету туралы бірқатар заңдар қабылданды.
Парламент депутаттарының екінші сессиясы кезеңінде оның қарауына 2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы, ҚР Ұлттық қорынан кепілдендірілген трансферттерді бөлу туралы, кепілдендірілген мемлекеттік заңгерлік көмек туралы және басқа да заң жобалары келіп түседі деп күтілуде.
Сондай--ақ мемлекеттік шекара туралы және Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы заңдарды жаңа редакцияда сапалы қарап, қабылдау күтілуде.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Үкімет Парламентпен және «Нұр Отан» ХДП-мен бірлесе отырып 2012 жылдың соңына дейін әлеуметтік саладағы ұлттық заңдарға түгендеу жүргізіп, әлеуметтік жаңғыртудың мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес оны реформалаудың Тұжырымдама жобасын енгізуі тиіс.
Қазақстан қоғамының төменгі басты индикаторлары көрсетілген әлеуметтік стандарттар мен әлеуметтік құқыққа кепілдіктер туралы заң қабылдау көзделеді.
«Парламентке таяудағы сессиялар кезінде неғұрлым қажет етілетін заңдық актілерді қараған жөн болады. Мұнда жаңа заңдардың тиісті мәселелерді кешенді шешуін, олардың тікелей әрекет етуін, қазақстандықтардың күткен үміттеріне сәйкес келуін, халықтың өмірін қолайлы да ыңғайлы етуін, бәріне түсінікті де қолжетімді болуын ереже есебінде басшылыққа алу керек», деп атап көрсетті Елбасы өзінің стратегиялық мақаласында.