Кеңеске Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин, Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед, Президент Әкімшілігінің Басшысы Аслан Мусин, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев, «Атамекен» Одағы» Қазақстанның ұлттық экономикалық палатасы (ҚҰЭП) президиумының төрағасы, ««КаzEnergy» мұнайгаз және энергетикалық кешендер ұйымдары қауымдастығының төрағасы Тимур Құлыбаев және «Атамекен» Одағы» ҚҰЭП-ның өзге де өкілдері қатысты.
Мемлекет басшысы кеңесті аша отырып, мемлекет бизнестің орнықты дамуы үшін барлық жағдай жасап отырғанын атап өтті. Қазақстан Президенті шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнім құрылымындағы үлесі өткен жылы 17 пайыздан 21 пайызға өскенін атап көрсетті. Алайда, бизнестің белсенділігі әлі де болса төмен. Нұрсұлтан Назарбаев шағын және орта бизнестегі кәсіпорындардың елдің ішкі жалпы өніміне үлесін 2020 жылы 40 пайызға дейін ұлғайту міндетін қойды.
- Қазақстан Бүкіләлемдік банктің «Doing Business» рейтингісіндегі 2008 жылы 64-ші орында болса, 2011 жылы 47-ші орынға өту арқылы өзінің позициясын жақсартты. Бүкіләлемдік банктің бағалауы бойынша Қазақстан бизнесті ашу, меншікті тіркеу, инвесторларды қорғау, салық салу, келісім-шарттардың орындалуын қамтамасыз ету, кәсіпорынды тарату тәрізді рейтингі өлшемдері бойынша көшбастаушы елдердің қатарына қосылды. Үкімет жұмысы бүгінде шағын және орта бизнес үшін дамудың сапалы жаңа деңгейіне шығуына мүмкіндік беретін маңызды үш бағытқа тоғыстырылды. Бұл әкімшілік кедергіні азайту, салық және кеден әкімшілігін жетілдіру және қаржы институттарын кеңейту, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Кеңесте сондай-ақ кәсіпкерлер - «Атамекен» Одағы» ҚҰЭП президиумының мүшелері сөз сөйледі. «Атамекен» Одағы» Қазақстанның ұлттық экономикалық палатасы басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов аталған ұйым Мемлекет басшысының бастамасы бойынша 2005 жылы құрылғанын, белгілі бір жетістікке жеткенін және бүгінде 130-дан астам түрлі өңірлік және салалық кәсіпкерлер қауымдастығын біріктіріп отырғанын атап өтті.
- Қазір кәсіпкерлік қауымдастығы заңды мүшелік институтын енгізу үшін кемеліне келді. Заңды мүшелік барлық кәсіпкерлерді, әсіресе ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерді тартуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Салық кеңесін, бухгалтерлік кеңес беретін, маркетингілік және заңгерлік көмек көрсететін қолдау институттары әрбір аудан орталығында пайда болады. Бұл моноқалалар мен шағын қалаларды дамыту үшін өте маңызды, - деді А.Мырзахметов.
«Атамекен» Одағы» ҚҰЭП президиумының мүшесі, «Қазақстан халық банкі» АҚ басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова қазіргі уақытта көптеген банктер жеткілікті немесе артық мөлшерде, бірақ қысқа мерзімді төлемпаздыққа ие екенін айтты.
- Алайда мұндай төлемпаздық клиенттерге ұзақ мерзімді несие беру үшін еркін пайдаланылуы мүмкін емес. Сондықтан «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында субсидияға қосымша шағын мөлшерлеме бойынша шағын және орта бизнес кәсіпорындарына екінші деңгейлі банктер арқылы ұзақ мерзімді қаржыландыру бөлу мүмкіндіктерін табу қажет. Бір жағынан алғанда, мұндай тетік кәсіпорындардың қалпына келіп, жаңа жобаларды дамытуына көмектеседі, - деді Ү.Шаяхметова.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы күшті бизнес қоғамдастығын құру үшін бірқатар шараларды ұсынды. Бірінші кезекте, бұл бизнестің қоғамдық ұйымдарын институционалды тұрғыдан күшейту және заңнамалық жұмысты жүйелі жақсарту. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет реттеу функциясының бір бөлігін беруге дайын екенін, алайда бизнес қабылданған шешімге байланысты жауапкершілікті өзіне алу керектігіне назар аударды.
Мемлекет басшысы елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі міндет Қазақстанның Бірыңғай экономикалық кеңістікке және Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі тұрғысынан ерекше маңызды бола түскенін айрықша атап өтті.
Қазақстан Президенті сондай-ақ мемлекет өз жұмысында бірқатар принципті өзгерістер қабылдауы қажеттігіне тоқталды. Атап айтқанда, салықтық және кедендік әкімшілендіуді жетілдіру жөнінде жұмысты жалғастырып, институционалдық тұрғыда шешім қабылдау маңызды.
- Ең бастысы, мемлекеттік органдардың негізгі міндеті бизнесті дамыту, оның өнімдерін сыртқы өткізу рыногына шығуы үшін қолайлы жағдай жасау болуы тиіс. Министрлер мен әкімдер жол немесе зауыт құрылысы тәрізді тек жеке жобалармен ғана айналыспауы қажет. Отандық бизнестің проблемаларымен дәйекті түрде айналысып, оның шетелдегі мүддесін жүйелі негізде қорғауы қажет, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы мемлекет пен бизнестің барлық жұмысы тұтынушылардың мүддесі призмасы, олардың қауіпсіздігін, сондай-ақ мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету арқылы жүргізілуі тиіс екенін атап көрсетті.
Қазақстан Президенті кеңесті қорытындылай келе, Үкіметке бизнес қоғамдастығымен және ұйымдарымен бірлесіп тұтынушылардың құқығын қорғау жөнінде әрбір айтылған мәселені пысықтап, сол бойынша нақты ұсыныстар әзірлеп, оның есебін биылғы 1 қазанға дейін беру туралы тапсырма берді.