Телекөпір барысында Елбасы 18 жоба іске қосылды. Н. Назарбаевтың айтуынша, ең төменгі есептеулердің өзінде бұл жобалар біздің экономикамызға қосымша 270 млрд. теңге кіріс әкеледі, сондай-ақ 3300 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылады.
Елбасының қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпір барысында іске қосылған жобалар:
Павлодардағы коксты қайта өңдеу бойынша мұнай-химия өндірісі. Қазақстанның ешбір кәсіпорнында кездеспейтін жаңа қондырғы Павлодар мұнай-химия зауытынан алынатын шикі мұнай коксын 1250-1350°С дейін қыздырады. Өнімді алюминий шығаратын Қазақстан электролиз заводы тұтынып, Қытай коксына тәуелді болмайды. Алдағы уақытта қыздырылған мұнай коксы Ресей мен Қытайға экспортталады.
Алматы облысындағы жаңа фармацевтикалық зауыт. Фармацевтикалық зауыт GMP стандарттарына сай дәрілік препараттар шығарады. Зауыт түрік фармацевтика секторының үздігі - АБДИ ИБРАХИМ компаниясына тиесілі. Кәсіпорын дәрілік өсімдіктерге бай Қазақстанның дәрі-дәрмекті сырттан тасуын азайтып, фармацевтика дамуын 10 пайызға арттырып, жетекші елдер қатарына енуге мүмкіндік береді. Зауыт шығаратын қан қысымын төмендететін және туберкулезге қарсы препараттар, қандағы қант құрамын төмендететін дәрілер мен жаңа антивирустық препараттар сапалы әрі қауіпсіз. Өнім экспортқа да бағытталған.
Ақтөбе облысындағы Ет өңдеу комбинаты. Ет өңдеу комбинаты 10 000 ірі қара малы бар «Актеп» серіктестігінің мал бордақылайтын алаңына жақын орналасқан. Мал соятын өндірістік цехта жаңа технологиямен жоғары сапалы мұздатылған ет өндіріледі. Әлемдік талапқа сай өнімнің басым бөлігі Ресейге экспортталады. Кәсіпорын сағатына 15 бас, ауысымда 105 бас, жылына 32 мың бас ірі қара етін өңдейді.
Атырау облысындағы «Caspiy Lana Atyrau» ЖШС жүн өнімдері өндірісі. Атыраудағы жүн өнімдерінің алғашқы өндірісі - түйе және қой жүнін бастапқы өңдеуден дайын тоқыма өнімдеріне дейін жеткізетін бірегей жоба. Ішкі нарық қажеттілігін өтейтін өнімдердің сапасы өте жоғары. Жүннен тоқылған бұйымдар табиғи таза, жайлы және жеңіл. Өндіріс мал жүнін кәдеге жаратып қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартады. Фабрикада жылына 100 тонна түйе жүнін және 350 тонна қой жүнін өңдеу мүмкіндігі бар. Өндірілген жүннен 400 мың метр дайын өнім шығарылатын болады.
Солтүстік Қазақстан облысындағы тез пісетін тағамдар өндірісі. Зауыт Қазақстан үшін жаңа өнімнің 25 атауын өндіретін болады. Ол ішкі нарықты қамтамасыз етуге және өнімді экспортқа шығаруға мүмкіндік береді. Жобаға «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттік қолдау жасалды.
Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Әлем БТ» ЖШС-ның дайын тоқыма бұйымдары өндірісі. Фабрика жоғары сапалы шұлық өнімдерін шығарады. Өнімнің 70 пайызы ішкі нарыққа бағытталса, 30 пайызы Ресей, АҚШ және Кореяға экспортталады. Шұлық шығаруға қажет шикізат арнайы экономикалық аймақта орналасқан тоқыма кәсіпорындарынан тапсырыспен алынады. Жоба «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында іске асырылды. Бүгінде, құны 28 млрд. теңгені құрайтын 10 жоба іске қосылып, 2144 адам жұмыспен қамтылған.
Қостанай облысындағы "Жас қанат-2006" құс фабрикасы жаңғыртудың жаңа кезеңіне көшті. Құс фабрикасына республикада баламасы жоқ көп қатарлы тор жабдықтары қойылды. Құны 1 млрд. теңге тұратын жоба аясында жылына 250 млн. жұмыртқа алу жоспарланып отыр. Жаңа жабдық еңбек өнімділігі мен өндіріс қуатын арттырады. Фабрикада тұрақты жұмыс орындары ашылып, Рудный қаласының әлеуметтік-экономикалық ахуалының жақсаруына ықпал етеді.
Алматыдағы «COLOR International Technologies» ЖШС-ның лак және бояу материалдары өндірісі. Алматы қаласындағы лак-бояу материалдарын шығаратын зауыт ішкі нарықты толықтай қамтып, тауарды сырттан тасуды азайтады. Республикада баламасы жоқ өндіріс толық автоматтандырылып, еуропалық жоғары технология арқылы жылына 15 мың тонна бәсекеге қабілетті, экологиялық таза өнім шығарады.
«ASTANA Ютария Ltd» инновациялық өндірістік компаниясы» ЖШС-ның "KazTexExpo" автоматтандырылған сауда-өндірістік кешені. "ASTANA Ютария Ltd" инновациялық өндірістік компаниясы» отандық жеңіл өнеркәсіп үздіктерінің бірі. Бүгінде ол отандық кәсіпорындарды әлемге әйгілі Zoje брендінің тігін машиналарымен толықтай қамтамасыз етеді. Бұдан былай республикада автоматтандырылған, шығыны аз, өнімділігі жоғары тігін машиналары шығарылады. Бір терезе қағидасы бойынша тігін машиналарын орнату, кеңестік қызмет көрсету, құжат дайындау жұмыстары қосымша жүргізіледі. Сондай-ақ, фабрика тігін және трикотаж өнімдерінің бірнеше түрін шығарады. Жеңіл өнеркәсіп өнімдерін жобалауда инновациялық тәсілдер, бұйымдар жасауда нанотехнологиялар қолданылады.
Ақмола облысындағы «Capital Projects LTD» серіктестігі бройлер құс фабрикасының 2-ші жобасы. Фабрика қуаты жылына 20 мың тонна салқындатылған құс еті мен 300 тонна терең қайта өңделген өнімді құрайды. Жоба Астана азық-түлік белдеуіне кіреді және елорданы 100 пайыз ет өнімдерімен қамтамасыз етеді, сонымен қатар республикаға әкелінетін ет импортын 15 пайызға қысқартады.
Қызылорда облысындағы "РМЗ-Шапағат" ЖШС-ның үй құрылысы комбинаты. Комбинат жылына 35 мың шаршы метр каркасты тақта үйлерін тұрғызады. Үй салуда комбинат сапалы әрі қауіпсіз неміс технологиясын пайдаланады.
Маңғыстау облысындағы «Ақтау солтүстік теңіз терминалы» ЖШС Ақтау халықаралық теңіз сауда портын солтүстік бағытта кеңейту жобасы. Өте қысқа мерзімде салынған порттың инфрақұрылымы порттың өткізу қуатын жылына 3 тоннаға дейін арттырады.
Ақмола облысында ғы жел электр стансасы . Өндірістік жел электр станциясы өңірдің энергия тапшылығын төмендетеді. Қоршаған ортаға зиянсыз. Сондай-ақ, отын-энергетика қорының жалпы шығынын азайтады. Алдағы уақытта «ЭКСПО-2017» нысандарын жаңартылған энергия көздерімен қамтамасыз етуге қатысады. Бұл - Қазақстандағы өндірістік ауқымдағы алғашқы жел электр станциясы. 45 МВт таза электр қуаты жылына 100 мың тоннаға жуық көмірді үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ компанияның жоспарында қуаттылығы 300 МВт-қа дейін жететін бірнеше кезеңнен тұратын жобалар бар.
«Астана Дизель Сервис» ЖШС-нің дизельді қозғалтқыштар шығаратын зауыты. Теміржол машина құрылысын одан әрі дамыту бағдарламасының аясында зауыт американың General Electric компаниясына тиесілі технология бойынша шығатын Evolution сериялы локомотивтерге арналған 12 цилиндрлі дизель қозғалтқыштарына жоғары сапалы қызмет көрсетеді және оларды күрделі жөндеуден өткізеді, сондай-ақ, осы қозғалтқыштарды құрастырады.
Батыс Қазақстан облысындағы электр станса сы. Қуаттылығы 100 МВт газ-турбиналық электр стансасы өңірді сапалы қуат көзімен қамтып, Ресей энергиясына тәуелділікті жояды. 70 жаңа жұмыс орны ашылып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына ықпал етеді.
«KAZ Minerals» тобының құрамына кіретін Бозшакөл кешені мен Ақтоғай кен байыту кешендері. Бозшакөл кешенінде жылына 30 миллион тонна кен қазып, қайта өңдеп шығарады. Өндірістің өнімділігі Қазақстандағы қазіргі мыс өндіретін кәсіпорындармен салыстырғанда 15 есе артық болады. Кәсіпорынның жеке қуатты тау-кен техника паркі құрылған. Екінші жоба - Ақтоғай кен байыту кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Дегенмен, Ақтоғайда қазірдің өзінде қышқыл кен өңдеу жөніндегі кешен жұмысын бастауға дайын. Ақтоғай кен байыту кешенінен алғашқы катодты мыс алған.
«Karazhal Operating» серіктестігінің барит өңдеуге арналған өндірістік кешені. «Karazhal Operating» серіктестігінің барит өңдеуге арналған өндірістік кешені Индустрияландыру картасына енген бірегей жоба. Қаражал қаласының келешегі үшін аса маңызды кешен мұнай-газ саласындағы жетекші көшбасшы «Halliburton» компаниясымен бірлесіп жүзеге аспақ. Мақсат - мұнай-газ өндіруге қажет барит концентратын әзірлеу. «Бестөбе» мен болашағы зор басқа да кен орындарында барит өндіру. Өнім Қазақстаннан басқа Өзбекстан, Ресей, Әзербайжан, Түркіменстан елдеріне экспортталады.
Қаратаудағы «Еврохим-Қаратау» кешені. Кешен қуаттылығы жылына 640 тонна құрайтын фосфор ұнын шығарады. Жобаның құны 27 млрд. долларды құрайды. ***
Жалпыұлттық телекөпірден соң Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Президентінің «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының жеңімпаздарын марапаттады.
Сонымен, Президенттің «Алтын сапа» сыйлығының «Ең үздік индустриялық жоба» аталымында Павлодар облысының «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС лауреат атанып, кәсіпорынның президенті Владимир Ким Елбасының қолынан "Алтын сапа" сыйлығын алды.
Сондай-ақ, Президенттік арнаулы «Алтын сапа» сыйлығы аясындағы «Үздік инновациялық жоба» аталымы бойынша Алматы қаласындағы «Элтекс Алатау» ЖШС топ жарып, «Алтын сапа» сыйлығына ие болды. Компания телекоммуникациялық және желілік құрылғыларды, сондай-ақ сәйкес бағдарламаларды шығарады. Өз өнімдерін Түркіменстанға экспорттайды.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі республикалық «Парыз» сыйлығының Гран-приі «Самұрық Энерго» акционерлік қоғамына тапсырылды. Компанияның басқарма төрағасы Алмасадам Сатқалиев ҚР Президенті Н.Назарбаевтың қолынан «Парыз» сыйлығын алды.