Н. Назарбаев кәсіпкерлердің «Атамекен» Одағының мүшелігіне міндетті түрде өтуін қолдады

АСТАНА. 22 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне арналған кеңес барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда кәсіпкерлердің «Атамекен» Одағы» Ұлттық экономикалық палатасының мүшелігіне міндетті түрде өту институтын құру идеясын қолдайтындығын жеткізді.

«Атамекен» Одағы, ең біріншіден,  құқық қорғау органдарының әріптесі болуы шарт. Ол үшін оның жауапкершілігін барынша көтеру қажет», - деп атап көрсетті Н. Назарбаев.

Президенттің айтуынша, кәсіпкерлердің мүддесін қорғайтын ұйымдар барлық дамыған мемлекеттерде бар.

«Мен Австрияда болдым. Ол жердегі кәсіпкерлер палатасы Үкіметтің сенімді әріптесі болып саналады. Бізде де ондай ұйым болуы керек. Онымен мен де, Үкімет те жұмыс істеуге даяр. Сондықтан мен «Атамекен» Одағына мүше болу міндетін қолдаймын. Бірақ, оның мүшелігіне өтіп, жарна төлеген кәсіпкерлер ұйым құрамына не үшін кіргендерін, одан қандай көмек ала алатындығын нақты білуі тиіс», - деді Президент.