Н.Назарбаев мемлекеттік сатып алулар бойынша шағымдарды шешудің апелляциялық комиссиясын құруды талап етті

АСТАНА. 22 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне арналған кеңес барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік сатып алулар бойынша шағымдарды шешудің апелляциялық комиссиясын құру қажеттігін айтты.

«Сатып алулар бойынша шағымдарды шешудің апелляциялық комиссиясын құру мәселесін зерделеу қажет. Шағымдарды қараудың, фактілерді тексерудің тәртібін, мерзімін нақты әзірлеу керек», - деді Президент.

Мемлекет басшысының атап өтуінше, комиссияның өкілеттілігін, жауапкершілігін айқындап, басқа да бақылаушы органдармен бірлескен іс-қимылдардың тәртібін нақтылаған дұрыс.

«Ол толықтырылуы қажет. Әрі қолданыстағы тексеру органдарының қызметін қайталамауы тиіс», - деді Елбасы.