Құм-қиыршықтас орнын игеремін деушілер Жайық өзенінің барлық жайылмасын қазып тастаған. Шындығында ол жерлерде жұмыс жүріп жатыр ма, әлде біреулер тек оны иеленгеніне мәз болып жүр ме? Міне, бұл мәселе алаңдатпай қоймайды.
-Бұрынғы орындардың көпшілігі жұмыс жасамай тұрғанда, жаңа кен орнын дамытуға кірісудің қажеттілігі қанша? Кейбір жалға алушылар алған жерлерде тым-тырыс. Келісім-шартқа отырғандардың бәрін өз міндеттемелерін қалай орындап жатқаны жөнінде тексеру керек. Сондай-ақ әлеуметтік міндеттемелерді орындау, пайдаланылған жерді өңдеу жайы не болып жатыр, оның үстіне ол қоршаған ортаға залалын тигізсе, тиісті шара алу керек, - деген әкім барлық кен орындарын тексеруді облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов пен БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Амангелді Дәулетжановқа тапсырды.
Ең бастысы, бұл - ел байлығы, сондықтан оны ұқыпты пайдалану қажет. Кен орындары дұрыс пайдаланылып, сұранысты өтеп жатқан жағдайда ғана жаңа жер телімдерін беруге болады. Осыны қадап айтқан облыс басшысы өзінің орынбасары Игорь Стексовке кәсіпкерлер арасында дұрыс бәсекелестік орта қалыптастыруды міндеттеді.
- Бәсекелестік қатаң болуы тиіс, сонда өнім бағасы арзан, қызмет сапасы жоғары болады, - деп түйіндеді ойын Н.Ноғаев.