Н.Өнербаев бүгін Шымкентте «Жалғандағы жарығымсың, ана...» атты концертін қояды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Өнер әлемінде өзіндік ізі бар, пайым парасаты мен әуезді үні барша қазақтың дархан көңілінен шыққан Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші, актер Нұрлан Әлтайұлы бүгін, 6 наурызда «Жалғандағы жарығымсың, ана...» атты мерекелік концертін оңтүстік өңірдің тұрғындарына ұсынады.

Нұрлан Әлтайұлы үлкен сахнадағы әншілік, орындаушылық өнер жолын 1986 жылдан бастап, сол уақыттан бергі 30 жыл ішінде «Сағыныш», «Анашым», «Әке арманы», «Қазақ қызы», «Сұлулық», «Ауылым», «Туған күн», «Сағындым ауылды», «Жан аға», «Махаббат көктемі», «Қарағым-ай», «Аққуым», «Таңғы тілек», «Ақ тілек», «Ай да, күн де», сондай-ақ, халық әндерінен «Дударай», «Сандуғаш», «Бір бидай арпа», «Үкілі кәмшат», «Ой көк», «Беу, айдай», «Бипыл» әндерін шебер орындап, тыңдармандарының көңілінен шыға білді.

Қазақстан Жастар одағы сыйлығы мен «Дарын» сыйлығына және Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағына ие өнер майталманы Парламент Мәжілісінің депутаты атанып, халқының мұң-мұқтажын шешуге де атсалысты.

Мерекелік концерт «Түркістан» сарайында өтеді, деп хабарлайды otyrar.kz.