Наразылық білдірген «Си Бу» компаниясының бұрғылаушылары жұмысқа шықты - Маңғыстау облысы

АҚТАУ. 28 қаңтар. ҚазАқпарат - - Маңғыстау облысындағы «Си Бу» Инженерлік бұрғылау компаниясы» ЖШС-ның ереуілге шыққан жұмысшылары жұмыс орындарына қайтып оралды.

Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұдан бұрын мәлім етілгендей, 26 қаңтарда Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев аймақтағы жұмыс сапарында «Жетібай» және «Солтүстік Бозащы» кен орындарындағы наразылық білдіруші жұмысшылармен кездесті. Бұған «Си Бу» басшылығының өкілдері де қатысты.

«Кездесу барысында ұжымдағы шиеленіскен жағдай талқыланып, наразылық акциясын ұйымдастыру кезінде Еңбек заңнамасын сақтау керектігі жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Тараптардың кеңесі нәтижесінде жұмыс берушілердің 13-ші жалақы төлеуге келісуіне қол жеткізілді», - делінген әкімдік баспасөз қызметінің хабарламасында.
Естеріңізге сала кетейік, 26 қаңтарда Маңғыстау облысында «Си Бу» компаниясының жұмысшылары жұмысқа шығудан бас тартты. Олар кәсіпорын әкімшілігіне еңбекақыға қатысты талап қойды. Наразылық акциясына компанияның 800-ден астам жұмысшысы қатысқан, деп хабарлайды BAQ.kz.