Наурыз мерекесі қарсаңында «Нұр Отан» ХДП Маңғыстау облыстық филиалы «Шын жүректен» қайырымдылық шарасын өткізді

АҚТАУ. 20 наурыз. ҚазАқпарат /Анаргүл Жексембайқызы/ - Бұл нұротандықтардың жыл сайын наурыз мейрамы қарсаңында тұрақты түрде өткізіп тұратын үрдісі.

Аймақтағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға арналған акцияға облыстық партия филиалының жауапты қызметкерлері, жергілікті мәслихаттардағы партияның депутаттық топтарының мүшелері, үкіметтік емес ұйымдар мен партия белсенділері қатысты.

 Аталмыш шараға демеуші болуға өз ниеттерін білдірген олар әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен мүгедек жандардың, зейнеткерлердің үйлеріне барып, 20 мың теңге ақша және мерекелік сыйлықтар, азық түліктер табыс етті.

 МО партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жауымбай Қараевтың айтуынша, халықтың өмір сүру деңгейінің жақсаруына қарамастан, біздің қоғамымызда қамқорлыққа зәру, баса көңіл аударуды қажет ететін азаматтар бар. Оларға өзін қамтамасыз ете алмайтын мүгедектер, көп балалы аналар, төменгі мөлшерде зейнетақы алатын зейнеткерлер, әлеуметтік аз қамтылған азаматтар, жалғызбасты еңбекке жарамсыз азаматтар, жетім және мүмкіндігі шектеулі балалар жатады.

 «Олардың барлығы осал топтар өкілдері болғандықтан, біз «Шын жүректен» қайырымдылық шарасы аясында, Ұлыстың ұлы күні қарсаңында нұротандықтардың олармен әрдайым бірге екендігін, оларды көзден таса етпей, жылы лебізіміз бен қолдан келген көмегімізді аямайтындығымызды жеткіздік», - дейді «Нұр Отан» ХДП Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ж.Қараев.