Наурыз мейрамын қалай атап өтіп жүрміз?

АНА. 17 наурыз. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Күн мен түн теңелетін, табиғат ана тамылжып, қыс бойы қар құрсауында болған тіршілік оянатын, жер мен көк жаңаратын мезгіл әз-Наурызға да келіп жеттік.

Елімізде ұлыстың ұлы күнін атап өту шаралары қазірдің өзінде басталып кетті. Әрине, мойындауымыз керек, Наурыз мейрамын атап өтудің қазіргі заманғы үлгісі оның бұрынғы мағынасынан алшақ. Дегенмен, бүгін Наурыз мейрамы қазақтың да, украин, орыс, неміс және Қазақ елін мекен еткен басқа да 130 ұлт өкілінің ортақ мерекесіне айналды. Ата-бабамыздың озық дәстүрін жалғастыру мақсатында бұл күндері ағаш отырғызу акциялары, қайырымдылық шаралары өткізіледі. Жер-жерлердегі әкімшіліктер тұрғындарға шама-шарқынша мерекелік бағдарламалар әзірлейді. Құрылған сахналардың бірінде шығармашылық ұжымдар өнер көрсетіп жатса, бірінде спорттық ойындардан жарыстар өтіп жатады. Бірінен-бірі өткен киіз үйлер тігіліп, наурыз көже таратылады. Ұлттық киім киген ұл-қыздар алтыбақан теуіп, мәз-думан болады. Жергілікті мейрамханалар мен наубайханалар өнімдерінің саудасы ұйымдастырылады.

Бірақ соңғы кездері «Наурыз мерекесі бұқаралық сипаттан ажырап, сахналық кейіпке еніп, аздаған жұртшылықтың қызықтауына ғана айналған фольклорлық қойылым көрінісінен аспауда. Тігілген киіз үйлер санаулы адамдардың рахаты мен ішіп-жеу ордасына айналып, олар сырттан бақылайтын қарапайым жұрттың алакөздігін тудырды. Наурыз мейрамы қарын тойдырумен шектеліп, рухани баюымызға, болмаса құмарта тынығуымызға септігін тигізбей отыр», деген пікірлер айтыла бастады. Бұл қаңқу сөздер ме әлде олардың астары бар ма?

Бұл сауалды Қазақ жерінде наурыз мейрамын қайта жаңғыртқан, сол кездегі Орталық Партия комитеті идеология бөлімінің меңгерушісі, бүгінде ҚР Президенттік Мәдениет орталығының директоры, Астана қаласының ақсақалы Мырзатай Жолдасбековке қойған едік.

Оның пайымдауынша, Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі тарихында ерекше аталып өтілуге тиіс екі мереке бар. Оның бірі 16 желтоқсан - Тәуелсіздік күні болса, екіншісі - Наурыз мейрамы. «Тәуелсіздік біздің ата-бабаларымыз сан ғасырлар аңсап, жете алмай кеткен күн. Өкініштісі, осы ерекше мереке біз баяғыда еуропаша өткізіп жүрген Жаңа жылдың, соның жарқ-жұрқ еткен жарнамаларының, дүкендер мен мекемелердің маңдайшаларындағы құттықтау сөздердің тасасында қалып қойып жатыр. Ал Тәуелсіздік күні 16 желтоқсаннан бір күн бұрын салтанатты жиналыс болады, баяндама жасалып, концерт беріледі. Сонымен бітті. Мен ойлаймын, ата-бабаларымыз осы күнге жеткен болса оны «мың өліп, мың тіріліп жеткен күніміз», деп тойлар еді. Сол сияқты Наурыз да әрбір жылы жаңғырып, жаңарып тойлануы тиіс», - дейді М. Жолдасбеков.

«Наурызды қайта жаңғыртуды сол кездегі партияның иіні жұмсарып, қағары кетіңкіреп, қайраты азайған кезін пайдаланып Өзбекәлі Жәнібеков екеуіміз ұсынған едік. Ол кезде Өзбекәлі Жәнібеков Орталық Партия комитетінің хатшысы, мен Орталық партия комитеті идеология бөлімінің меңгерушісімін. Халықтың аңсаған дәстүрлерін, салт-ғұрпы мен ұлттық мерекелерін, соның ішінде наурыз мерекесін жаңғыртып, тойлау жөнінде шешім қабылдадық. Бұл жерде жасырып жабатыны жоқ, қазір бұған ешкім таласа алмайды. Осыны Өзбекәлі екеуіміз шештік», - дейді ол.

М. Жолдасбековтың айтуынша, Наурыз - табиғат аясында, ел болып тойланатын мереке екендігі ескеріліп, 22 наурызда елдің оңтүстігінде күн жылынғанымен, Арқада ол күні сіресіп мұз жататындығы, жамылып қар жататындығы қаперге алынып, мейрамды бір ай бойы тойлау шешімі де осы тұста қабылданды.

«Алғашқы кездері жұрт сағынған ба, аңсаған ба, жақсы тойлап жүрді. Сүрініп, жығылып, үйде ешкім қалмай, бәрі далаға шығатын. Бірте-бірте бәсеңси бастады. Содан кейін ол тек киіз үй тігіп, шапан киіп, көже ішіп тарқасатын мерекеге айналды. Иә, Наурыздың бір шарты көже, «наурыз көже қалғанша жаман қарын жарылсын», деген. Бірақ қазір Наурыз мерекесі уақыт талабы мен егемен елдің өміріне сәйкес бүкілхалықтық идеологиялық көз қуанышқа айнала алмай отыр. Мерекені әшейін бір науқанға айналдырып жібергенбіз. Өкініші, бұл мереке халықтың санасына қайтадан сіңбей қойды», - деп күйінді сұхбаттасымыз.

Күрмеуі күрделі бұл мәселе бұқаралық ақпарат құралдарында көтеріліп жүргенімен, не мемлекеттің не халықтың тарапынан ұлттың мерейін, рухын көтеретін ұсыныс айтылмады. Ел ағасының пайымынша, түйіткілдің түйінін тарқату үшін бұл мерекеге саяси көзқараспен келіп, қомақты қаражат бөліп, ел ақылмандарын - тарихшылар, этнографтар, философтар, педагогтар, мәдениеттанушылар, жазушылар мен әдебиеттанушылардан үлкен топ құрып, Наурыз мейрамын тойлаудың тұжырымдамасын жасату керек. Онымен бірге, мереке бір күндік көрсетілімді думанмен аяқталмауы тиіс, кем дегенде бір апта тойлануы қажет. Бірақ нарық заманында бәрін жиып тастап, атойлату мүмкін емес. «Сондықтан, оған үш күн жеткілікті. Бірақ бұл үш күн де қызыл дата болуы тиіс. Және де барлық жерде аға буынның жанында дәстүрді жалғастырушы - жас ұрпақ жүруі тиіс. Мерекеде бақылаушылар болмайды, бәрі де қатысушы», - дейді ол.

Ал Наурыздың алдын М.Жолдасбеков, бұрынғыдай Көрісуден бастауды ұсынып отыр. «Әрине, қазір жердің түбінде отырып, бір-бірін интернет арқылы көріп, сөйлесуге болады. Дейтұрғанменен, дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Бұл - дәстүріміздің озығы Осы көрісу қазір тек батыста ғана сақталып қалды», - деді ол.

«Мен Иранда Елші болған кезімде үлкен мемлекеттік шаралар 20 наурызға дейін өткізілетін. Ең қызығы, осы күннен кейін барлығы түгел Теһраннан кетіп қалады. Үлкен демей, кіші демей кіндік қаны тамған жерге барып, ағайындарымен қауышады, табиғат аясына шығып тойлайды. Қыбырлап жүре алмайтын Теһранда сол күндері көше босайды. Міне, айтып отырған көрісуіміз осы. Оларда үш күн мемлекеттік мереке ретінде тойланады. Шынымды айтайын, мен өзіміздің Наурызды қанағаттанатындай әлі тойлаған емеспін», - деп түйіндеді сөзін М. Жолдасбеков.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін жасасақ. Әрине, іргелі ізденістер, тарихи һәм заманға сай шаралардан құралған мерекені атап өтудің арнайы тұжырымдамасы әзірленгені дұрыс шығар. Бірақ «мерекені осы тұжырымдамаға сәйкес атап өтуің керек», деп ешкімді міндеттей алмайсың. Біреулер одан саяси астар да іздей бастауы мүмкін. Сондықтан, бұған адамның шын ықылас-ниеті жеткілікті ме деп ойлаймыз?! Кеудесінде елім деп, жерім деп соққан жүрегі бар кез-келген азамат Наурызды қазір де өзгеге үлгі боларлықтай атап өте алады.

Ал енді Наурыз қандай мейрам? Ол бұрын қалай тойланушы еді? Осы сауалдарға жауап іздесек.

Жаңа жылдың бастауы - Наурыз бүкіл Қазақстан халқының ортақ мерекесі. Наурыз - әлем халықтары арасындағы жылдың жаңаруын алғаш әйгілейтін, адамзатқа дәстүрлеген бірден бір ежелгі мереке. «Наурыз» сөзінің әлем бойынша таралу аумағына қарағанда, жыл бастауы саналатын мейрамның көптеген елдерге ортақ екендігін түсінесің. Мейрамды Алдыңғы және Орта Азия елдерінің көптеген халықтары көктем мерекесі және табиғаттың жаңару күні ретінде 3 мың жыл бойы атап өтіп келеді. Ал кейбір деректерде наурыз шығыс славяндарына да ортақ екендігі жазылған. Бұл мереке туралы тарихи деректерді көне және орта ғасырлық атворлардың еңбектерінен жиі кездестіруге болады. Тәжіктер оны «Гульгардон» немесе «Гульнавруз», татарлар - «Нардуган», ежелгі гректер «Патрих» деп атаған екен.

Ықылым заманнан мерекені атап өтудің негізінде табиғатқа деген махабат пен адамгершілік қағидаттары жатты. Оның көнелігіне қарамастан, мереке халық жадында сақталып қалды және қазіргі уақытта терең рухани-этикалық мағынаға ие болды. Ал бүгін оның негізіне қазіргі заманның түйіткілдері - адам мен табиғаттың бірлігі мен өзара байланысы енгізілді.

Қазақша жыл қайыру бойынша бұл күн әдетте күн мен түн теңесетін - 21 наурызға сәйкес келіп отырған. Сондықтан, қазақтар «март» айын - наурыз деп атады. Бұл күні табиғат жаңарып, тіршілік оянады, көктемнің алғашқы найзағайы ойнап, көк шығады деп саналған. Наурыз діни емес мереке болғандықтан, ол сол жерді мекендеген барша халықтың думанына айналып отырған.

Қазақ елі Наурызды қалай қарсы алған? Қызыр түні Жаңа жыл табалдырықтан аттап, үйге енгенде, «жалғыз шала сәуле болмас» деп төрге қос шырақ жағылып қойылған. «Жаңа жыл мұнтаздай таза үйге кірсе, ол үй ауру-сырқаудан, пәле-жаладан аман болады» деген сеніммен Наурыз қарсаңында үй ішіндегі жиһаз-мүліктің шаңы қағылып, жуылып тазартылады. Этнограф-ғалым марқұм Ақселеу Сейдімбекұлы: «Байырғы салт-жора бойынша қазақ арасында Ұлыс тойы түн ортасы ауа басталады. Бұл түн «Қызыр түні» деп аталады. Халықтың наным-сенімінде Қызыр (Қыдыр) қасы көзін жапқан қарт адам болса керек. Қызыр атаны Бақ жетелеп жүреді екен дейді. Ұлыс тойының таңын көзімен атыруы үшін Қызыр ата түн ортасы ауа дала кезеді...», деп жазған.

Қызыр түнін ұйықтамай өткеру үшін ауыл жастары алуан түрлі ойын ұйымдастырып, Қызыр атаның назарын аударып бақытты боламыз деп, небір тосын тамаша-қызықтар көрсетеді. Осынау қызық-думанның ішінде «жанды қуыршақтың» жөні бөлек. Ол үшін жастар ауылдағы ноқта көрмеген ең асау тайыншаны ұстап, ең ескі ашамайды салып, оның үстіне ең ескі киім-кешек пен құрым киізден жасалған қуыршақ орнатып, тайыншаның құйрығына ескі шелек байлайды да: «Ұлыс таң атып қалды, бар елге хабар бер!» деп, шабына шыбық жүгіртіп, сауырға бір салып қоя береді. Асау тайынша өкіріп-бақырып жөнеледі. Ит үреді, қотандағы мал үркеді, үй-үйден шал-шауқан ербиіп шығады, жастар мәз-мейрам болысады.

Бұл түні ауыл бойжеткендері өздері ұнатқан жігіттерге арнап соғымның соңғы етін уызға салып пісіріп, «ұйқыашар» аталатын ерекше дәм дайындайды. Ал жігіттер мен бозбалалар болса, қыздардың қолақысының қарымтасына айна, тарақ, иіс судан тұратын сыйлықтарын ұсынады.

Бұл күнді ата-бабамыз Ұлыстың Ұлы күні деп атап кеткен. Яғни наурызды неғұрлым жомарттықпен атап өтсең, келер жылдың шарапаты соғұрлым көп болады делінген. Мерекелік дәстүрлер мен нышандардың көл-көсір мол болуы да осында жатыр. Бұл күн қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған. Ол күні қар не жаңбыр жауса, «нұр жауды», «туар жыл жақсы жыл болады» деп қуанған. Аңыз-жырларымызда арудың сұлулығы мен жібектей мінезін наурыздың ақ қарымен теңеген.

Қазақ мерекені көрісуден бастаған. «Қыстан аман-есендікте, бауырымыз бүтін, төрт көзіміз түгел шықтық», - деп ағайын, туыс-жораға барып көріскен, сәлемдескен. Ер адамдар қос қолдасып, төс соқтырады, ал әйелдер болса, құшақтасады, ерлер мен әйелдер кездессе, құшақ айқастырады.

Ал дәл мереке күні бүкіл ауыл ел болып, әсіресе жастар жағы таң шапағатын қарсы алғаннан кейін, «Бұлақ көрсең, көзін аш» деп қаумаласқан жігіттер айнала төңіректегі бастаулардың көзін ашса, «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын!», «Бір тал кессең, он тал ек!» деген қариялар бұлақ басына тал егеді. Әйелдер атып келе жатқан Күнге тәу етіп, «Армысың, қайырымды Күн-Ана!» деп иіліп сәлем береді, «Кеудесі түкті Жер-Ана, құт дарыт, жарылқа!» деп ашылған бұлақ көзіне май құйып, жаңа егілген ағаштарға ақ бүркеді.

Бұдан кейін ұлттық ойындар ойналады: көкпар, аударыспақ, күрес, қыз қуу, алтыбақан, балтам тап, тең көтеру, бағанаға өрмелеу, арқан тартыс, жаяу жарыс және тағы басқалар.

Ежелгі Наурыз тойының мәнге толы тағы бір дәстүрі өгіз сойып, қазан көтеру. Жас жігіттер ошақ қасына өкіртіп әкеліп өгіз сояды да, оның бауыздау қанымен ойнап жүрген балалардың маңдайына дөңгелек ою салады. Қыз-келіншектер болса тоқшылық пен ырыс-құттың жоралғысы ретінде дәмді тағамдарды молынан әзірлейді. Олардың арасында мейрамның ең басты дәмі - Наурыз көже бар. Оның құрамы жеті түрлі заттан - соғымнан қалған сүр ет, қойдың басы, сүт, езілген құрт, бидай (тары, күріш), пияз және судан тұрады. Онымен бірге ақ мол болсын, дастархан майлы болсын деген ырыммен ыдыстарға бидай, арпа, сұлы, жүгері толтырып, сүт, айран, шұбат, шалап, уыз құйып қойылады.

Кеш түсіп, күн батуға айналған мезетте ортаға екі ақын шығып, жақсылық пен жамандықтың, суық пен жылының, қыс пен жаздың күресін бейнелейтін «өлі мен тірінің» айтысын бастайды. Сондай-ақ ортаға мифологиялық кейіпкерлер шығады. Айтыста күн ұясына бата өлі жеңіледі, зұлымдық иелері - Қалтырауық Қамыркемпір, Ақпан, Тоқпан, Әзмырзалар тым-тырақай қаша жөнеледі.

Алтыбақан басында жастар түнімен халықтық ойындар ойнайды, айтысады. Бұл кеште айтылмаған ән, тартылмаған күй, танылмаған шешен қалмайды. Таң ата көпшілік биіктеу төбенің басына шығып, атқан таңды қарсы алады. Қазақтың астрономиялық түсінігі бойынша, Жаңа жылда Күннің көзі көрінген уақыттан кейінгі екі сағат уақыт «күн сәті» деп саналады. «Егер кімде-кім Ұлыс күннің күн сәтінде күн шұғыласын маңдайымен тосып қарсы алса, оған Наурыздың құты дариды» деген.

Наурыз мейрамының тағдыры қазақ жұртының тағдыры іспеті оңай болған жоқ. Тоталитарлық жүйе кезеңінде (1926 жылы) ұлттық сипатқа ие мереке-мейрамдар мен әдет-ғұрыптардың қатарына Наурыз да жатқызылып, «діни астары бар» деген сылтаумен оны мерекелеуге тыйым салында. Тек 1988 жылы ғана Ұлыстың ұлы күні - Наурыз қазақ даласында қайта жаңғырды. Ал 1991 жылы 15 наурызда Қазақ КСР Президентінің Жарлығы шығып, Елбасы 22 наурызды - «Наурыз мейрамы» деп жариялады. Осы уақыттан бастап Әз-Наурыз мемлекетіміздің мерейлі мерекесіне айналып, республика бойынша кеңінен тойланып келеді.

Онымен бірге, 2010 жылдың 23 ақпанында Әзірбайжан мемлекетінің ұсынысымен Қазақстан, Ауғанстан, Иран, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия, Албания, Македония және Үндістан елдерінің қолдау көрсетуімен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы, 21 наурызды - Халықаралық Наурыз күні етіп белгіледі. Осылайша, Балқаннан Орта Азияға дейінгі өңірлерде сан ғасырлар тойланып келген мерекені әлемге жар салып, атойлатып атап өту мүмкіндігі туды.

Арайлап жеткен Әз-Наурыз мейрамында ақ мол болып, жылымыз ырысты болсын. Ежелден жаңару мен жасампаздықтың бастауы, бейбітшілік пен келісімнің арқауы болған Ұлыстың Ұлы күні жанұяларыңызға бақ-береке, еңбектеріңізге толағай табыстар әкелсін!