Наурызды тойлаудың Қазақстанға лайықты тұжырымдамасын ойлап шығару керек- Г. Сейітмағанбетова

АНА. 18 наурыз. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Ырыс-берекесін, шуақты мерекесін алып Қазақ жеріне әз-Наурыз келді! Осы бір қадірі мен қасиеті мол ұлттық мейрамымызды өз деңгейінде атап өтіп жүрміз бе?

Халық болып кеңесетін жайттар аз емес сияқты. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлнәр Сейітмағанбетова өз ойларын ортаға салды.

- Гүлнәр Сүлейменқызы, өзіңізге белгілі, осы шақырылымның депутаттары 2009 жылы 4 наурыз күні Мәжілісте «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» қолданыстағы заңға өзгерістер енгізуді қарастырған заң жобасын мақұлдады. Сенат қабылданған заңға Қазақстан Президенті қол қойды. Сол заңға сәйкес мемлекеттік мереке Наурыз мейрамы бір күннің орнына үш күн бойы, яғни, 21-23 наурыз күндері мерекеленетін болды. Осы Наурыздың ерекшелігі туралы айтып берсеңіз?

- Наурыз - шығыс халықтарында тойланатын ерекше мейрам. Бұл тұста күн мен түн теңеседі. Табиғаттың жаңарып, көктем келіп, мал төлдеп, ағаштар бүршік жарып, Жер-Ананың бусанып, Күннің де шуағы анық сезілетін шақ.

Атам қазақ ежелден жаңа жыл ретінде тойлап келген. Қыстан қысылып шыққан, май жайлайтын қазақ халқы көктемнің шуақты күніне жеткеніне қуанып, соғымнан қалған сүр етін асып, наурыз көжесін пісіріп, үйіндегі бар жақсы киімін киіп, осы күнді үлкен мереке қылып тойлайтын болған. Бұл діни мереке емес. Халықтық дәстүрлі мейрам. Сондықтан Елбасының бастамасымен, депутаттар қостап, үш күн мерекелеу туралы заңға толықтыру енгізілді. Бұл заңдық негізді бүкіл Қазақстан халқы қуана қабылдады деп есептеймін.

Наурызды тойлау бағытында бізде жетіспеушіліктер бар. Үш күндік мерекені тойлаудың тұжырымдамасы керек сияқты. Ұлтына, дініне қарамай жаңа жыл ретінде тойлаудың жөн-жосығын әлі де ойластыру қажет. Берілген үш күнді әдеттегі демалыс күні секілді қабылдау басым. Немесе Наурызды қарсы алу осы деп көшеге санаулы киіз үй тігеміз. Концерт қойылып, ойын-сауықтар өткізіледі.

Бірақ Наурыздың жақсы тұжырымдамасын ойлап табуға болады. Ол үшін тарихшыларды, мәдениеттанушылар мен өнертанушыларды, мемлекет және қоғам қайраткерлерді, дәстүрдің қыр-сырын терең білетін абыз ақсақалдарды қатыстыра отырып, дөңгелек үстел өткізген дұрыс. Жан-жақты талқылап, белгілі бір жүйесін ойлап тауып, бүгінгі заман талабына сай кейбір элементтерді қоса отырып, кәрінің де, жастың да талабын қанағаттандыратындай ортақ пікірге келу керек. Үш күн бойы кезең-кезеңмен тойлайтындай етіп, нарық заманын да ескере отырып, шашпай, төкпей жөнсіз шығындарды шығармай, ұрпаққа тағылым-тәрбие беретіндей, ұлттық құндылықтарымызды әспеттейтін мереке түрінде аталып өтетін болса, ғажап болар еді. Тек қана ішіп-жеумен, арзан көңіл көтерумен шектелмегеніміз жөн.

Айталық, еліміздің батыс облыстарында 14 наурыздан бастап наурыз мерекесі келеді. 70 жыл қылышынан қаны тамған Кеңес өкіметі кезінде де ол дәстүр жойылмаған.

- Бала кезіңізде Наурызды қалай қарсы алғанын көріп өстіңіз бе?

- Ашық түрде өткізуге тыйым салынғанымен, кішкентай күнімізде ата-аналарымыздың Наурызды қарсы алғанын көріп өстік. Көшеде ойын-сауық өткізілмесе де, әр үйде үлкен дайындықтар жасалады. 14 наурыз күні таңғы сағат 6-дан бастап жұрттың бәрі үй-үйді жағалап, көрісіп кететін еді. Бізге әжелеріміз «Кім ерте тұрып, 40 үйге көрісетін болса, соған Қыдыр ата несібесін береді» деп айтатын. Сол несібені алып қалу үшін біздер таң атпай ерте тұрып, үй-үйге жүгіріп, үлкен ата-әжелерге барып көрісетінбіз. Үлкен адамдар «Бүгін көрісуге адамдар келеді» деп, жақсы киімдерін киіп күтіп отырады. Келген жастарға «Жасың кұтты болсын! Бір жасқа шығуыңмен! Осы жыл табысты болсын!» деп баталарын береді. Осындай ізгі тілектерді естіп, көңіліміз тасып, мәз болатынбыз.

Сол күні үй-үйдің бәрінде қазан толтырылып, қыстан қалған сүр ет асылады. Бауырсақ, шелпек пісіріледі. Сол секілді сандықтағы сақтаулы тұрған әдемі бұйымдарды шығарып, үйдің әр тұсына іліп қояды. Үлкен қариялары бар үйлердің дастарханы жаюлы тұрады. Сонымен қатар тұрмысқа шыққан алыстағы қызы мен күйеу баласы немесе бөлек тұратын ұлы мен келіні сол күні арнайы келіп, ата-әжелерімен көріседі. Дәл сол күні келмесе жыл бойы «Әке-шешемізге көрісуіміз керек» деп, сый-сияпатын алып, ата-анасының үйіне барады. «Қыстан аман-есен шықтыңдар ма?» деп хал-жағдайды сұрайды. Бұл әрбір отбасының және ауылдың тойы сияқты болып өтеді. Халық сол кезде де өзінің дәстүрін сақтап, ата-бабасын сыйлап, көрісіп, құрмет көрсетуді өздеріне парыз санады.

Ал енді тәуелсіздік алғаннан кейін Маңғыстаудағы Наурыз мерекесін қарсы алу рәсімі жаңарып, түрленіп, халықтық сипат алды. Бүгінгі таңда ұлттық дәстүрге орай мәдени іс-шаралар өтіп жүр. Сол күні баланың тұсауын кесіп, жаңа түскен келіннің бетін ашып, үлкен қарияларды құрметтеп, дастарханға шақырып, олардың бата-тілектерін алу секілді шаралар болады.

- Сіздің қандай ұсынысыңыз бар?

- Бұл жерде өзге облыстар батыс аймағының Наурыз мейрамында үлкендерді құрметтеу дәстүрін алса игі болар еді. Өйткені нарық заманында әке-шешелерін қариялар үйіне апарып тастаған адамдар бар. Өкінішке қарай бұл жайт басқа емес, қазақ халқында да пайда болды. Мәселен, қарттар үйіне баратын болсаңыз, жүрегіңіз қан жылайды! Біздің қаракөз аталарымыз, әжелеріміз сол жерде жатыр. Олардың баласы жоқ болса, бірсәрі. Бірінің ұлы, бірінің қызы бар. Қарттар үйінде тіпті дәулетті адамдардың да ата-анасы бар екені өкінішті. Осындай қатыгездіктен арылу үшін жақсы салт-дәстүрлерімізді жаңғыртуымыз керек. Әке-шешесін құрметтеп, оған сыйлық жасап, барып көрісудің мәні өте зор.

Ал 22 наурыз бүкіл Шығыс елдерінде тойланатын үлкен мереке. Батыс облыстарында ол күні Наурыз мейрамы тіпті ерекше атап өтіледі.

Біздің жақта 14 наурыз жыл басы саналып, ата-ана кішкентай балаларына «Сен үшке толдың, сен беске толдың»,- деп айтады. Ол мамыр, не маусым айында дүниеге келсе де, Жыл басы - Наурызда 1 жасқа толды деп есептелген.

Маңғыстау өңірінде жыл басын Амал дейді. «Амалың құтты болсын! Жастан-жасқа тола бер! Жаңа жыл жарылқа, ескі жылы есірке!» деп осындай жақсы тілектер айтылады.

14 наурызда Ай жаңадан туады ғой. Халқымыз жаңа жылды содан бастаған. Сондықтан Наурызды тойлаудың Қазақстан мемлекетіне лайықты тұжырымдамасын ойлап шығарсақ, орынды болар еді.

- «Көрісу» дегенді кейбір өңірдің адамдары дұрыс қабылдай алмайды. Олар бір адам қайтыс болса, соған барып көңіл айтуды көрісу деп есептейді. Яғни, көрісу сөзін бір ғана мағынада түсінеді.

- Мұның бәрі дұрыс ұғынбағаннан шығады. Ол заманда мал жайлаған қазақтар әр жерде тұрған. Қыста қатынас мүлдем үзіліп қалады. Ағайын-тума бір-бірін ұмытып кетпесін, танымай жүрмесін деп, араласып тұрсын деген ниеттен туған болуы керек. Жаңа жыл келгенде үйдің үлкендері «Анау ауылдағы туысымыздың немесе құдамыздың үй іші аман ба екен? Қыстан мал жаны аман-есен шықты ма? Барып біліп кел»,- деп балаларын жіберетін болған. Арнайы атпен, түйемен жақын-жуықтарына барып көріскен. Оған құр қол бармай, сый-сияпатымен барады. Наурыздағы көрісудің мағынасы сол. Екі қолын алып көріседі. Үлкен адамдар, замандастар және құда-жекжаттар бір-бірімен төс қағыстырып, құшақ жая көріседі. «Қыстан аман шықтың ба? Бір жасың құтты болсын! Аман-есен қауышқанымыз үшін!» деп қуана табысады. Сондықтан мұны қазалы үйге барғандағы жағдаймен шатастыруға болмайды.

Наурыз келгенде малдың аузы көкке ілігеді. Төрт түлік төлдей бастайды. Халықтың аузы аққа тиеді. Тал-теректер бүршік атып, көктей бастайды. Бұл жерде бұрын көшіп-қонып жүрген адамдар үшін қыстан шығу өте қиын болған ғой. Неше түрлі жұттарды бастан кешкен. Қары қалың, бораны көп, қысы қатты болған жылдары малдары қырылып қалған. Ол кезде қыстан шығу үлкен тарихи оқиға сияқты қабылданған ғой.

- Маңғыстау өңіріндегі сыйлас адамдарыңызбен хабарластыңыз ба? Олар Наурызды қалай қарсы алып жатыр екен?

- Күні кеше хабарластым. Облыстық мәдениет басқармасының бастығы Майра Ғұмарова Наурыздың жоғары деңгейде өтіп жатқанын жеткізді. Маңғыстауда Отпантау деген биік жер бар. Сол таудың басында Адай атаға арналған үлкен тарихи кешен бар. Оның ішінде ақсақалдар бас қосатын «Ақсарай» атты кешенді құрылыс бар. Сол кешенде ас беріліп, ақсақалдар ақ баталарын айтады. Осы жолы да солай өтіпті. Астанадан арнайы шақырылған танымал жазушы Әбіш Кекілбайұлы барып қатысыпты. Республика деңгейінде өнер көрсетіп жүрген Айгүл Қосанова, Тамара Асар, Ақылбек Жеменей, Лұқпан Жолдас сынды әншілер халықтың көңілін көтеріпті. Наурызға арналған қойылымдар көрсетіліпті. Майра Ғұмарова: «Концерттік шаралар 22 наурызға дейін жалғасады. Мұнайшыларға өнерімізді көрсетеміз. Әрі қарай Түпқараған, Қарақия, Маңғыстау, Бейнеу аудандарын аралап, еңбек ұжымдарында боламыз»,- деді. Қойылымдарды қойып, концерт беріп, 22 наурыз күні Ақтау қаласындағы үлкен алаңда өтетін ауқымды шарамен аяқталады. Жылдағы дәстүр бойынша Маңғыстау өңірінде туып-өскен Сенат пен Мәжіліс депутаттары да шақырылды. Алайда, жұмысқа орай бара алмайтынымызды айтып, ризашылығымызды, тілектестігімізді жеткіздік.

14 наурыз күні әріптестеріме түскі ас кезінде батыс өңірінде Наурызды қалай қарсы алатынын айттым. Арасында білетін депутаттар да болып шықты. Әріптестерім «Амал деген не? Қалай көріседі? Оның шығу тарихы қалай?» деп сұрап жатыр. Осы дәстүрдің қалай шыққанын айтып келе жатып: «Біздің жақта қалайда 13 наурызда, немесе 14-інде аздап қар жауады. Оны халық «Амалдың ақша қары» дейді. Немесе «Құс қанаты» деп те атайды. Құстың қауырсыны секілді қалықтап түсетініне байланысты шыққан. Ата-бабаларымыздың табиғат құбылысын бақылып, дәл айтқанына таңғаласың. Астанада бұл күні қар жаумайтын шығар»,- деп терезеге қарасақ, Елордамызда да қар жауып тұр екен. Әріптесім Құрманғали Уәли таңданысын жасырмай, батыс аймағындағы ұлттық салт-дәстүріміздің озық үлгілерін өзге өңірлерге де насихаттаған жөн екен деген пікірін білдірді.

- Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге қатысты тағы да қандай ойларыңыз бар?

- Маңғыстауда әлі күнге дейін киіз үйдің барлық жабдықтарын жасау дәстүрі жалғасын тауып келеді. Ағашын ғана Бесқаладан сатып алады. Ал қалған бау, басқұр, не керек, үйдің барлық жасауын өз қолдарымен жасайды. Көршілер, шебер әйелдер бір-бірін шақырып, қазақы қара қойдың жүнін сабап, одан киіз басып, үйдің үзік, туырлық деген қосымша сән беретін бұйымдарын жасайды. Киіз үйдің де шаңырағын бірнеше адам болып көтереді. Қыздарына бау мен басқұрды тоқуды үйретеді. Шиді орау, аяқ бауды тоқу секілді ісмерлікке баулиды.

Маңғыстаулықтар Қазақстан Президентіне киіз үй сыйлады. Оның бірі қазір Алматы қаласындағы Орталық мұражайда тұр. Және бір киіз үй Астанадағы Президенттік мәдени орталықта орын тепкен. Атырау облыстық мұражайда да Маңғыстау шеберлері жасаған бір киіз үй бар. Ең ғажабы, ұлттық үлгідегі киіз үйіміз Жапонияның Осака қаласындағы мұражайға табыс етілген. Барлық сән-салтанатымен жасалған Маңғыстаудың киіз үйі халқымыздың ұлттық құндылығы ретінде бағаланып отыр.

Маңғыстауда сол сияқты қазақтың комзолы, кәжекейі секілді ұлттық киімдерді жасау дәстүрі де сақталған. Келін түскен кезде беташар рәсімі қазақша киіммен өтетіні толық сақталған. Басқа облыстарда жоғалып кеткен дәстүрлердің бәрі бізде толығымен сақталған. Амалды тойлау да ұлттық салт-дәстүріміздің сақталуына бір себеп болып отыр. Өндіріс орындары көп шоғырланбай, түбек өзімен өзі болып, мал шаруашылығымен айналысып, ірі мегаполистерден қашық орналасқандықтан көп дәстүріміз өзгеріске түспеген және жойылып кетпеген. Наурыз секілді халқымыздың ұлттық мейрамына тыйым салған кезеңде билікте жүрген азаматтарымыз да салт-дәстүрді ұстанғандардың әрекетіне көз жұма қараған ғой. Ол заманда адамдарды қуғындаудың түр-түрі болған. Тіпті Кеңес өкіметі жылдары бір адамды жерлегенде партиялық қызметтегі азамат құран оқылған соң, бетін сипаған ғой. Сол үшін оны жиналысқа салып, біраз әуреге түсіріпті. Ол күндер келмеске кетті. Енді жаңа заманда жаңаша ойлайтын кез келді.

- Наурыз мейрамы туралы толыққанды әңгімелеп бергеніңізге көп рақмет.