Наурыздың БҰҰ деңгейінде мойындалуы дүниежүзіндегі геомәдени үдерістердің өзгере бастағандығының айғағы - Е. Сайыров

АЛМАТЫ. Наурыздың 21-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Жуырда БҰҰ «Халықаралық Наурыз күні» деген арнайы қарар қабылдады. Біз осыған орай қоғамдағы жаңа көзқарас пен бетбұрыстардың барысы туралы өз пайымдауларымен бөлісу үшін Мәдени саясат және өнертану институтының директоры, саясаттану ғылымының кандидаты Ерлан Сайыров мырзаны әңгімеге тартқан едік.

- Наурыз мейрамының қоғамдағы маңызы мен рөлі өз бағасын алды ма?

-Кеңес үкіметі кезінде тек қана қазақ халқы емес, бүкіл түркі халықтарының тарихи жады, мәдени коды өзгеріске ұшырады. Солардың ең негізгісі ортақ салт-дәстүрлеріне, ортақ мейрамдарына, ортақ ой-санасына байланысты. Ол кезде «түркі халықтарының басы бірігіп кетеді» деген қорқыныштан алшақтату саясатын енгізу үшін "пантүркизм" деген термин кіргізген. Сол арқылы түркі халықтарын сүт бетіне шығар қаймақтарынан айырды. Кеңес үкіметінің осындай тағы бір саясаты Наурыз мейрамына байланысты. Оны Еуразия халықтарының көптеген ұлттары мен ұлыстары мерекелейді. Наурыз мейрамының тарихы мұсылмандыққа дейінгі кезеңнен басталады. Өзіңіз білесіз, Орталық Азияда оған дейін парсы өркениетінің әсері молдау болған. Бұл мереке күн мен түннің теңелген кезіне сәйкес келеді. Қыстан аман шыққан төрт түлік мал Наурыздан бастап азығын өз тұяғымен тауып, аяғынан тік тұрып кетеді. Бүкіл халық өзінің қыстағы қиыншылықтары келесі жылы қайталанбасын және жақсылық болсын деп сол күні бір-біріне үлкен тарту жасап, үйлеріне барып жақсы-жақсы лебіздер айтысады. «Ұлыстың Ұлы күні» деген осыдан шығады. Осы күндері адамдардың бір-біріне деген өкпе-реніші кешіріледі. Бұл мейрамның этнографиялық мәні де өте зор. Сонымен бірге Наурыз мерекесі ұлтаралық татулықты, бірлікті, адамдардың бір-біріне деген бауырмалдығын дәріптейді. Сондықтан дәл осы мейрамда Қазақстанда тұрып жатқан басқа ұлттар мен ұлыстарды қазақ халқының айналасына топтастыратын үлкен бір фактор болуға барлық негіз бар. Себебі Наурыз демократиялық түрдегі мейрам. Онда адамдар нәсіліне, ұлтына, тіліне бөлінбей барлығы тең деп қарастырылады, халық бір-біріне таптық, топтық тұрғыдан және жас мөлшеріне қарай бөлінбейді. Кедей-кепшік бай әулеттің үйіне барып жарапазан жасай алады, жасы кіші адамдар да үлкен адамдармен ойнап-күліп жүре алады. Бұл ұлттарды тек қана рухани, саяси тұрғыда емес, сонымен бірге адамгершілік тұрғыдан топтастыратын, болашаққа жетелейтін әлеуметтік саяси маңызы бар оқиға.

- Наурыз мерекесінің БҰҰ тарапынан мойындалуы осыған байланысты деуге бола ма?

-Жақында бұл мейрамды БҰҰ дүниежүзіндегі негізгі мейрамдардың қатарына қосты. Бұл түркі әлемінің дүниежүзіндегі саяси, гуманитарлық маңызының күннен-күнге өсіп келе жатқанының айқын белгісі. Бұрын евроцентристік бағыт үлкен рөл атқарып тұрған кезде мұндай мейрамдарды дүниежүзі халықтары мейрамдарының қатарына қосу мүмкін емес еді. Наурыз мейрамын БҰҰ-ның халықаралық мейрамдардың қатарына кіргізуі дүниежүзіндегі геомәдени үдерістердің өзгеріп бара жатқанының, онда түркі халықтары рөлінің өсіп келе жатқанының бір айғағы. Осы үдерістен кейін түркі мәдениетінің халықаралық аренадағы өзектілігі арта түседі. Өйткені түркі әлемінің әлемдік мәдениетке қосқан үзеңгісі, киіз үйі мен арбасы кезінде адамдардың дамуын ұшақ, ракета ұшырумен тең дәрежеде көтеріп, өркениеттің дамуын жылдамдатып жіберген.

- Бұл үдерістер түркі әлемінің халықаралық аренада қайтадан ренессанс болып жатқанын көрсетудің бір айғағы болуы мүмкін бе?

-Қазір дүниежүзін үлкен геосаяси, геомәдени өзгерістер шарпып келе жатыр. ХХІ ғасырдың 2-ші жартысында мәдениет деген үлкен стратегиялық ұғымға айналады. Сондықтан осы мейрамды кіргізу біріншіден мәдениет ұғымының кеңейіп жатқанын көрсетеді. Екіншіден Азия халықтарының дүниежүзілік геомәдени аренадағы рөлінің артып келе жатқанының бірден-бір көрінісі. Мысал үшін XVIII-XX ғасырларда экономика деген ұғым тұрақты болды. Экономикалық дағдарыстар ХХ ғасырдың 30-шы жылдарына дейін капиталистік елдерді шарпымады. 30-шы жылдардан кейін де өте сирек болды. Ал ХХІ ғасырда 10 жылдың ішінде әлем қаншама экономикалық дағдарыстарды бастан кешірді. Экономика қазір тұрақты ұғым болудан қалып бара жатыр. Дүниежүзінде тұрақты ұғымдардың бірақ нәрсесі бар. Ол - мәдениет. Енді мәдениет деген ұғымның рөлі өседі. Демек ол адамзаттың дамуындағы көрсеткіштердің біріне айналады. Сондықтан біз осындай үдерістерге бүгіннен бастап дайын болуымыз керек. Яғни етек-жеңімізді жиып, төл мәдениетіміздің байлығын түгендеп, жүйелі түрде жұмыстар атқаруымыз қажет.

- Мәдениеттің өзі адамдардың бір-бірімен сұхбаттасуы арқылы пайда болатын нәрсе ғой. Қазір Наурыз мерекесінің зерттелуі қай деңгейде?

-Әлемнің өркендеуі мәдениеттің бір-бірімен қабысуы, әсер етуі, өзара диалогқа баруы арқылы қалыптасады. Сол себепті дүниежүзіндегі мәдени үдерістер, құбылыстар мен мейрамдарды таза түркілік, исламдық деп айтуға ешқандай негіз жоқ. Орталық Азияға ислам мәдениеті ене бастағанға дейін парсы, үнді мәдениетінің үлкен диалогы болып, бір-біріне әсері өте күшті болған. Соның нәтижесінде мұнда күшті мәдениет пайда болды. Наурыз мейрамында парсы-түркі мәдениеттері қарым-қатынасының элементтері мол. Бүгінгі таңда Наурызды мәдени құбылыс ретінде зерттеу халықаралық дәрежеде жүруі керек. Себебі Наурыз мейрамында Еуразия халықтары мәдениеттерінің элементтері өте көп. Сондықтан оны зерттеу үшін халықаралық, мемлекетаралық дәрежеде жағдай жасау керек. Бұл мейрамда бүгін зерттелгенінен зерттелмеген элементтері өте көп. ТҮРКСОЙ аясында бола ма, басқа мемлекетаралық ұйымдар аясында бола ма, Наурыздың табиғатын, мәдениетке, ізгілік пен адамгершілікке психологиялық әсерін зерттейтін үлкен орталықтар құрылу қажет. Өйткені бүгінгі таңда Азия мәдениетінің негізгі элементтері адамдардың жадында, салт-дәстүрі мен санасында ғана қалып, қағазға түсірілмеген. Ал Батыс елдерінің мейрамдарының бәрі хатқа түсіп, жазылған. Енді Орталық Азия елдерінде үлкен құбылыс болып жатқан мейрамдарды зерттеудің кешенді бағдарламасын жасау бірден-бір өзекті мәселе болып отыр.

- Еуразия кеңістігіндегі көптеген ұлт пен ұлыстар үшін алдағы уақытта Наурыздың Жаңа жыл мерекесі ретінде тойлану мүмкіндігін қалай бағалайсыз?

-Араб елдері өзінің күнтізбесін хижрадан бастайды. Бұл дүниежүзілік ағымға қайшы келмейді. Олардың өз мәдениеті бар. Сол сияқты Қытай да өзінің Жаңа жылын ақпанда өткізеді. Жалпы Еуразия халықтарының бәрі бірнеше мәдениеттің иесі. Шынында жаһандану кезінде қандай да бір елдің бір ғана мәдениеттің аясында томаға тұйық болып қалуы мүмкін емес. Қазақстанда да жаңа жылды Наурызда тойлауға болады. Бұл үшін бізге оның үйлесімін жасау керек. Өйткені желтоқсаның 31-інен қаңтардың 1-іне қараған түнде атап өтілетін қазіргі Жаңа жыл мерекесі Ресей империясының мәдени экспансиясы элементтерінің бірі. Оған халық кінәлі емес. Соңғы 20 жылдың ішінде халық Наурыздың мән-мазмұнын түсініп, философиялық мағынасын ұғына бастады. Біздің негізгі міндет енді осылардың арасындағы үйлесімін табу болмақ. Өйткені адамдардың бойында мәдениеттің элементтері неғұрлым көп болатын болса, білімі, сана-сезімі соғұрлым жоғары болады. Сол себепті бойымызға сіңіп кеткен кейбір мәдени құбылыстарды жоққа шығармай, өзіміздің тереңдегі құбылыстарымызды бойымызға сіңіру арқылы мәдени тепе-теңдікті сақтауымыз қажет. Онда мәдениеттің біреуін дамыта отырып, екіншісін теперішке салмау керек. Олардың қайсысы өміршең болатынын өмірдің өзі шешеді.

- Наурыздың саяси, әлеуметтік және мәдени рөлі қазір қаншалықты пайданылып отыр?

-Біріншіден, Наурыз Қазақ мемлекетінің ресми мейрамдарының бірі боп жарияланды. Бұл өте үлкен жетістік. Ол отарлық мәдениеттен ақырындап арыла бастағанымызды көрсетеді. Төл мәдениеттің өзектілігі тек қазақтар үшін ғана емес Қазақстандағы басқа халықтар үшін көкейкесті мәселеге айналғанын айқындап отыр. Бұл үлкен гуманитарлық мағынаға ие қадам. Екіншіден, қаңтардағы Жаңа жылға қарағанда Наурыз мейрамы Қазақстанда мәдени тұрғыда өтеді. Өзара қарым-қатынаста адамдардың бір-біріне деген сезімін оятудағы және ұлт пен ұлыстарды жақындатудағы рөлі өте жоғары. Әлеуеті де күннен-күнге артып келеді. Бірақ ол әлі толық пайдаланылмай келеді. Бұл үшін Наурызды өткізу жөнінде ғылыми зерттеулер қажет. Мейрамдарды өткізетін арнайы институттар құру керек. Наурыз - күн мен түннің теңелген уақыты ғана емес, онда гуманитарлық, мәдени, саяси, философиялық және психологиялық тұрғыда зерттелмеген нәрселер өте көп. Сондай-ақ бұл жерде қоғамның өзінің де бастамасы болу керек. Наурыз мерекесін жоғары деңгейде өткізуге деген сұранысы қажет. Қорыта айтқанда, алдымен мемлекеттік тұрғыда концептуалды шешім және Қазақстан халқының іскерлігі қажет.