«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықованың мақаласы жарияланды.
«Отбасы - Отан тірегі» деген тақырыппен берілген мақалада Мемлекеттік хатшы елдегі «Мерейлі отбасы» аясындағы басым бағыттарды атап, оларды орындаудың негізгі тетіктерін жазады.
«Мемлекет басшысының осы тұғырнамалық тұжырымдары және баяндамасында атап көрсеткен мемлекет пен қоғамнан жүйелі шаралар қабылдауды талап ететін бес бағыты Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия қызметінің алдағы негізгі бағдарларын белгілеуге жол сілтеді. Аталған салтанатты рәсімде берген тапсырмаларының аясында «Қазақстан Республикасында отбасылық қатынастарды, моральдық-этикалық және рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтудың 2015-2020 жылдарға арналған жалпыұлттық іс-шаралар жоспары» қабылданды. Ұлттық комиссияның құрамы нығайтылып, оның қатарына азаматтық қоғамның беделді өкілдері тартылды. Нәтижесінде Ұлттық комиссия отбасылық-демографиялық саясатты іске асыруды ешуақытта өзектілігін жоймайтын: отбасылық құндылықтарды сақтау, түрлі буын өкілдерінің арасындағы қарымқатынастарды нығайту, дәстүрлі тәрбиенің сақталуы сияқты мәселелерді жанжақты үйлестіруге, сондай-ақ мемлекет пен отбасы арасындағы байланысты одан әрі бекемдеуге үлес қосуда», - дейді Г.Әбдіқалықова.
Мақала «Отбасы - Отан тірегі» деген тақырыппен берілген.
***
«Назарбаев Университетіндегі» ашылған жаңалықтар аяғына дейін жеткізілер болса, бұл әлемдік медицинаның бет-бейнесінің өзгеруіне әкелуі ықтимал, деп хабарлайды «Айқын» басылымы «Назарбаев Университеті әлемді өзгертеді» атты мақалада.
«Мәселен, қазіргі кезде дәрігерлер нақты бір ауру түрі бойынша барлық сырқаттарға бірдей ем-дом түрін қолданады. Бұл ретте әр адамға тән өзіндік ерекшеліктері ескеріле бермейді. Нәтижесінде, бір адамды құлан-таза айықтырған емдеу түрі екінші адамның қосымша дерттерге душар болуына соқтырады. Бұл олқылықтың орнын «НУ» ғалымдары әзірлеп жатқан «трансляциялық персонализацияланған медицина» өзгертуге тиіс», - делінген хабарламада.
Мұның сыртында осы орталық зерттеушілері Н.Назарбаевқа «Диагностикалық сақина» атты инновациялық өнертабыстарын ұсынды. Бұл жоба сырқатты тән ауыртар тестілеулерден өткізбей-ақ, жұқпалы ауруларын тез анықтап алуға мүмкіндік беретін көрінеді. Тест қағазды микрофлюидтік чипке негізделген. Онда иммунологиялық және электрохимиялық реакциялар қатар жүреді. Мұндағы барлық жобалар жоба күйінде қалмауы үшін коммерцияландыру, яғни өндіріске қою жұмыстары да қатар жүруде екен.
Жалпы, «Назарбаев Университеті» Үшінші Индустриялық революцияға лайықты үлесін қоса алады. Мәселен, оның қабырғасында ұзақ уақыт бойы қолдануға жарайтын, әзірге әлемде теңдесі жоқ «батареялар» жобалануда. Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев литий-иондық, күкірт және су аккумуляторларын тамашалады. Жоба аясында жасалып жатқан экологиялық қауіпсіз, суға негізделген литий-иондық аккумулятордың прототипі дайын екен, ол жоғары қуаттылыққа, энергиялық тиімділікке ие.
«Бұл технология қарапайымдылығымен ерекшеленеді. Оның үстіне, оны өндіріске қою үшін жаңа зауыт тұрғызу қажет емес: қолданыстағы аккумуляторлардың өндіріс желісін пайдалануға болады. Бұл ретте аталған технология жаңғыратын қуат көзіне жататын көрінеді. «НУ» инноваторлары қазақстандық патентке қол жеткізіпті. Енді осындай жаңа заман «батареяларын» жасау бойынша АҚШ-та халықаралық патент алу процесі жүруде. Зерттеушілеріміз әлем алдында бұл өнімнің қауіпсіз екендігін дәлелдеулері тиіс. Оның құны да қазіргі бар литий-иондық аккумуляторлардан арзан болады деп күтілуде», - делінген мақалада.
***
«Айқын» басылымының «Алаяқтық «алшаңдап» тұр» атты мақаласында Атырау қаласында алаяқтықтың кең өріс алуы туралы хабар таратылады. Биылғы жылдың алғашқы айларында-ақ қала бойынша 124 алаяқтық фактісі тіркелген.
«Оларды зерделей келе, аймақтың прокуратура қызметкерлері алаяқтық әрекеттер көбінесе телефон арқылы алдап, жеке шотқа ақша қаражатын аударту, «үлкен көлемде несие алып беремін» деп ақша талап ету, «пәтерді нарықтық құннан төмен сатып алуға болады» деп ақшаларын иелену, «мемлекеттік бағдарлама бойынша кезектен тыс үй алып беремін» деп алдап-арбау секілді әрекеттер арқылы жүзеге асатынына көз жеткізіп отыр», - делінген мақалада.
Сондай-ақ, құқық қорғау органдары қызметкерлері жәбірленушілердің құқықтық сауатының төмендігінен алаяқтарға «олжа» болатынын тәжірибе көрсетіп отырғанын айтады.
«Жуырда Атырау қаласының № 2 соты алаяқтыққа қатысты қылмыстық істі қарады. Айыпталушы ірі мөлшерде ақша алу мақсатында, өзінің мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алып беруге мүмкіндігі жоқ екенін біле тұра, жәбірленушіге мемлекет тарапынан Атырау қаласы, Нұрсая мөлтек ауданындағы жаңа үйлерден бір бөлмелі пәтер алып бере алатыны туралы жалған айтып сендіріп, 1 470 000 теңгесін алаяқтықпен иеленген. Бұдан бөлек, ол мемлекеттік бағдарлама бойынша кезегін жылжыта отырып, тез арада жаңа үйлерден екі бөлмелі пәтер алып бере алатынына сендіріп, 17 000 АҚШ долларын жәбірленушіден сытырлатып отырып санап алып, қалтаға басқан. Әбден құлқыны ақшаға ауып кеткен айыпталушы тағы бір сенгіш адамды кезіктіріп, оны да жаңа үйлерден үш бөлмелі пәтерді 25 000 АҚШ долларына алып бере алатынына сендіріп, ірі көлемде ақша алған», - деп жазады газет.
***
«Қара археологтар» Қазақстанда ежелгі жауынгердің қола дулығасын тапты, деп жазады «Экспресс К». Жәдігер біздің заманымыздан бұрынғы VII ғасырда Сақ Патшасы Мәдидің Вавилонды және Мысырды жаулап алған кезеңіне жатады.
«Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Айболат Кушкумбаевтің сөзіне қарағанда, оған музейлердің бірі хабарласып, «қара археологтар» сатпақшы болған қола дулығаның тарихи жәдігер екенін анықтауды сұраған. Дегенмен сатушылардың жоспары тез өзгеріп, ғалыммен ешкім байланысқа шықпай кеткен. Бірегей жәдігер әлдебіреудің жеке коллекциясына түскен болса керек. Оны шетел асырып жіберуі де ғажап емес. Айболат Кушкумбаев өзге жәдігер іздеушілердің аранын ашпау үшін дулығаның ықтимал құнын атаудан бас тартты», - делінген «Какого шлема!» атты мақалада.
«Қазақ даласында қорғандардың саны өте көп», - дейді ол «ЭК» газетіне берген сұхбатында. - «Қара археология» өркенін жайып келе жатқан болса керек. Бұл жағдайға қатты күйінемін. Қылмыстың нақ өзі. Тарихи қазбалар жүргізуге олардың құқықтары жоқ. Олар дулығаны ежелгі қабірді тонау кезінде алған болуы мүмкін. Дулыға ғылым үшін аса құнды дүние. Қара нарықта мұндай дулығалар жоқ деуге болады. Бірақ интернетте сақтардың семсер қылыштары сатылымға қойылып жатады, олардың бағасы 25 мың АҚШ долларынан басталады. Сондықтан дулығаның бағасы 100 мың доллардан асып кетуі ықтимал. Мұндай қола дулыға алғаш рет Кубань жерінен табылған. Кейін Жамбыл облысында және Самарқандқа жақын тұста тағы екі осындай жәдігер табылған.