Қазіргі уақытта АӨСШК-ге 26 мемлекет мүше: Ауғанстан,Әзербайжан, Бахрейн, Бангладеш, Біріккен Араб Әмірліктері, Вьетнам, Мысыр, Израиль, Ирак, Иран, Иордания Хашимит Корольдігі, Камбоджа, Катар, Корея Республикасы, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Пәкістан, Палестина, Ресей, Таиланд, Тәжікстан, Түркия және Үндістан. Бақылаушы мемлекеттер: АҚШ, Жапония, Индонезия, Малайзия, Украина, Филиппин, Шри-Ланка. Сонымен қатар, АӨСШК-ге мына халықаралық ұйымдар қатысады: БҰҰ, ЕҚЫҰ, Араб Мемлекеттері Лигасы.
Бастапқы кезеңнің өзінде АӨСШК идеясы құрлықтағы саяси ахуалға ықпал ете алатын халықаралық ұйымдар мен бірқатар Азиялық мемлекеттер тарапынан қолдау тапты. АӨСШК-нің 2002 жылы Алматы қаласында өткен ең алғашқы саммиті өтті. Оған Қазақстан, Ресей, Қытай, Пәкістан, Түркия, Моңғолия, Қырғызстан, Тәжікстан және Ауғанстан басшылары, Әзірбайжан мен Үндістанның премьер-министрлері, Иран, Мысыр (Египет), Палестина және Израильдің өкілетті ресми тұлғалары, бақылаушы мемлекеттер мен ұйымдардың өкілдері қатысты. Әсіресе Палестина және Израильдің өкілдерінің саммитке қатысуы айрықша жетістік болды. Сол саммитте сөз сөйлеген Н.Назарбаев кеңесті шақыру туралы бастаманы Азия құрлығының 90 пайыз аумағын алып жатқан ірі мемлекеттер қолдағанын мәлім еткен болатын.
«АӨСШК осы заманғы сынақтарға қарсы тұруда жаһандық жүйесінің ажырағысыз бөлігі бола алады және болуға тиіс», - деді Қазақстан Президент Нұрсұлтан Назарбаев саммитті ашқандағы сөзінде. «АӨСШК ұйымына мүше мемлекеттер мұнай қоры бойынша әлемде жетекші орындарда келе жатыр, олардың жер қойнауында әлемдегі «қара алтынның» 40 пайызы шоғырланған. Біздің субконтиненттің көліктік-коммуникациялық мүмкіндіктері өте жоғары. Жақында орын алған дағдарыс азиялық мемлекеттерге қиын соқты, алайда ол олардың негізін құрта алмады. Азия өзін-өзі басқарудағы, экономикалық процестердің жаһандану кезіндегі ауыр жағдайларға бейімделу қабілетін тағы бір рет дәлелдеді. Дегенмен қазіргі замандағы жағдайларда Азия мемлекеттерінің бұдан да жоғары қауіпсіз дамуына қажетті тетіктерсіз, экономикалық өркендеу туралы айту қиын. Сондықтан бұл форум саяси мәселелерді талқылау үшін ғана емес, мемлекеттердің тұрақты экономикалық дамуын қамтамасыз ету жағынан да өте маңызды деп санаймын».
АӨСШК-нің 2014 жылы мамырда өткен ІV Шанхай саммиті бұл үдеріс эволюциясындағы ерекше басқосу болып шықты: өткізілген кездесулердің басты қорытындысы Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен АӨСШК арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылуы болды. Сондай-ақ, негізгі құжат - Төртінші саммит декларациясы қабылданды. Ұйымға мүше мемлекеттер басшылары Бангладеш пен Катарды Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесінің жаңа мүшелері ретінде ықыласпен қарсы алды.
Осылайша, жиырма жылдан астам уақыт ішінде АӨСШК өңірлік қауіпсіздік архитектурасын нығайту ісіндегі атқарған сындарлы рөлі арқасында өзінің қажеттілігі мен өміршеңдігін дәлелдеді. АӨСШК-нің арқасында түрлі мәдениеттер мен өркениеттер және даму үлгілері үшін паназиаттық диалог орнатылды. Бүгінде кеңес азиялық мемлекеттердің қазіргі жаһандық қауіп-қатерлер асқынған кезеңінде қауіпсіздік саласында қарым-қатынас жасаудың беделді алаңына айналды.