— Назым Масалимқызы, медицина саласына қалай келдіңіз, инфекционист мамандығын таңдауыңызға не себеп болды?
— Дәрігер болуды бала кезімнен армандадым. 1978 жылы Теректі ауданы Федоров (қазір Теректі) ауылындағы орта мектепті тәмамдадым. Арманым бірден орындалмаса да, араға бір жыл салып, яғни 1979 жылы Ақтөбе медицина институтына оқуға түстім. Институтты 1985 жылы емдеу ісі мамандығы бойынша бітірдім. Инфекционист болуға бірден бел байлап, Орал қаласының жұқпалы аурулар ауруханасы базасында интернатурадан өттім. Ал 1986-1989 жылдары облыстық денсаулық сақтау басқармасының жолдамасымен Теректі аудандық орталық ауруханасында инфекционист-дәрігер болып қызмет атқардым.
1989 жылдан бермен қарай, осы кезге дейін облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында табан аудармай еңбек етіп келемін. 2008 жылы гепатиттен емдейтін екінші бөлімшеге басшылық еттім. 2020 жылдан зейнет демалысындамын. Дегенмен жас кезімде өзім қалаған ісімнен әлі қол үзген жоқпын, мамандығым бойынша дәрігер болып жұмыс жасап жатырмын.
— Өз салаңызда ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, тәжірибеңіз толысқан екен, бір орында тұрып қалуға болмайды дейсіз ғой?
— Иә, қазіргі заманғы өскелең талапқа сай дәрігер білімін жетілдіріп, шеберлігін шыңдап отырмаса болмайды. Мен де әр бес жыл сайын Алматыдағы медициналық университетте мамандандырудан өтіп тұрамын. 2010 жылы қараша, желтоқсан айларында Тель-Авив қаласында «Гастро-гепатология бойынша жетілдіру» курсында оқыдым. 2012 жылы наурыз айында Ыстанбұл қаласында «Созылмалы вирусты гепатитті осы заманғы емдеу әдістері» курсынан өттім. Әрине, бұл оқулар менің қызметіме, науқастарды емдеуде үлкен көмек болғанын айта кеткен жөн.
2017 жылы «Денсаулық сақтау саласының үздігі» медаліне ие болғанмын. Сондай-ақ «Жоғары санатты инфекционист-дәрігер» деген атағым бар.
— Қазіргі кезде елімізде қызылша ауруы асқынып тұрғаны белгілі. Бұған байланысты не айтар едіңіз?
— Соңғы жылдары қызылша ауруының әлсін-әлсін өршуі байқалып тұр. Неге олай? деген сұрақ туады. Бұл жерде, өкінішке қарай, тұрғындар, әсіресе, жас аналар мен әкелердің инфекциялық аурулар туралы, олардың ауыр зардаптары туралы хабарлары жоқ. Мән бермейді. Мән бермеген соң, адам сақтанбайды. Мысалы, қызылшамен бұл сырқатқа қарсы тұратын қорғанышы (иммунитеті) жоқ кез келген жастағы адам — нәресте де, егде тартқан кісілер де ауырып қалуы әбден мүмкін. Тұла бойында бұл дертке қарсы тұратын иммунитеттің жоқтығы салдарынан жас аналар да қызылшаға тап болып жатады.
— Балаларды қызылша сияқты жұқпалы дерттерден қорғау бағытында инфекционист маман, жоғары санатты дәрігер ретінде қандай кеңес берер едіңіз?
— Жұқпалы аурудан сақтанудың ең оңай әрі қауіпсіз жолы — балаларды да, үлкендерді де (95 пайыз) вакцинациядан өткізу. Былайша айтқанда, жұқпаға қарсы егілмесек, ол біз айтып отырған қызылшаның өршуіне апарып соғуы, науқастардың көбеюіне себепкер болуы әбден мүмкін. Көптеген жұқпалы аурулар, мысалы: балалардың тамақ ауруы (дифтерия), жедел дамитын ауру (полиомиелит), В вирусты гепатиті вакцинациядан өткендердің, яғни екпе қабылдағандардың арасында кездеспейді. Тап осы күндерде вакцинациядан өтпегендердің арасында, яғни екпе қабылдамағандардың ішінен эпидемиялық паротит (жұқпалы паротит), көкжөтел сияқты аурулар шығып жатыр.
— Қызылшаның қаупі неде?
— Қызылша — жедел жүретін, жылдам дамитын жұқпалы ауру. Өте жұқпалы. Жөтелгенде, сөйлегенде, түшкіргенде ауа арқылы (тамшымен) тарайды. Бұл аурудан бірден-бір қорғайтын жол — екпе қабылдау, вакцинация. Тек қана вакцина жасату арқылы қорғана аласыз. Басқа жол жоқ.
Қызылшаның қаупі сол, ол асқынса, пневмонияға — өкпенің қабынуына, отитке, энцефалитке, синуситтерге апарып соғады. Аяғы ауыр әйелдер қызылшамен ауырса, мерзімінен бұрын босануы, түсік тастауы мүмкін. Тіпті, кішкентай нәрестенің шетінеп кетуі де ықтимал.
Балалармен салыстырғанда, қызылша ересек адамдарға өте ауыр тиіп, қатты ауырсынады. Сондай-ақ қызылшадан 1 жасқа дейінгі нәрестелер көп шетінейді.
— Екпеден бас тартатын ата-аналар да жоқ емес. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?
— Мен жұмыс барысында екпе (вакцина) алудан бас тартқан ата-аналармен жиі кездесемін. Сонда олардың басты айтатын себебі — екпе дәрі сапасыз дейді. Бұл өте қате әңгіме. Біздің елімізде қолданылып келе жатқан екпелер — аса аз реактогенді вакциналар. Түсініктірек, қарапайым ұғымға салып айтсақ, ол вакциналар ағзаға (организмге) ішкі немесе сыртқы әсер бермейді. Яғни ағзаға әсер етпейді. Оның үстіне вакцина атаулы Бүкілдүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қатаң сараптамасынан өтеді ғой. Талай сараптама, зерттеу, тәжірибе жасалып барып, қолданысқа енгізіледі.
Кей ата-аналар екпе жасауға қарсы уәж айтқанда, біздің асыл дініміз — исламды алға тартады. Шындығына жүгінсек, ислам бұл мәселеге қарсылық танытпайды. Өзіңіз қараңыз, қажылыққа баратын адамдарды да тиісті екпе (вакцина) алмаса, Меккеге жібермейді. Бұған өте қатаң қарайды. Ата-аналардың балаларына екпе жасатудан бас тартуы дінге сенуде жатпаған сияқты. Бұл жерде барлық себеп — екпе жөніндегі түсінігімізде, білім-білігімізде жатыр ғой деп айта аламын. Сосын осы заманғы медицинаға сенбеу, күмәнмен қарау да етегімізден кері тартып келеді.
Қалай болғанда да адам өмірі, балалардың денсаулығы тиісті екпелерді уақтылы алып, медицинаға шүбәсіз сенуде дер едім. Ал, сенім күші көптеген сырқат пен ауруды жеңетіндігін өмір баяғыда дәлелдеген.
— Әңгімеңізге рахмет. Дәрігерлік қызметіңізге табыс тілеймін.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда қызылшамен ауырғандар саны көбейіп отырғанын жазған болатынбыз.