Қазақстандықтар нормадан 4 есе аз балық жейді
Қазақстандықтар ДДСҰ ұсынған нормадан бірнеше есе аз балық жейді. Елде жан басына шаққандағы жылдық тұтыну көлемі - небәрі 4 келі. Ал Ресей мен Қытайда бұл көрсеткіш 20 келіден асады.
Мамандардың айтуынша, адам жылына кемінде 16 келі балық тұтынуы тиіс. Себебі балық құрамында Омега-3 май қышқылдары, D дәрумені, йод, фосфор және ағзаға пайдалы өзге де элементтер мол. Алайда соңғы жылдары бағаның көтерілуі тұтыну көлеміне тікелей әсер етіп отыр.
Өткен жылы балық пен теңіз өнімдерінің бағасы бір жыл ішінде 16,3 пайызға өсті. Әсіресе мұздатылған балық 22,9 пайызға, ал өңделген және консервіленген өнімдер 20,4 пайызға қымбаттаған. Соның салдарынан халықтың балық өнімдеріне жұмсайтын шығыны да артты. Былтыр бір отбасы тоқсанына орта есеппен 20,3 мың теңге жұмсаған. Бұл – 2024 жылмен салыстырғанда 8,4 пайызға жоғары көрсеткіш.
Өңірлер арасында балық пен теңіз өнімдерін ең көп тұтынатын аймақ – Солтүстік Қазақстан облысы. Ал ең төменгі көрсеткіш Шымкент қаласында тіркелген.
Импортқа тәуелділік жоғары
Ішкі нарықтағы сұраныс төмен болғанымен, Қазақстанда балық шаруашылығын дамыту жұмыстары айтарлықтай жанданып келеді. Мемлекет саланы агроөнеркәсіп кешенінің стратегиялық бағыты ретінде айқындап, жаңа жобаларды іске қосуға басымдық беріп отыр.
Биыл аквашаруашылықты қолдауға арналған қаржы бірнеше бағыт бойынша бөлінген. Атап айтқанда, 1,9 млрд теңге өнім сапасын арттыру мен асыл тұқымды балық өсіруге, 3,4 млрд теңге инвестициялық шығындарды өтеуге, ал 1 млрд теңге кредит пен лизинг пайыздарын субсидиялауға қарастырылған.
Бұдан бөлек, техника мен жабдық сатып алуға, сондай-ақ несие мөлшерлемелерін субсидиялауға тағы 1 млрд теңге бөлінді. Ол саланың материалдық-техникалық базасын нығайтып, өндірістік әлеуетін кеңейтуге бағытталған.
Қазір елде 1200-ден астам балық шаруашылығы субъектісі жұмыс істейді. Оның 682-сі – аквашаруашылық. Балық шаруашылығы комитетінің мәліметінше, соңғы бірнеше жылда бұл көрсеткіш екі есе өскен. Соған қарамастан, өндіріс көлемі ішкі сұранысты толық жабуға әлі жеткіліксіз.
Өткен жылғы қорытынды бойынша, Қазақстандағы балық нарығының жалпы көлемі 106,4 мың тонна болды. Оның ішінде 49,6 мың тоннасы ауланса, 22,9 мың тоннасы қолдан өсірілген. Сонымен қатар 21,1 мың тонна өнім экспортталып, елге 55 мың тонна балық импортталған. Осылайша импортқа тәуелділік деңгейі 43 пайызға жетіп отыр.
Мәселені шешу үшін мемлекет жеңілдетілген қаржыландыру тетіктерін де іске қосты. 2024 жылдан бастап өндірістік қуаты жылына 25 тоннадан асатын аквашаруашылық жобаларына 2,5 пайыздық мөлшерлемемен бюджеттік кредит беріле бастады. 2024-2025 жылдары 10 субъектіге 5,7 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілген.
Сонымен қатар биыл айналым қаражатын толықтыруға 5 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген кредит беру жоспарланып отыр. Бұл бағыт бойынша жалпы сомасы 5 млрд теңге болатын 14 жоба іріктелген. Ал инвестициялық мақсаттарға 6 пайыздық мөлшерлемемен 6 млрд теңгеге 18 жоба қарастырылып жатыр.
Бастамалардың барлығы 2021 жылы қабылданған «2030 жылға дейінгі балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы» аясында жүзеге асады. Бағдарламаның негізгі мақсаты – табиғи су айдындарына түсетін жүктемені азайтып, өндірістік аквашаруашылықты дамыту.
Комитет мәліметінше, 2030 жылға дейін балық өсіру көлемін 270 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар жан басына шаққандағы балық тұтынуды 12 келіге дейін арттыру міндеті қойылып отыр.
Балық қайда экспортталып жатыр?
Саланы дамыту ішкі нарықты қамтумен ғана шектелмейді. Соңғы жылдары экспорттық бағыт та күшейіп келеді. Бұл ауыл кәсіпкерлері үшін жаңа мүмкіндікке айналып, балық шаруашылығы табысты бизнес бағыттарының біріне бет бұра бастады.
Былтыр елде 38 мың тоннадан астам балық ауланса, оның 12 мың тоннадан астамы қолдан өсірілген өнім болды. Бүгінде Қазақстанда республикалық және халықаралық маңызы бар 20-ға жуық су айдыны, сондай-ақ жергілікті деңгейдегі үш мыңға жуық көл бар. Бұл – саланы кеңейтуге және жаңа өндірістерді іске қосуға жеткілікті ресурс.
Мемлекет өндірісті қолдаумен қатар, аквашаруашылыққа салынған инвестициялардың бір бөлігін өтеу тетігін де қарастырған. Сонымен бірге асыл тұқымды балық өсіруге арналған мемлекеттік қолдау жүйесі жұмыс істейді. Биылдан бастап су беру қызметтерінің құнын субсидиялау енгізілді.
Балық шаруашылығы комитетінің мәліметінше, су жеткізу тарифінің 60-85 пайызына дейінгі бөлігі субсидияланады.
– Биыл жергілікті және республикалық бюджеттен балық шаруашылығына 5 млрд теңге субсидия беріледі. Былтыр бұл көрсеткіш 3,5 млрд теңге болған. Мемлекеттік қолдау шаралары жетілдіріліп жатыр. Соның арқасында өндірілген өнім көлемі де артып келеді. Былтыр нарыққа 18 мың тоннадан астам балық және балық өнімі шығарылса, биыл бұл көрсеткішті 26 мың тоннаға жеткізу жоспарланған, – делінген комитет жауабында.
Өңдеу саласы да қатар дамып келеді. Қазір елде балық өңдеуге маманданған 72 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың жалпы жылдық қуаты - 120 мың тонна. Кәсіпорындардың 20-сы өнімін сыртқы нарыққа шығарады.
Қазақстандық өнімдер Еуроодақ елдеріне, Ресей мен Қытайға экспортталады. Әсіресе көксерке филесіне сұраныс жоғары.
Жаңа технологиялар мен өндірістік аквашаруашылыққа көшу
Сала біртіндеп цифрлық технологиялар мен автоматтандырылған жүйелер енгізілген өндірістік аквашаруашылыққа көшіп жатыр.
Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетовтің айтуынша, саладағы инвестициялық жобалардың жалпы құны 60 млрд теңгеге жеткен. Бұл қаражаттың бір бөлігі жаңа өндірістерді іске қосуға және инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.
– 2021-2025 жылдары жалпы құны шамамен 26 млрд теңге болатын балық өсіру және өңдеу бойынша 95 жоба жүзеге асырылды. Олардың өндірістік қуаты жылына 20 мың тоннадан асады. Нәтижесінде шамамен 1200 жұмыс орны ашылды. Саланың негізгі даму тетігі – «Аквашаруашылық туралы» заң аясындағы мемлекеттік қолдау, – деді ол.
Қазір жем сатып алу шығындарының 30 пайызы өтелсе, шабақ, дәрі-дәрмек және аналық қор сатып алу шығындарының 50 пайызы субсидияланады. Сонымен қатар жем зауыттарын, тұйық су айналымы жүйелерін және балық өсіру нысандарын салу шығындарының 25 пайызы мемлекет тарапынан өтеледі.
Мәжіліс депутаты Серік Егізбаевтың пікірінше, өндірістік аквашаруашылық Қазақстан үшін стратегиялық маңызы жоғары бағытқа айналып отыр.
– Бүгінде балық шаруашылығы нақты есеп пен автоматтандыруға негізделген салаға айналып келеді. Әсіресе тұйық су айналымы жүйелері, яғни RAS-технологиялары маңызды рөл атқарады, – деді депутат.
Оның айтуынша, мұндай жүйелерде су бірнеше рет тазартылып, қайта пайдаланылатындықтан, су үнемделіп, өндіріс толық бақылауда ұсталады.
Сонымен қатар салада «ақылды ферма» технологиялары да кеңінен енгізіліп жатыр. Арнайы сенсорлар су температурасы, оттегі деңгейі мен қышқылдық көрсеткіштерін үздіксіз бақылап, деректерді автоматты жүйеге жеткізеді.
Ал жасанды интеллект балықтың өсу қарқыны мен мінез-құлқын талдап, шаруашылықтарға нақты ұсыныстар жасап отыр. Бұл жем-шөп шығынын азайтып, өнім сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Депутаттың пікірінше, Қазақстан үшін су ресурстарын үнемдеу мен климаттық өзгерістерге бейімделу – алдағы кезеңдегі негізгі міндеттердің бірі.
– Еліміз су тапшылығы сезілетін аймаққа жатады. Су ресурстарының 80 пайызы сырттан келеді. Сондықтан табиғи жағдайларға тәуелділікті азайту үшін жаңа технологияларды енгізу қажет, – деді ол.
Теңіз аквашаруашылығы дамып келеді
Қазір саланы толық циклді өндіріс тізбегі ретінде қалыптастыруға күш салынып жатыр. Соның бірі – Каспий теңізіндегі «Organic Fish» компаниясының жобасы.
Құрық портынан 20 шақырым жерде орналасқан кәсіпорын Қазақстанда алғаш рет норвегиялық технологияларға негізделген теңіздік торлы балық өсіру жобасын жүзеге асырып отыр.
Компания өкілдерінің айтуынша, жоба бірнеше кезеңнен өткен. Алдымен ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, теңіз учаскесі дайындалған. Кейін арнайы торлар жеткізіліп, орнатылған.
– Өткен жылдың күзінде торлы шаруашылық іске қосылып, алғашқы шабақтар суға жіберілді. Қазір балықтың орташа салмағы 1 келіге жетіп, өсімі тұрақты болып отыр. Биыл күзде 200 тонна тірі балық өндіру жоспарланса, алдағы жылдары өндіріс көлемін кезең-кезеңімен жылына 5000 тоннаға дейін арттыру көзделген. Бұл – Каспий теңізіндегі теңіз фермерлігі бойынша Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы ірі жоба, – деді компания төрағасының орынбасары Бауыржан Жұмажанұлы.
Оның айтуынша, теңіз аквашаруашылығы – жоғары технология мен ауқымды инвестицияны талап ететін сала.
– Заманауи теңіз торлары, теңіз кемелері, порт инфрақұрылымы, тұрақты жем жеткізілімі, білікті мамандар, өнімді өңдеу мен логистика қажет. Сондықтан табыс тек өнім бағасына емес, өндіріс тиімділігіне де байланысты, – деді ол.
Нарық құрылымы да өзгеріп келеді. Егер жаппай сегментте дәстүрлі балық түрлеріне сұраныс жоғары болса, ірі қалаларда албырт тұқымдас (лосось) өнімдерге қызығушылық артып отыр.
– Тұтынушы сапалы, балғын және дұрыс қапталған өнімді таңдауға дайын. Қазақстан әзірге албырт өнімдері бойынша импортқа тәуелді. Сондықтан жергілікті өндірістің артықшылығы үлкен, – деді сала маманы.
Сапалы жем өндірісі – маңызды мәселе
Саланы тежеп тұрған негізгі факторлардың бірі – жем өндірісі. Қазір көптеген шаруашылық сапалы импорттық жем қолдануға мәжбүр.
– Негізгі шығындар жабдық пен сапалы жемге кетеді. Бұдан бөлек, шабақ сатып алу, логистика, жабдықты күтіп ұстау, қызметкерлердің еңбекақысы мен тасымал шығындары да қомақты қаржыны талап етеді, – деді Бауыржан Жұмажанұлы.
Оның айтуынша, теңіздегі торлы шаруашылықта шығын көлемі одан да жоғары. Себебі мұнда теңіз кемелері, жем тасымалдайтын баржалар, автоматтандыру жүйелері мен қауіпсіздік шығындары қосылады.
– Қазақстанда әзірге теңіз аквашаруашылығына арналған арнайы жем өндірісі толық жолға қойылмаған. Алдағы уақытта жергілікті өндіріс дамыса, импортқа тәуелділік азайып, логистика шығыны төмендер еді, – деді ол.
Жас мамандар жетіспейді
Елорданың іргесінде де балық шаруашылығы қарқын алып келеді. Соның бірі бақбақ (форель) өсірумен айналысады. Кәсіпорын Ақмола облысындағы Жалтыркөл көлінде толық цикл бойынша өндіріс ұйымдастырып, заманауи аквашаруашылық технологияларын енгізіп отыр.
Аквашаруашылық саласының маманы, «Астана-Өнім» компаниясының өкілі Жасұлан Ұрынбаевтың айтуынша, шаруашылықтың басты ерекшелігінің бірі – өндірістің Астанаға жақын орналасуы. Бұл елорда тұрғындарын форельмен әрі тұқымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
– Аквашаруашылық саласында 10 жылдан астам уақыт еңбек етіп келемін. Кәсіби тәжірибемнің едәуір бөлігін шетелде түрлі балық өсіру технологияларымен жұмыс істеу арқылы жинадым. Бүгінде оны Жалтыркөлдегі өндірісте енгізіп отырмыз, – деді ол.
Маманның айтуынша, өндіріс бірден бірнеше технологияны қатар қолдануымен ерекшеленеді. Қазір мұнда тұқы тұқымдас балықтар мен құбылмалы (кемпірқосақты) форель толық цикл бойынша өсіріледі.
Форель өсіру бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен ұрықтандырылған уылдырық сатып алынады. Кейін ол инкубациялық аппараттарда өсіріліп, шабақтар арнайы жүйеде 50 грамға дейін жеткізіледі. Осыдан кейін форель көлге орнатылған торлы желілерге көшіріледі.
– Осылайша өндірісте рециркуляциялық сумен жабдықтау жүйесі мен торлы өсіру тәсілі қатар қолданылады. Біз кемпірқосақты форельді Жалтыркөл көлінің табиғи жағдайына бейімдей алдық. Ақмола облысында мұндай жобаға ұқсас өндіріс әзірге жоқ, – деді маман.
Шаруашылықта тұқы өсіру бағыты да толық цикл бойынша жолға қойылған. Аналық қор көлдің өзінен қалыптастырылады. Кейін уылдырық ұрықтандырылып, шабақтар арнайы тоғандарда өсіріледі.
Сонымен қатар өндірістің өзіндік қиындықтары да бар. Сапалы өнім алу үшін жоғары сапалы жем, заманауи жабдық, таза су мен тұрақты температуралық режим қажет.
– Аквашаруашылықта әрбір қателік нәтижеге тікелей әсер етеді. Сондықтан сала тұрақты бақылауды, үлкен жауапкершілікті және кәсіби мамандарды қажет етеді. Қазір елімізде жас кадрлардың тапшылығы анық сезіледі. Сол себепті профильдік білім беру мен тәжірибелік алаңдарды дер кезінде дамыту маңызды, – деді Жасұлан Ұрынбаев.
Сарапшылардың пікірінше, сала алдында импортқа тәуелділікті азайту, сапалы жем өндірісін дамыту, кадр тапшылығын шешу және халықтың балық тұтыну мәдениетін қалыптастыру сияқты маңызды міндеттер тұр. Алдағы уақытта жүйелі реформа мен мемлекеттік қолдау жалғасса, балық шаруашылығы ең қарқынды дамитын саланың біріне айналуы мүмкін.