Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанның профилактикалық екпе күнтізбесі халықаралық стандарттарға сай екенін және қазіргі таңда 21 инфекцияға қарсы вакцинация жүргізілетінін айтады. Ведомствоның мәліметінше, иммундау бағдарламасының нәтижесінде бірқатар инфекциялық ауру деңгейі айтарлықтай төмендеген. Мәселен, соңғы 35 жылда ұлттық иммундау саясатының арқасында елімізде эпидемиялық паротитпен сырқаттану деңгейі 94 есе азайған. Сондай-ақ А вирустық гепатиті бойынша көрсеткіш 80 есе, ал В вирустық гепатиті бойынша 94 есе азайған.
– Әрбір елдің Ұлттық екпе күнтізбесі эпидемиологиялық жағдайға, инфекциялық аурулардың таралу деңгейіне, халықтың демографиялық ерекшеліктеріне, денсаулық сақтау жүйесінің мүмкіндіктеріне және ғылыми дәлелдерге сүйене отырып жасалады, - делінген министрлік жауабында.
Ведомствоның мәліметінше, жаңа вакциналарды енгізу кезінде бірнеше негізгі фактор, атап айтқанда аурудың қоғамдық денсаулыққа әсері, вакцинаның тиімділігі мен қауіпсіздігі, эпидемиологиялық деректер, сондай-ақ экономикалық жағынан тиімділігі қатар қаралады.
Десе де, мамандардың сөзінше, елдегі эпидемиологиялық ахуалды дұрыс бағалау мен аурушаңдықты тіркеу жүйесінің сапасы вакцинация саясатына тікелей ықпал етеді. Кейбір жағдайларда диагноздардың нақты қойылмауы немесе статистикалық деректердің толық жиналмауы жекелеген инфекциялардың шынайы таралу деңгейін дәл бағалауға кедергі келтіруі мүмкін. Соның салдарынан белгілі бір вакциналардың ұлттық күнтізбеге енгізілуі ұзақ уақыт талқылау сатысында қалып қояды.
Осы тұрғыдан қарап, халықаралық тәжірибеге назар салсақ, кейбір елдерде түрлі инфекцияларға қарсы вакциналардың ұлттық күнтізбеге ертерек енгізілгенін байқауға болады. Мысалы, кей мемлекеттерде ротавирус немесе менингококк инфекцияларына қарсы екпелер нәрестелерді жоспарлы иммундау бағдарламасына толық енгізілген, ал Қазақстанда олар әзірге қосымша вакцина ретінде қарастырылады.
Бұдан біз вакцинация тақырыбындағы ресми түсіндірулер мен қоғамдық талқылау арасында белгілі бір алшақтық сақталып отырғанын байқаймыз. Мұндай айырмашылықтар тәжірибелі мамандардың пікірінен де байқалады.
Шетелде ұлттық екпе бағдарламалары Қазақстанға қарағанда кеңірек қамтылған
Тәжірибелі дәрігер-педиатр Жігер Сейтханның айтуынша, шет елдерде нәресте кезеңіндегі иммундау тізбегі кеңірек. Әсіресе, кей инфекцияларға қарсы вакциналар Қазақстанда қосымша ретінде қарастырылса, шетелде олар ұлттық күнтізбеге енгізілген.
– Мәселен, менің португалиялық пациентім бар. Олардың ұлттық вакцинация күнтізбесін қарасақ, біздің жүйеге ұқсайды. Бірақ бізде қосымша саналатын кейбір вакциналар оларда ұлттық күнтізбеге енгізілген. Солардың ішінде ротавирусқа және менингококқа қарсы вакцина бар. Сондықтан болар, «неге оларда бар да, бізде жоқ?» деген сауалды жиі естиміз, - деді дәрігер.
Маман мұндай айырмашылықтарды Жапонияда дүниеге келген балалардың құжаттарынан да жиі көретінін жеткізді.
– Тағы бір танысым бар, Жапонияда өмір сүрген, сол жақта оқыған, кейін бірінші баласын сонда дүниеге әкелген. Жапонияның ұлттық вакцинация күнтізбесін қарасақ, ол да құрылымы жағынан біздің жүйеге ұқсас, алайда кейбір қосымша вакциналар олардың ұлттық күнтізбесіне толық енгізілген. Мысалы, жоғарыда атап өткен ротавирус пен менингококк инфекциясына қарсы вакцина Жапонияда ұлттық екпе күнтізбесінде де бар. Жаңағы танысымның сонда дүниеге келген баласы осы вакциналарды алған, - деді педиатр.
Сонымен қатар дәрігер Жапонияда желшешекке қарсы вакцина да ұлттық күнтізбеге кіретінін атап өтті.
– Желшешек бізде көбіне «жеңіл өтетін» ауру ретінде қабылданады. Бірақ ол әрдайым жеңіл өте бермейді. Кей балаларда түрлі асқынулар болуы мүмкін. Аурудың ағымы әр балада әртүрлі өтеді, - дейді Жігер Сейтхан.
Эпидемиологиялық статистика дұрыс жүргізілмейді
Вакциналардың ұлттық күнтізбеге енуі елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты екенін жоғарыда атап өттік. Алайда педиатрдың сөзінше, бізде эпидемиологиялық ахуалды бақылау мен статистиканы жүргізу жұмыстары әрдайым толық әрі нақты бола бермейді.
– Өзім бірнеше жыл мемлекеттік ауруханада, стационарда жұмыс істедім. Сонда байқағаным, бізде эпидемиологиялық жағдай әрдайым жан-жақты бағаланбайды, әрі статистика да дұрыс және толық жүргізілмейді. Мәселен, стационарға түскен науқастарға көбіне «жедел ішек инфекциясы» немесе «нақты анықталмаған» деген диагноз қойылады. Ал диарея, құсу секілді белгілерімен түскен балалардың шамамен елу пайызы ротавирустық инфекциямен ауыруы мүмкін. Бірақ олардың тек бір пайызына ғана нақты «ротавирус» диагнозы қойылады. Қалған жағдайларда ол статистикаға «нақты анықталмаған жедел ішек инфекциясы» болып тіркеледі, - деді педиатр.
Дәрігердің айтуынша, сол себепті бұл деректер ресми статистикаға толық кірмейді, соның салдарынан сырт көзге бұл ауру сирек кездесетін секілді болып көрінгенімен, шын мәнінде ол жиірек кездесуі әбден мүмкін.
– Осы жерде Жапонияның вакцинация жүйесіне қайта оралайықшы. Мысалы, оларда ротавирустық инфекция жиі тіркеліп, әсіресе нәрестелер арасында ауруханаға жатқызу жағдайлары көп болған. Сонымен қоса инфекцияның салдарынан сәбилер арасында қайғылы жағдайлар даорын алған. Сөйтіп, денсаулық сақтау жүйесіне түсетін шығын көлемі артқан. Айту керек, Жапонияда ауруларды есепке алу, диагностикалау және статистика жүргізу жүйесі жақсы жолға қойылған. Соның арқасында ротавирустық инфекцияның нақты таралу деңгейі анықталып, вакцина ұлттық екпе күнтізбесіне енгізілді, - деді Жігер Сейтхан.
Нәтижесінде нәрестелерді жаппай иммундаудан кейін ротавирустық инфекциямен сырқаттану деңгейі де, одан болатын өлім-жітім көрсеткіші де төмендеген.
– Менингококк та сол сияқты. Өкінішке қарай, бізде менингококк инфекциясының есебі дұрыс жүргізілмейді. Соған қарамастан, менингитпен ауыратын жағдайлар жиі кездеседі. Балалар, әсіресе нәрестелер, менингиттің дамуына бейім келеді. Халықаралық статистикаға қарасақ, Еуропада жүргізілген зерттеулерде нәрестелердегі менингиттің негізгі қоздырғыштары ретінде бірінші орында менингококк, екінші орында пневмококк, үшінші орында гемофильді таяқша көрсетіледі, - деді педиатр.
Дәрігердің айтуынша, біздің ұлттық күнтізбеде пневмококк инфекциясына қарсы вакцина бар. Сонымен қатар гексаксим және пентаксим сияқты біріктірілген вакциналардың құрамында гемофильді инфекцияға қарсы компонент бар.
– Ал менингококке қарсы вакцинаны ұлттық күнтізбеге енгізу үшін бізде дұрыс әрі нақты статистика жүргізіліп, эпидемиологиялық ахуал бақылануы керек. Сондай-ақ эпидемиологтердің жүйелі жұмысы қажет. Атап айтқанда, бұл деректер толық жинақталып, инфекцияның елдегі нақты жиілігі дәл көрсетілуі керек, - деді маман.
Дегенмен, мәселе тек медициналық деңгейде емес, мемлекеттік деңгейде де қаралады. Оның сөзінше, белгілі бір инфекцияның жиі кездесетіні, ауыр асқынуларға және өлім жағдайларына әкелетіні нақты дәлелденген жағдайда ғана вакцинация күнтізбесіне енгізу туралы шешім қабылданады.
– Болашақта бұл вакцина да ұлттық күнтізбеге қосылуы мүмкін, бірақ ол толық дерек пен жүйелі эпидемиологиялық бақылауға байланысты, - деді ол.
Бұдан байқайтынымыз, Қазақстанда эпидемиологиялық ахуалды бағалау мен статистикалық деректерді жинау және талдау мәселелері әлі де өзекті болып отыр.
Менингококк пен ротавирусқа қарсы вакциналарды енгізу мәселесі қаралуда
Осы тұста, айта кету керек, біз ата-аналар арасында жиі талқыға түсіп жүрген ротовирус және менингокок инфекцияларына қарсы вакцина біздің Ұлттық күнтізбеге қашан енгізілетіні жөнінде Денсаулық сақтау министрлігіне сұрау салдық. Аталған ведомство Ұлттық профилактикалық екпе күнтізбесін жетілдіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп жатқанын жеткізді.
– Қазір менингококк пен ротавирусқа қарсы вакциналар ұлттық екпе күнтізбесіне кірмейді және тегін түрде де салынбайды. Бірақ оларды енгізу мәселесі қазір қарастырылып, зерттеліп жатыр, - делінген министрлік жауабында.
Алайда қашан енгізілетіні жөнінде нақты ақпарат айтылмаған.
Сонымен қоса бұл жерде Ұлттық вакцинация күнтізбесінде жоқ екпелерді жеке клиникалардан алуға бола ма деген заңды сауал туындайды. Министрліктің айтуынша, қолданыстағы ережелерге сәйкес, мемлекеттік немесе жекеменшік екеніне қарамастан, барлық емдеу мекемесінде ұлттық күнтізбеге кірмейтін инфекцияларға қарсы вакцинация жасауға рұқсат етілген.
– Азаматтар мұндай екпелерді жеке медициналық орталықтарда да ала алады. Бірақ ол үшін маңызды шарт бар: қолданылатын вакцина Қазақстанда ресми түрде тіркелген болуы керек. Сонымен бірге, вакцинацияны жүргізу талаптары барлық медициналық ұйым үшін бірдей және міндетті түрде сақталады, - делінген ведомство жауабында.
Қорытындылай келе, вакцинацияға қатысты шешімдер эпидемиологиялық деректер мен ғылыми негіздерге сүйене отырып қабылданады. Мамандар аурудың шынайы көрінісін толық бағалау үшін статистикалық деректерді жүйелі әрі нақты жинау маңызды екенін айтады. Себебі дұрыс жиналған дерек ауру деңгейін нақты бағалауға және дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік береді.Осы тұрғыдан алғанда, эпидемиологиялық статистиканы жетілдіру денсаулық сақтау саласындағы маңызды бағыттардың бірі болып қала береді.