Непал мен Тибеттегі алапат тасқын: жүздеген адам қаза тауып, мыңнан астамы із-түзсіз жоғалды

АСТАНА. KAZINFORM — 26 тамызда Қытай мен Непал шекарасындағы Гималай тауларында болған жойқын табиғи апат екі ел аумағын қамтып, жүздеген адамның өмірін қиды. Непалдың солтүстігіндегі елді мекендер мен Қытайдың Тибет автономиялық ауданындағы Жилун шекаралық өткізу бекеті тасқын мен лай көшкінінен қатты зардап шекті. 27 тамыздағы мәлімет бойынша, екі елде мыңнан астам адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Олардың арасында жүздеген шетелдік турист пен қажы бар.

Видеодан алынған кадр

Құтқару жұмыстары жалғасып жатқандықтан, қаза тапқандар мен із-түзсіз жоғалғандар саны жөніндегі деректер әлі де нақтыланып жатыр.

Непалда 165 адамның мәйіті табылды

Непалдың Табиғи апаттар қаупін азайту және басқару жөніндегі ұлттық басқармасының 27 тамызда жариялаған мәліметіне сәйкес, елдің солтүстігіндегі алапат тасқыннан кейін 165 адамның мәйіті табылған. Тағы 826 адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында.

Тасқын елді мекендерді басып, үйлерді, жолдар мен көпірлерді, көлік құралдары мен басқа да инфрақұрылым нысандарын қиратып кетті. Таулы аймақтағы жолдардың бұзылуы мен байланыстың үзілуі құтқару жұмыстарын қиындатып отыр.

Бейнебақылау камераларына түскен кадрларда апаттың қаншалықты жылдам өрбігені байқалады. Су, тас және лай араласқан алып ағын ғимараттар мен көліктерді шайып кетпес бұрын адамдардың қауіпсіз жерге қарай қашып бара жатқаны көрінеді.

Тибетте 3 адам қаза тауып, 558 адам жоғалған

Қытайдың CCTV телеарнасының мәліметінше, апат Қытайдың Тибет автономиялық ауданындағы Шигадзе қаласына қарасты Жилун уезінің Жилун шекаралық өткізу бекетіне де ауыр зардап әкелді.(https://content-static.cctvnews.cctv.com/snow-book/index.html?item_id=11430284209203124694&source=50001&sub_source=50001_006)

27 тамыз күні Бейжің уақытымен сағат 08:00-дегі алдын ала дерек бойынша, құтқарушылар Ресо ауылының екі тұрғынын аман алып шыққан. Үш адамның қаза тапқаны анықталып, 558 адам із-түзсіз жоғалғандар тізіміне енгізілді. Олардың 298-ы — Қытай азаматты.

Қытай билігі табиғи апат салдарын жою бойынша бірінші деңгейдегі төтенше әрекет ету режимін іске қосып, оқиға орнында жедел штаб құрды.

Қытай төрағасы Си Цзиньпин із-түзсіз жоғалғандарды барлық мүмкіндікті пайдалана отырып іздестіруді, қауіп төнген аумақтағы тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруді және зардап шеккендерге жедел медициналық көмек көрсетуді тапсырды.

Ол адам шығынын барынша азайту қажеттігін атап өтіп, мониторинг пен ерте ескерту жұмыстарын күшейтуге және қайталама табиғи апаттардың алдын алуға шақырды.

ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Цян да зардап шеккендер мен жоғалғандар санын жедел анықтап, құтқару жұмыстарын барынша күшейту жөнінде тапсырма берді.

Апатқа не себеп болды?

Апаттың нақты себебі жөніндегі зерттеу әлі аяқталған жоқ.

Алғашқы сағаттарда Германияның геоғылымдар орталығы осы аудан маңында магнитудасы 4,4 болатын сейсмикалық дүмпу тіркелгенін хабарлаған. Осыған байланысты жер сілкінісі мұздықтың опырылуына немесе көшкінге түрткі болуы мүмкін деген болжам айтылды.

Алайда кейінгі ғылыми бағалаулар апаттың басқа ықтимал механизмін көрсетті.

The New York Times келтірген геологтар мен гляциологтардың алдын ала бағалауынша, шамамен 5 мың метр биіктіктегі мұздықтан ені 800 метрге жуық алып мұз массасы бөлініп, бірнеше мың метр төмендегі өзен аңғарына құлаған болуы мүмкін.

Ғалымдардың есебінше, оның жерге соғылуынан пайда болған сейсмикалық әсер магнитудасы 5,2 жер сілкінісіне пара-пар болған. Құлаған мұз массасы соққы кезінде ұсақталып, су, мұз және тау жыныстарынан тұратын аса жылдам ағынға айналып, өз жолындағы нысандарды қиратып кеткен болуы ықтимал.

Кейінгі зерттеулерде бастапқыда жер сілкінісі ретінде тіркелген сейсмикалық сигналдың өзі мұз бен тау жыныстарының орасан зор массасының құлауынан пайда болуы мүмкін екені де айтылды.

Сондықтан қазіргі кезеңде жер сілкінісін апаттың бастапқы себебі деп біржақты айтуға негіз жоқ.

Ғалымдар спутниктік суреттерді, өзен ағысы мен метеорологиялық деректерді зерттеп, апаттың қалай өрбігенін қалпына келтіруге тырысып жатыр.

Климаттың өзгеруі қаншалықты әсер етті?

Ғалымдар Гиндукуш–Гималай аймағындағы мұздықтардың жаһандық жылыну салдарынан жылдам еріп жатқанын бірнеше жылдан бері ескертіп келеді.

Мұздықтардың шегінуі биік таулы аймақтардағы мұздық көлдерінің тасуы, мұз бен тау жыныстарының опырылуы және сел секілді табиғи қауіптердің артуына ықпал етуі мүмкін.

Дегенмен мамандар климаттың өзгеруі дәл осы апаттың туындауына қаншалықты әсер еткенін қазірден анықтау ерте екенін атап өтеді. Бұл үшін қосымша зерттеулер қажет.

Гималай тауларының геологиялық ерекшеліктеріне байланысты бұл өңірде көшкін мен су тасқыны қаупі онсыз да жоғары. Непалда маусымнан қыркүйекке дейін созылатын муссондық жаңбыр кезеңінде мұндай табиғи апаттардың қаупі айтарлықтай артады.

Жүздеген шетелдік турист із-түзсіз жоғалған

Апат болған аймақ шалғай таулы жерде орналасқанына қарамастан, ол халықаралық туризм мен діни қажылықтың маңызды бағыттарының бірі саналады.

BBC жариалаған Непалдың туризм саласындағы ресми деректеріне сәйкес, апаттан кейін жүздеген туристпен байланыс үзілген. Алғашқы мәліметтердің бірінде 403 туристің жоғалғаны, олардың 341-інің шетел азаматы екені хабарланды.

Із-түзсіз жоғалғандар арасында Үндістан, АҚШ, Австралия, Ұлыбритания, Канада, Малайзия және басқа да елдердің азаматтары бар.

Олардың бір бөлігі Тибеттегі Кайлаш тауына қажылық сапармен бара жатқан.

Кайлаш тауы индуизм мен буддизмді қоса алғанда, бірнеше дін өкілдері қасиетті санайтын орындардың бірі. Жыл сайын көптеген қажы оған Непал арқылы Тибетке өтетін бағытпен барады.

Тасқын автомобиль жолдарын қиратып, телекоммуникация желілерінің жұмысын бұзғандықтан, көптеген турист пен жергілікті тұрғын сыртқы әлеммен байланысын жоғалтқан.

Сондықтан билік із-түзсіз жоғалғандар тізіміне енгізілген адамдардың барлығы қаза тапты дегенді білдірмейтінін ескертеді. Байланыс қалпына келіп, құтқару және іздестіру жұмыстары жалғасқан сайын бұл көрсеткіштер өзгеруі мүмкін.

Іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр

Қытай мен Непал билігі апат аймағында ауқымды іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алайда таулы жер бедері, бұзылған жолдар, жоғары су деңгейі мен байланыстың үзілуі кейбір аудандарға жетуді қиындатып отыр.

Қазіргі уақытта негізгі міндет — жоғалған адамдарды іздеу, зардап шеккендерді эвакуациялау, жараланғандарға медициналық көмек көрсету және қайталама көшкіндер мен су тасқыны қаупін бақылау.

Апаттың нақты себебін анықтау бойынша ғылыми зерттеулер де жалғасып жатыр. Мамандардың пікірінше, спутниктік бақылау деректері мен жергілікті метеорологиялық және гидрологиялық мәліметтер оқиғаның толық механизмін анықтауға мүмкіндік береді.

Қаза тапқандар мен із-түзсіз жоғалғандар туралы мәліметтер іздестіру жұмыстары мен байланыс жүйелері қалпына келген сайын әлі де өзгеруі мүмкін.