– Талғат Серікұлы, медицина саласына қалай келдіңіз, еңбек жолын қайдан бастадыңыз?
– Мен мұғалім және механик-инженер отбасында өстім, әулетіміздегі алғашқы дәрігермін. Дәрігер болуды бала кезімнен армандадым, сол балалық арманым мені адастарымады. Мектептен соң Қарағанды қаласындағы медициналық колледжге оқуға түсіп, оны қызыл дипломмен жалпы практика фельдшері мамандығы бойынша бітіріп шықтым. Сол кезде менің кураторым колледж директоры Светлана Қабденқызы болды, ол кісімімен әлі де тығыз байланыстамыз. Сонымен бірге, менің қалыптасуыма алғашқы тәлімгерлерім Гүлнар Валиева, Инна Мокрова және Антонина Соболевскаяның сіңірген еңбегі зор. Колледждегі оқуымды үздік бітірген соң, емдеу ісі бойынша медицина академиясына түсіп, одан кейін нейрохирургия мамандығы бойынша интернатураға түстім. Осылайша, 2006 жылы Ақмола облыстық көпсалалы ауруханасында еңбек жолымды бастадым.Кейін Көкшетау қалалық ауруханасының гинекологиялық бөлімшесінің меңгерушісі Әсел Уахитовамен отбасын құрып, қазір екі бала тәрбиелеп отырмын.
– Алғаш ота жасаған сәтіңіз есіңізде ме?
– Иә, есімде. Зеренді ауданынан келген жігіттің бас сүйегіне ота жасадым. Орманға отынға барған кезінде басына ағаш құлаған, содан бас сүйегінің ашық сынуы диагнозымен ауруханаға түсті. Ол жігітпен әлі де байланыстамын, онымен ғана емес, өзге де науқастарымен сөйлесіп тұрамын. Тіпті, араларында дос болып кеткендер де бар (күледі).
– Бүгінде өзіңіз еңбек етіп жатқан Ақмола облыстық көпсалалы ауруханасының нейрохирургия бөлімшесінің жұмысы туралы айтып берсеңіз.
– Біздің нейрохирургия бөлімшесінде жылына 400-ге жуық ота жасалады, яғни миға, ми жарақаттарына, омыртқаға, аяқ-қол нервтеріне, инсультке, ми ішілік қан кетулерге. Ұжымызда 4 дәрігер, 3 ординатор және 17 медперсонал жұмыс істейді, олардың барлығы өз ісінің шеберелері. Бөлімшенің техникалық базасы жаңартылуда, бір ай бұрын жоғары жиілікті коагуляция аппараты сатып алынды, бұл қан тамырларын күйдіру кезінде белгілі бір дәрігерге икемді етіп жұмыс істейтін жоғары технологиялық аппарат. Сондай-ақ, жыл соңында аурухана басшылығы адам омыртқасын емдеу үшін қажетті құрылғыға қол жеткізді. Кейде санавициямен облыс аудандарына шығып тұрамыз.
– Өңірде дәрігер мамандардың тапшылығы және медициналық мекемелердің қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілу мәселесі қалай шешіліп жатыр?
–Жалпы облыс бойынша кадр тапшылығы байқалады, инсульт орталықтары ашылатынын ескерсек, онда олардың әрқайсысы кемінде бір маманмен қамтамасыз етілу тиіс. Біздің бөлімше Ақмола облысының барлық 17 ауданына қызмет көрсетеді. Тәулік бойы кезекшілікте боламыз, жұмыс ауысыма да тәулікке созылады. Аурухананың бір дәрігер резидентті оқытып жатқандығы қуантады, ол екінші курста, оқуын тәмәмдаған соң бізге жұмыс істеуге келеді. Сонымен қатар, бізде балалар нейрохирургінің қажеттілігі бар. Облыста бір ғана дәрігер, ол менің әріптесім Нұржан Ысқақов, ол еңбек демалысына шыққан да біз оны жоқтатпауға тырысамыз. Сондай–ақ, технологияның бір орында тұрмайтынын бәрі біледі. Уақыт өткен сайын жаңа медициналық аспаттар мен емдеу тәсілдері жаңарып келеді. Осы ретте, бізге денеге аз ғана тыртық салатындай ота жасайтын арнайы микроскоп қажет.
– «Сақтаңсаң, сақтайды» дегендей, қазір келген ауруды алсақ та, науқастардың жас шамасы жасарып, саны артып келеді. Осы ретте, дәрігер ретінде аруды алдын алу үшін халыққа қандай кеңес берер едіңіз?
– Иә, дұрыс айтасыз, әр адамның денсаулығы өз қолында. Қазақ «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» дейді. Бүгінгі күні инсульт саны өсті, бұл ми ішілік гематомаларға оталар, стресс факторы, уақтылы диагноз қою, кеш анықтау, денсаулығына немқұрайлы қарау өте әсер етеді. Жоғары қан қысымы бар науқастар өздерінің жағдайына мән бермейді, дәрі-дәрмектерді қабылдамайды, скринингтік тексеруден өтпейді. Сол себепті, әр адам өзін және жақындарын ойлауы керек. Күнделікті жаттығу, дене қимылы, диета, уақытылы дәрігерге көріну арқылы кез келген аурудың алдын алуға болады.
– Әңгімеңізге рақмет!