- Өзіңіз қызмет ететін ҚР Президенті Іс басқармасы Медорталығының Астанадағы ауруханасында, сондай-ақ Алматыдағы Ұлттық госпитальде қандай оңтайлы өзгерістер болып жатыр?
- Алматыдағы Ұлттық госпитальде жыл басынан бері 800 операция болып, оның 350-ін өзім жасадым. Ал елордадағы Медициналық орталығы ауруханасында жыл басынан бері нейрохирургия саласында 400-ден астам операция болды. Мен жеке өзім шамамен 80 операция жасадым. Мәселен, жұма күні кешке қарай Астанадан Алматыға барып, сенбі және жексенбіде операция жасаймын.
Осы Алматыдағы ауруханада жеті жыл бойы қызмет етіп келемін. Бұл жерде жасақталған мықты команда бар және қаржыландыру 10 есе көп. Қантамыр мен миға қатысты операциялар бойынша айтатын болсақ, Астанадағы ауруханада жыл басынан бері 42 ота жасалса, Алматыда 400-ден астам операция өтті.
Өзім елордада жұмыс істеп жатсам да, консультацияға келетіндердің біразын Алматыдағы ауруханаға жатқызып, операция жасап отырмыз. Өйткені, бұл қалада ұзын-сонар кезек жоқ десек болады. Атап айтқанда, ота жасайтын бөлімдер озық технологиямен қамтамасыз етілген.
Ал Астанадағы аурухананың ерекшелігіне тоқталсам, эпилепсияның ауыр түріне шалдыққан науқастарға күрделі операциялар жасалып келеді. Сонымен қатар, Паркинсон ауруына да ота жасай алатын мықты мамандар бар. Мұндай операциялар Қазақстандағы 4-5 ауруханада ғана өткізіліп жатыр. Бізде мидың қатерлі ісігі бар науқастарға да ем-дом жасалады. Жалпы, аурухана мамандармен толық қамтамасыз етілген.
- Осы озық технологиялар пайдаланылатын операциядан кейін науқастар тез арада аяғына тұрып, сауығып кете ме?
- Жалпы, науқастардың 98-99 пайызы аяғына тұрып, сауығып шығады. Ауруы асқынған жағдайда, 1-2 пайызында кейбір қиындықтар болуы мүмкін. Бұл адамдардың ауруын емдеу күрделі болады, себебі уақытын өткізіп алып жатады. Операциядан кейін қайтыс болуы қаупі 0,2-0,3 процент қана.
- Болашақта осы екі ауруханада ерекше операцияларды енгізу жоспарда бар ма?
- Қазір Швейцарияда жұлыннан паралич болған науқастарға қатысты клиникалық зерттеу жүріп жатыр. Жұлынға зақым келіп, екі аяғын баса алмай қалған адамдар болады. Осы адамдарды қайтадан аяғына тұрғызатын операциялар зерттеу сатысында. Сондықтан мұндай оталарды біздің ауруханаларда енгізу жоспары бар.
Екіншіден, мидың тамырларына компьютер арқылы әсер етіп, қол-аяғы жансызданған науқастарды емдеу мүмкіндігі клиникалық зерттеуден өтіп жатыр. Бұл тұрғыда алдағы 5 жылда осыны Қазақстанда да енгізу жоспарын қарастырып отырмыз. Осы ретте жасанды интеллект мүмкіндігіне екпін қойылған.
- Отандық нейрохирургияда қандай жетістіктер бар?
- Қантамырларға қатысты операциялар әр облыс орталығында жасалып жатыр. Мұны үлкен жетістік деп санаймын. Инсульт алған адамдардың миынан тромбтарды алып тастайтын операциялар да бар. Бұдан бөлек, инсульттің алдын алу үшін тарылған тамырларға тиісті операциялар жасалып жатыр. Паркинсон ауруын емдейтін қымбат әрі күрделі операциялар жасауда тәжірибе бар. Қазір Ұлттық нейрохирургия орталығында үлкен жетістіктерді көріп жүрміз.
- Статистика деректері бойынша Қазақстанда жыл сайын 40 мыңнан астам адам инсульт алады. Елімізде бұл ауруға шалдыққандар көбейіп жатыр ма?
- Қазақстан халқы 20 миллионға жетіп қалды, яғни халық саны артып келеді. Сондықтан пропорционалды түрде инсульт алатындар да көбейеді. Екіншіден, коронавирус індетінен кейін инсультпен ауыратындар саны артты. Қан ұйып, денесінде тромбтар түзіліп, инсульт болған адамдар көп кездесті. Мұнымен қоса, қан қысымы жоғары адамдар, қант диабетіне, семіздікке шалдыққандар көбейгенін байқап отырмыз. Атап айтқанда, Қазақстанда адамдардың өмір сүру ұзақтығы 74 жастан асты. Бұл ретте, пропорционалды түрде инсультке шалдығатындар да артуы мүмкін. Жас ұлғайған сайын инфаркт, инсульт көбеюі ықтимал.
- Кейінгі кезде инсультке шалдыққандар қатары «жасарып» барады деген ақпарат тарап жатыр. Бұл жайында не айтар едіңіз?
- Расында осындай проблема бар. Мәселен, егде жастағы кісілерде тромб түзіліп, басына қан бармай қалса, ишемиялық инсульт болады. Ал жастарда көбіне қан қысымы қатты көтеріліп жатады. Бұл тұрғыда энергетикалық сусындарды көп ішетін жастар осы мәселеге ерекше мән беруі керек. Сонымен қатар, ишемиялық инсульттің тағы бір себебі – жүрек қалқаншаларының ауруы. Адамдар жүрек ырғағы бұзылатын аритмияға шалдығып жатады. Сондықтан бірінші кезекте дұрыс тамақтанбау салдары жағдайды қиындатып отыр. Жұмыстағы стресс те кері әсер етеді. Отбасын асыраймын деп дамыл таппай жүргендер күйзеліске тап болады.
- Инсульт әйелдерге қарағанда ерлерде жиі кездеседі деген рас па?
- Статистика бойынша ерлер бұл ауруға жиі шалдығады. Негізгі деректерге тоқталсақ, ми ісігі әйелдерде, ал ми қантамырларының тарылуы ер адамдарда жиі кездеседі. Әйелдер ерлерге қарағанда 10-15 жыл ұзақ өмір сүретінін ескерсек, оларда қатерлі ісік көбірек байқалып жатыр.
- Коронавируспен ауырған адамдарда есте сақтау қабілеті нашарлайды деген тұжырым қаншалықты шындыққа жанасады?
- Шынымен де коронавирустан кейін есте сақтау нашарлайтынын көріп жүрміз. Бір жағынан миға оттегінің жетіспеуінен болады. Екіншіден, коронавирустың өзінен ми зақымданып, есте сақтау қабілеті бұзылады. Өзімнің тәжірибеме тоқталсам, ем-дом алған науқастар есте сақтау нашарлағанын, ұмытшақ бола бастағанын, тез шаршайтынын, ұйқысыздық проблемасын жиі айтып жүрді.
- Инсульттен сақтану үшін қандай кеңес берер едіңіз?
- Көп қимылдап, серуендеу керек. «Күніне 10 мың қадам жасау керек» деген қағидат бар ғой, мүмкіндігінше көбірек жаяу жүруге тырысу қажет. Артық салмақты болдырмаған дұрыс. Темекі тартатындарға бұл әдетінен арылуға кеңес берер едім. Қанты көп тәтті өнімдерді алмауға тырысқан жөн. Күні бойы суды жеткілікті мөлшерде ішу маңызды, себебі ағзадағы судың тапшылығынан инсульт алу қатері бар. Тағы бір мәселе, қан қысымы жоғары адамдар дәрігер берген препараттарды уақтылы ішпей жатады. Олар бауырым, бүйрегім ауырады деп, дәрі ішпейді. Мұндай жағдай елімізде жиі кездеседі.
- Сұхбатыңызға рахмет!