Нобель сыйлығының лауреаты Мо Янь қазақтардан кешірім сұрады

АСТАНА. KAZINFORM — Даңқты қытай жазушысы елордадағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында қазақ қаламгерлерімен және оқырмандарымен кездесті.

Фото: Асантемір Қаршығаұлы

Ол сөзін қазақтардан кешірім сұраудан бастады.

— Біріншіден, қазақ әдебиетін жеткілікті деңгейде оқымағаным үшін кешірім сұраймын. Оған себептер де бар. Өйткені, қытай тіліне аударылған қазақ әдебиеті үлгілері өте аз. Осы сапардан қайтқаннан кейін, қазақ жазушыларының қытай тіліне аударылған шығармаларын іздеп тауып, танысамын, — деді ол.

Фото: Асантемір Қаршығаұлы

Одан әрі жазушы әдебиеттанушылар мен оқырмандар арасында талай пікірталас тудырған, алайда авторына даңқ әкелген «Салпы кеуде, үлкен бөксе» шығармасы жөнінде дәріс оқыды.

— Дәстүрлі қытай қоғамында отбасында бала болмаса, оны әйелден көреді. Еркекті ешкім кінәламайды. Ал менің шығармамдағы бас кейіпкер әйелдің күйеуі белсіз болатын. Ол жұбайынан ажырасқан соң, бірнеше еркектен тоғыз бала көреді. Себебі, қоғамның әйелді ғана айыптай беретін қасаң түсінігіне қарсы күреседі. Өзінің бала көтеріп, өмірге сәби әкеле алатынын, белсіз болған бұрынғы күйеуінің кесірінен некеде перзент сүйе алмағанын дәлелдегісі келеді. Жалпы, ол әйелдің сегіз қыз, бір ұлы болады, — деді Мо Янь.

Фото: Алпамыс Файзолла/Kazinform

Автордың баяндауынша, бас кейіпкердің қыздары бойжеткен соң, әртүрлі тап өкіліне күйеуге тиді.

— Бірі коммуниске, екіншісі Гоминьдан капитанына, үшіншісі америкалық ұшқышқа, төртіншісі жапондарға көмектескен қытай әскерінің сарбазына тұрмысқа шықты. Бұл тараптар жау болғандықтан, қыздары мен күйеу балалары бір-бірімен жолығып қалса, соғысатын. Бірақ өзара қанша дұшпан болса да, бәрі де туған балаларын шешесіне әкеліп беретін. Ана оларды құшағына басатын, — деді қаламгер.

Мо Янь туындысындағы бұл жайттардан біз екі астар көреміз. Әуелгісі — бір үйдің, яғни бір ұлттың қыздары әртүрлі ұлт өкілдеріне тұрмысқа шықса, әрқайсысы өзінің келін болып түскен жерінің қамын күйттеп, өзі шыққан ұлтты ұмытады, яки бұл жерде сөз зергері ұлттық мәселені көтеріп отыр. Екіншісі — ананың құдіреті. Бір-бірімен жауласып жүрген қыз-күйеулер перзенттерін бас кейіпкер әйелдің, ананың құшағына әкелгенде, дұшпандықты ұмытады. Әжесі жиендерін өзі бағып, өсіреді.

Бас кейіпкер әйелдің сегіз қызы, бір ұлы бар екенін жоғарыда айттық. Сол жалғыз ұл Шангуань Цзиньтунның әкесі швециялық дін қызметкері еді.

Фото: Алпамыс Файзолла/Kazinform

— Ол өңі сары, көзі көк, бойы ұзын, сыртқы келбеті өте сымбатты, әдемі бала еді. Бірақ рухани тұрғыда аса әлсіз болды. Шангуань Цзиньтунның қандай образ екенін мен айта алмаймын, — дейді автор.

Біздіңше, бұл детальде де ұлттық бірегейлікті сақтау идеясы көрініс береді. Себебі, екі ұлттың аралас некесінен туған баланың ішкі әлемі, руханияты осал болғанын қаламгердің өзі айтып отыр.

Мо Яньның дәрісінен кейін, жиналған қауым оған сауалдарын қойды. Жазушы Төлен Әбдік жазу кестесі, күн тәртібі жөнінде сұрады.

— Жас кезімде күндіз ұйықтап, түнде жазатынмын. Қазір күн тәртібім қалпына келді. Кешке демалып, күндіз жұмыс істеймін, — деді ол.

Сонымен бірге, Мо Янь қаламгерлерге кеңес берді.

— Әдеби шығармадағы көркем шындық пен шынайы өмірдегі шындық бірдей емес. Ал жазушылар қауымы сол екеуінен де аттап өтіп, «үшінші өмірдегі» шындықты жазуы керек, — деді ол.

Сонымен қатар, оқырмандар қытай қаламгерінен магиялық реализм тәсілімен жазатыны, оған төселуге Габриэль Гарсиа Маркес шығармашылығының ықпалы жөнінде сұрады.

— Нобель комитеті маған Нобель сыйлығын бергенде, «магиялық реализм бағытындағы шығармасы үшін» деп мәлімдеді. Менің көп шығармамның желісі балалардың түсі арқылы өрбиді. Габриэль Гарсиа Маркестің көп шығармасын оқыдым. Оның маған әсері зор болды, келісемін. Әсіресе, 1980 жылдары көп қытай жазушысы Маркестің стилінде жаза бастады. Бірақ біз шетелге еліктемей, өзіміздің ұлттық танымымыз бен салт-дәстүріміз негізінде әдебиетте жаңа нәрсе ойлап табуымыз керек. Содан дүниежүзілік әдебиет қалыптасады, — деді Мо Янь.

Сондай-ақ, ол қазіргі қытай қаламгерлерінің балалығы мен ауылы туралы көп жазатынын атап өтті. Оның пікірінше, ақын-жазушы өз елінің таным-түсінігі мен тыныс-тіршілігін жазуы қажет. Алайда әдеби шығармада әлемнің кез-келген түкпіріндегі оқырман тағылым алатындай адамзатқа ортақ құндылықтар болуы тиіс.

Айта кетейік, бұған дейін Қытайдан атажұртқа көш бастаған жазушы Қабдеш Жұмаділовтің туғанына 90 жыл толғанын жазғанбыз.