«Нұр Отан» билікке ұзақ уақытқа және шындап келгендігін көрсетуі керек - Е. Ертісбаев

АСТАНА. Мамырдың 4-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ «Нұр Отан» билікке ұзақ уақытқа және шындап келгендігін көрсетуі керек. Бүгін «Нұр Отан» ХДП идеологиялық активінің республикалық кеңесінде сөз сөйлеген ҚР Президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев осылай атап өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Нұр Отан» халықтың партиясы бола отырып, біз тек қоғамның бір ғана бөлшегі екендігімізді ұмытпауымыз керек. Ал егер бұндай қоғамның бөлшегі болудан қалып, тұтастанатын болсақ, онда партия болудан да қалар едік. Кезінде Кеңестің коммунистік партиясы да осының кебін киді. Яғни, компартия мен Кеңестер одағын құрдымға кетірген де осы ? бір партия, бір идеология, бір ғана меншік болатын. Сондықтан да, біз бұндай қадамнан қаша отырып, идеялық көшбасшылық мәселесін ең алдымен идеялардың бәсекелестігі тұрғысынан қарастыруымыз керек», деді Е. Ертісбаев. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы көтерген бәсекеге қабілеттілік идеясы әлі де толық зерделенбей отыр. Сонымен бірге, алдағы кезеңдерге көз жібере отырып, Е. Ертісбаев, бүгінгі күннен бастап партияның саяси күреске әзірленуі қажеттігін атап өтті. ««Нұр Отан» билікке ұзақ уақытқа және шындап келгендігін көрсетуі керек. Бұл үшін барлық ауыртпашылық Елбасына жүктелмеуі тиіс. Яғни, Қазақстанның өңірлеріндегі беделді адамдарды партия ісіне топтастырудың маңызы зор», деген ол, партияның бүгінгі күні алты негізгі функцияны атқаруы маңызды екенін жеткізді. «Біріншіден, партия мемлекет пен бұқара арасындағы дәнекерші бола түсуі керек. Екіншіден, азаматтардың саяси селқостығымен күрескен орынды. Үшіншіден, партия тоғышарлықты болдырмауы тиіс. Төртіншіден, әлеуметтік топтардың бастамаларын жүзеге асыру үшін құндылықтардың басым шеңберін қалыптастыру қажет. Бесіншіден, Үкімет пен Парламентке өкілдер жіберуі керек. Алтыншыдан, елімізде орын алып отырған қандай да бір жағдайларды толық партияның жауапкершілігіне алу керек», деді ол.