«Нұр Отан» ХДП әлеуметтік желілерде партия кураторлары институтын ілгері жылжытатын болады

АСТАНА. 8 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында Партия жетекшілері институтының 2013 жылы атқаратын жұмысы мәселелеріне арналған кеңес болып өтті.

Бұл туралы партияның баспасөз қызметінен хабарлады.

Мәжіліс депутаттары-партия жетекшілерінің бұл кеңесі олардың аймақтарға жұмыс сапарына шығар алдында 2013 жылға арналған жұмыстарының басымдықтарын айқындау мақсатында ұйымдастырылды.

Былтырғы қазан айында өткізілген кеңестің қорытындысына қарағанда, партия жетекшілерінің көп жұмыс атқарғаны атап өтілді. Партия жетекшілерінің аймақтық институты құрылып, бірқатар әлеуметтік зерттеулер жүргізілген. Сондай-ақ, Қоғамдық қабылдау қызметі жетілдірілді.

Басқосуда партия жетекшілері жұмыстарының қорытындысына талдау жасалып, Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы - «Қазақстан-2050» Стратегиялық жаңа бағытының талаптары мен міндеттерін, сондай-ақ, партияның сайлауалды тұғырнамасын іске асыру турасында ой-пікірлер мен салмақты ұсыныстар ортаға салынды.

Ұлт Көшбасшысы Қазақстанның болашағын айқындайтын маңызды стратегиялық жаңа саяси бағыт ретінде жариялаған «Қазақстан-2050» Жолдауы мемлекеттің нығайып, өркендеуі үшін қоғамның да, жұртшылықтың да алдына аса маңызды міндеттер қойды. Сол себепті, партия жетекшілері іс-шараларын осы Стратегияның мақсаттарына сай, жоғары деңгейде үйлестіре білуі керек.

«Біздің алдымызда Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиялық жаңа саяси бағыты - Қазақстан халқына Жолдауы мен партияның сайлауалды тұғырнамасын жауапкершілікпен іске асыру міндеті тұр. Бұл маңызды құжаттар - біздің алдағы жылдарда атқаратын жұмыстарымыздың айқын да, негізгі бағыты болып табылады», - деп атап өтті партия Төрағасының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев.

Сондай-ақ, аймақтық деңгейде жұмыс істейтін парти жетекшілері институтын жасақтау жөніндегі жұмысты күшейтіп, партия жетекшілерінің осы бағыттағы қызметін ширата түсу керектігі айтылды.

Бұл жөнінде халықты хабардар ету шарасына баса көңіл бөлу керек. Партия жетекшілері институты туралы және оның жұмыс тәсілі туралы бұқаралық ақпарат құралдарында да, әлеуметтік желілер мен блог-платформа арқылы көбірек насихаттауды жолға қойған алған абзал.

Осы орайда, партия жетекшілері партияның жанынан құрылатын Үйлестіру кеңесінің жұмысына да атсалысып тұрғаны жақсы.

Кеңестің қорытындысында партия жетекшілерінің жұмысы тиімділігін арттыру жолдары анықталып, ұйымдастыру ісіне қатысты бірқатар мәселелер шешілді.