Бұл туралы бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова ведомствоның алқа мәжілісінде мәлім етті.
«Нұр Отан» ХДП-ның әлеуметтік бағдарламасында көзделген зейнетақыны арттыру туралы мақсат межеден асыра орындалды. Нақтырақ айтар болсам, 2010 жылы ынтымақты жүйеден төленетін зейнетақының орташа мөлшері 27,5 мың теңгені құрады. Ал 2011 жылғы 1 қаңтардан бастап ағымдағы жылғы арттыруды қоса есептегенде 36 мың теңгені құрап, 2007 жылмен салыстырғанда 2,6 есеге көбейді», - деді министр.
Министрдің атап өтуінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар жыл сайын 9 пайызға арттырылуда. Соның нәтижесінде мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының орташа мөлшері 2009 жылғы 9331 теңгеден 2010 жылы 15317 теңгеге дейін өсті.
Сондай-ақ әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер де арта түсуде. Мәселен, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі іске қосылған кезден бері қордан берілген әлеуметтік төлемдер сомасы 130 млрд. теңгені құраған, оның 55,8 млрд. теңгесі өткен жылдың еншісінде.