«Нұр Отан» ХДП-ның Астанада өтетін ХІІІ съезіне Алматы облысынан 45 делегат қатысады

ТАЛДЫҚОРҒАН. 25 қаңтар. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - «Нұр Отан» ХДП-ның Астанада өтетін ХІІІ съезіне Алматы облысынан 45 делегат қатысады. «Нұр Отан» ХДП Алматы облыстық филиалында өткен есеп беру-сайлау жиыны барысында партия мүшелері осындай шешім қабылдады.

Есеп беру-сайлау жиналысында «Нұр Отан» ХДП Алматы облыстық филиалының төрағасы Серік Үмбетов есеп беру кезеңі бойынша сөз алып, облыс халқының әлеуметтік жағдайына қысқаша тоқталып өтті.

Оның айтуы бойынша, 2010 жылы 128 000 адам әртүрлі деңгейде әлеуметтік жәрдемге ие болды. 2 271 кедей отбасына мемлекеттік әлеуметтік көмек берілген. Ал 2 000-ға жуық отбасы тұрғын үй көмегіне ие болса, әлеуметтік аз қамтылған отбасыдан шыққан және жетім балалар қатарына жататын 354 студент облыстық бюджет есебінен жоғарғы оқу орындарында білім алып жатыр.

«Партия алдында жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, жаңа жұмыс орындарын ашу туралы міндет тұр. Осыған байланысты облыс бойынша адамдарды жұмыспен қамтуға бағытталған кешенді іс-шаралар жүргізілуде. 2010 жылы 32 898 жұмыс орны құрылды. Еңбекпен қамту мәселесі бойынша уәкілетті органдарға жұмыс іздеп жүрген 27 441 азамат арыз беріп, оның ішінде 26 236 адам жұмысқа орналастырылған, еңбекпен қамту деңгейі 95,6 пайызды құрап отыр», - деп атап өтті облыс әкімі.

2010 жылы облыста жаңадан 8 мектеп бой көтерсе, 3 млрд. 527 млн. теңге қаражат есебінен 95 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтті. Олардың материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатына 1 млрд. теңге бөлінген. 73 балабақша мен 159 шағын орталықтар ашылды, соның нәтижесінде 14 462 бала мектепалды даярлықтан өтуде.