«Нұр Отан» ХДП-ның Қарағанды облыстық филиалында азаматтарды «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының мәселелері бойынша қабылдау өтті

ҚАРАҒАНДЫ. 19 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясының Қарағанды облыстық филиалында азаматтарды «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының мәселелері бойынша қабылдау өтті.

«Стратегиялық мемлекеттік бағдарламаларды орындау «Нұр Отан» ХДП-ның үнемі бақылауында», - деп атап өтеді партиялықтар.

Олардың айтуларынша, акцияның мақсаты - партияның тұрғындармен өзара байланысын нығайту, қоғамдық бақылауды күшейту. Азаматтарға мемлекеттік органдардың өкілдерінен «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша тікелей кеңес алуға мүмкіндік болды.

Партияның облыстық филиалы аппаратының мәліметтерінше, түрлі мәселелермен 38 адам келді. «18 өтініш бойынша шешім бірден қабылданды, тағы төрт жазбаша өтінішті мемлекеттік органдар қарауға алды», - деп мәлімдеді акцияның ұйымдастырушылары.

Мысалы, қабылдауға келген Қарағанды қаласының тұрғыны жұмыс іздеп жүргеніне екі жыл болды. Қалалық билік көздері оған балабақшада тәрбиешінің бос орнын ұсынды.

«Талдау көрсеткендей, жұмыспен қамту саласындағы көптеген проблемалар мамандық бойынша жұмыс іздеумен, кәсіби тәжірибесі мен еңбек өтілі жоқ жас мамандардың жұмысқа орналаса алмауымен байланысты. Зейнеткерлік жасқа жақындағандар үшін де жұмысқа тұру қиындық туғызады», - деп атап өтті «Нұр Отан» ХДП-ның облыстық филиалынан.