«Нұр Отан» ХДП өкілдері «Алмалы - кедендік ресімдеу орталығы» және «Жетісу» кеден бекеттерінде болды

АСТАНА. 12 қыркүйек. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» ХДП, Алматы қаласы мәслихатының депутаттары, «Атамекен» ХЭП АФ, Кәсіпкерлер форумының өкілдері Алматы қаласы бойынша Кедендік бақылау департаментінің ең ірі -

«Алмалы- кедендік ресімдеу орталығы» және «Жетісу» кеден бекеттерін аралады. Бұл туралы қалалық Кедендік бақылау департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Айта кеткен жөн, ағымдағы жылдың маусым айының соңында мемлекеттік-жеке серіктестік шеңберінде салынған «Алмалы - кедендік ресімдеу орталығы» Қазақстан Республикасының аумағында тек кедендік бақылаудың техникалық құралдарымен, бейнебақылау жүйесімен және т.б. жабдықталып қоймай, кіші, орта және ірі бизнес өкілдеріне біршама қызмет көрсететін кеден маңындағы инфрақұрылымы бар ең ірі кеден бекеті.

Кедендік ресімдеу залының жұмысын қонақтарға көрсету барысында онлайн интернет жүйесі арқылы кеден бекетінің жұмысын бақылау мүмкіндігі көрсетілді.

«Алмалы-КРО» кеден бекетін аралаған кезде, ашылғаннан бері екі жарым ай өткен, жаңа кеден бекетінің жұмыс қорытындысы жоғары екендігі аталып өтілді. «Алмалы-КРО» кеден бекетінде шілде айында кедендік төлемдер мен салық сомалары 1 млрд. 363 млн. теңгені құрады, тамыз айында төленген кедендік төлемдер мен салықтар 2 млрд. 658 млн. теңгеге жетті.

«Жетісу» кеден бекетінің де алар орны маңызды. Алматы қаласының Халықаралық әуежайының аумағында орналасқанкеден бекетінің қызметкерлері өзінің күнделікті жұмысымен сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға, әр түрлі мемлекеттер кәсіпкерлері мен саяхатшыларына кедендік шекараны өткенде қолайлы жағдайлар жасап, өткізу пунктінің мүмкіндіктерін арттыруда. "Жетісу" кеден бекетінің қызметтік аймағында қатысушылардың сыртқы экономикалық белсенділігі, әр түрлі сатылым байланыстарының тұрақты өсуі байқалады. 2013 жылғы 8 ай ішінде Алматы қаласының халықаралық әуежайы алаңында 12 мыңнан астам халықаралық әуе рейстері және Қазақстан Республикасы кедендік шекарасын асқан 1,5 миллион әуе жолаушылары, 16 миллион 343 мың келі әуе жүктері өңделіп, кедендік ресімдеуден өтті.

«Алматы қаласы мәслихаты депутаттарының, «Нұр Отан» партиясының кеден бекеттеріне бару мақсаты - Алматы қаласының кеден органдарының жұмысымен танысу, Елбасы Жолдауында бизнес және азаматтар үшін жағымды жағдай жасау туралы қойылған талаптардың қаншалықты орындалғандығын анықтау. Біз «Алмалы- кедендік ресімдеу орталығы» және «Жетысу» кеден бекеттерінде болған мезетте, кедендік ресімдеу барысында кедендік тазартуды және кедендік шекарадан өту рәсімін бірнеше секунд ішінде өтуге мүмкіндік беретін ең соңғы техникалық жетістіктер қолданылатынына көз жеткіздік, ол әлемдік стандарттарға сәйкес келетіндігі анық. Кеденшілер мен кәсіпкерлер арасындағы қарым-қатынас жоқтың қасы» - дейді «Нұр Отан» ХДП Алматы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кенжехан Матыжанов.