***
«Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында «Жаңа оқу жылына дайындық қалай?» атты мақала жариялады. Мақалаға кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен селекторлық мәжілісте көтерілген мәселелер арқау болған. Басылымның жазуынша, 2011 жылы республикалық бюджет есебінен елімізде жалпы құны 49,6 миллиард теңге болатын 142 білім беру нысандарын салу жоспарланған. Оның ішінде 41,9 мың оқушыға арналған 70 мектеп, 17,7 мың орындық 70 балабақша, 1200 оқушыға арналған 2 кәсіби-техникалық лицей пайдалануға берілмек. Биылғы жаңа оқу жылы қарсаңында 9 жаңа мектеп ашылды. Өңірлерде жаңа оқу жылына дейін 678 мектеп күрделі жөндеуден өткізілуге тиіс болатын. 15 тамызға дейінгі мәлімет бойынша, бұл білім нысандарының 80 пайызы жөндеуден өткен. Алайда еліміздің төтенше жағдайлар саласының өкілдері бұл салада әлі де болса бірқатар проблемалардың бар екендігін айтып отыр.
Сондай-ақ аталмыш басылымның бүгінгі санында «Отан игілігіне ортақ үлес» атты мақала басылды. Басылымның жазуынша, Маңғыстау облысында арнайы сапармен болған Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми аймақтағы өрелі істерді оң бағалап отыр. Оның сөзінше, еліміздің барлық аймақтарының ортақ күш-жігері мен табыстарының нәтижесінде Қазақстан мол жетістіктерге қол жеткізгені даусыз. Олардың ішінде Маңғыстау облысының алатын орны ерекше екені де шындық. «Осыны айтқан Сенат Төрағасы қазақ халқының рухани тамырлары мен осы заманғы үдемелі дамуының қызу қарқыны нақ осы жерде тоғысып жатты, деп бір қайырды. Мыңдаған тарихи ескерткіштер, ұлтымыз ұлықтаған Бекет ата мешіті, Шақпақ ата, басқа да әулиелер жатқан жерлер Каспий аймағындағы барлық елдердің мұсылмандары кие тұтқан орынға айналды. Сонымен бірге, Маңғыстау - алдыңғы қатардағы инновациялық аймақ, мұнай өндіру жөніндегі жетекші өлкелердің бірі, біздің теңіздегі басты қақпамыз», - деп атап көрсеткен. Сонымен қатар ол сөзінде аймақтағы бірқатар проблемаларға да тоқталады. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында.
***
«Айқын» басылымының жазуынша, «Нұр Отан» кәсіпкерлікті қолдайтын бағдарлама әзірлеп жатыр». Осындай тақырыппен жарияланған мақалада «Нұр Отан» партиясының мүлдем жаңа бағдарлама әзірлеп жатқандығы айтылады. «Бұл құжатта жүйе құраушы кәсіпорындар мен шағын кәсіпкерліктің өзара әріптестігіне жағдай жасау мәселесіне басты назар аударылатын болады. Сарапшылардың пікірінше, жергілікті мазмұнды 100 млрд теңгеге көбейтсе, соның нәтижесінде шағын және орта бизнес саласында қосымша 50 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беріледі. Бұл, әсіресе, жүйе құраушы кәсіпорындар басты жұмыс берушілер болып табылатын шағын қалалар үшін аса маңызды»,-делінген мақалада.
Бұл туралы «Айқын» басылымының бүгінгі санында.
Сондай-ақ аталмыш басылым Ресейдің миграция қызметі елге сырттан келген азаматтардың орыс тілін қаншалықты деңгейде меңгергендігін тексеруді ұсынып отыр. «Осылайша 100 пайыз орысша сөйлейтін көршілеріміз «күшейіп» жатқанда елімізде мемлекеттік тілде 100 пайыз сөйлей алмай тұрғанымыз өкінішті жағдай. Күні кеше кейбір басылымдар «Мемлекеттік тіл туралы заңға өзгерістер енгізіледі» деп шулап қоя беріп еді, өмірге келмеген заңның өзіне қайта өзгерістер енгізіп тастадық. Сонда қалай? Жиырма жылда жиырма сөз жаттай алмағандарға Қазақстан билігі қашанғы жеңілдік жасай береді? Бұл жерде ең басты мәселені туған тіліне тіксіне қарайтын өз ұлтымыздың ұландарынан бастағанымыз жөн болар»,-деп жазады басылым. Мақаланы толық оқып шыққыңыз келсе, «Айқын» басылымының бүгінгі санын жіберіп алмаңыз.
***
«Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында «Қазаққа қорғасын қымбат па, денсаулық қымбат па?» деген мақала жариялады. Басылымның жазуынша, 1934 жылы салынған Шымкент қорғасын зауыты бүгінде қаланың ортасында қалып қойған. Кәсіпорының жалпы аумағы 116 гектарды құрайды. Ауа мен айналаға тасталған қорғасын қалдықтарының салдарынан топырақ пен ауаның улану деңгейі нормативтік шектен бірнеше жүз есеге артып кеткен. Бұл туралы «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санынан толығырақ білуге болады.
Сондай-ақ аталмыш басылым «Оқу құны Оксфордқа таяп қалды»,-деп жазады. Басылымның хабарлауынша, осыдан жеті жыл бұрын ЖОО-дағы оқу бағасы 120 мың теңге болса, бүгінде Білім және ғылым министрлігінің нұсқауымен күндізгі бөлімдегі ақылы білімнің ең төменгі сомасы 341 мың теңгеге белгіленді. Әрмен қарай қандай баға қойса да, ЖОО-ның өз құзырында. Оның мамандыққа байланысты болатыны
да белгілі. Мәселен, ҚазҰУ-да заңгердің оқуы 600 мың теңгеден асып жығылады. Дегенмен оқу бағасы қымбаттады деп екен деп, тізгінді тартатын талапкер де, ата-ана да көрінбейді. Бұл мәселе жөнінде «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санына толық білуге болады.
***
«Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санында «Журналистика состойт из таланта, мастерства и мужества» атты мақала басты. Мақалаға ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына Алматыда «Қаламгер-Азамат» деген атпен ашылған жас журналистердің IV форумында көтерілген мәселелер негіз болған. Елімізде әр жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан жиынға биыл Түркия, Қырғызстан, Қытай мемлекеттерінің де өкілдері қатысуда.
Ал онда көтерілген мәселелер туралы толық білгіңіз келсе, «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санын қараңыз.