«Нұр Отан» партиясы «Жас тұлпар» сыйлығын табыс етті

АСТАНА. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада «Нұр Отан» партиясының «Жас тұлпар» сыйлығын салтанатты түрде табыс ету рәсімі өтті. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік күні мерекесі мен «Жас тұлпар» қозғалысының 50 жылдығына арналған аталмыш сыйлыққа қазақстандық патриотизмді дамыту, қоғамның мәдени және рухани құндылықтарын сақтау мен көбейтуге үлес қосқан жас қазақстандықтар ие болды.

Тоқтала кетейік, «Нұр Отан» партиясы тағайындаған «Жас тұлпар» сыйлығына жеті қазақстандық ие болды. «Нұр Отан» партиясының жаңа саяси Доктринасында «Жастарды отаншылдықтың арқауында тәрбиелеу әрқашанда Қазақстанның табысқа жетуі мен өркендеуінің кепілі болмақ» деп көрсетілген. Сондықтан жастар арасында төл мәдениетті дамыту және отаншылдықты нығайтуға қосқан үлесі үшін тұңғыш рет партия тарапынан «Жас тұлпар» сыйлығын табыстау туралы шешім қабылданды», - деп атап айтты «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек.

«Жас тұлпар» сыйлығының тұңғыш игерлерінің арасында Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, 2013 жылы Алматыда өткен Әлем чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінген Данияр Елеусінов, актер, сазгер, әнші, «Елбасы жолы» киноэпопеясында басты рөлді сомдаған Нұрлан Әлімжан, шахматшы, оқушылар арасындағы үздік шахматшы титулының иегері Жансая Әбдімәлік, «Жас Отан» жастар қанатының белсендісі, патриоттық әндер байқауларының жеңімпазы Ибрагим Ескендір, Шымкент қаласында учаскелік инспектор болып жұмыс істейтін «Ерлігі үшін» медалінің иегері Тұрар Артықбаев,

Ақтөбе қаласындағы өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінде өрт сөндіруші-құтқарушы Еркін Бейсекенов, әртіс, Алматы қаласының Blow Money лэйблінің рэпері Артур Сулейманов иеленді. Олардың әрқайсысы 1 000 000 теңге көлемінде ақшалай сыйақы алды.

«Жас тұлпар» сыйлығы кәсіби ерен табысы үшін 35 жасқа дейінгі қазақстандықтарға тағайындалады. Сыйлық «Нұр Отан» партиясының «Мирас» мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңес жанындағы Сараптау Кеңесі айқындайтын бағыттар бойынша жылына бір рет табыс етіледі.

Еске сала кетейік, «Жас тұлпар» - 60-шы жылдардағы жастардың қозғалысы. Оны Мәскеу, Ленинград, Омбы, Киев, Одесса, Рига қалаларындағы жоғары оқу орындары студенттері құрған болатын. Марат Сембин, Ғаділбек Шалахметов, Мырзатай Жолдасбеков, Тимур Сүлейменов, Ерсайын Тәпенов, Гүлжан Бейбітова, Әміржан Әлпейісовтар «Жас тұлпардың» мүшелері болған. Ұлттық сана-сезім мен болмыс, тәуелсіздік және мәдени мұраларды сақтау идеялары олардың басын біріктірген еді. Биыл «Жас тұлпар» қозғалысы 50 жылдығын атап өтуде.