17:33, 31 Наурыз 2009
«Нұр Отан» партиясының өкілдері партияның XII съезіне дайындалуда ? О.Петерс
АСТАНА. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының филиалдары мен барлық құрылымдық бөлімшелері партияның XII съезіне дайындалуда.
Осыған орай еліміздің өңірлерінде партияның саяси кеңестерінің жиындары өтуде. Бұл туралы бүгін дәстүрлі апталық брифингте «Нұр Отан» партиясының ресми өкілі Оксана Петерс мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, облыстық филиалдардың алдына Елбасының «Дағдарыстан - дамуға» атты Жолдауында көрсетілген мәселелерді жүзеге асыру жайы талқылануда. «Қазір партияның облыстық филиалдары жұмыстарының басым бағыттары ретінде Мемлекет басшысының дағдарыс жағдайындағы елдің әр аймағындағы қалыптасқан мәселелерді шешуге бағытталған сайлауалды платформасын жүзеге асыру жайын қарастыруға болады. XII съезде талқыланатын мәселелердің барлығы партияның саяси кеңестерінің қорытындысы бойынша анықталады және ел аймақтарынан съезге қатысатын делегаттар сайланады. Бүгінгі күнге дейін саяси кеңес мәжілістері Алматы, Павлодар, Атырау қалалары мен Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарында өтті. 150-ден астам делегат сайланды», - деді ресми өкіл. Ал «Нұр Отан» партиясының Алматы облысы бойынша саяси кеңесінің мәжілісі бүгін өтеді. Сондай-ақ осындай басқосулар ертең Қызылорда мен Ақтөбе облыстарында, сәуірдің 3-і күні Қарағанды облысында өтеді.