Бұл туралы Қазақстан-Қытай екінші туристік форумында ҚХР Туристік зерттеулер институтының директоры Дай Бинь мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, елдердегі туристік нарықтарда байқалатын құбылмалылық тиісті инфрақұрылымды дамытуға, визалық мәселеге, қызмет көрсету саласына байланысты. Осы орайда Қазақстанның «Нұрлы жол» стратегиясы мен Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасының маңызы зор болып отыр.
«Бүгінде саяси өзара сенімнің нығаюы арқасында «Ляньюньган-Алматы» бағдары бойынша темір жол сапарлары басталды, «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автомагистралінің құрылысы аяқталуда, «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы дамып келеді. Біздің елдердің басшысылары 2017 жылды Қазақстандағы Қытайдың туризм жылы деп жариялады. Сондықтан да ортақ жолымызға туристік сектор да жаңа серпін беретін болады»,-деді сарапшы.
Оның айтуынша, биылғы қаңтар-сәуірде 73 мың қазақстандық турист Қытайға сапарлап, өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда өсім 16,6 пайыз деңгейінде байқалды.
«2016 жылы Қытайға келген қазақстандық туристердің жалпы саны 225 мың адамға жетті, осы ретте төмендеу 6,7 пайызды құрады. Өткен жылы Қазақстанға сапарлаған қытайлық туристер саны 3,4 пайызға артып, 250 мың 790 адамға жетті. Ағымдағы жылдың бастапқы төрт айында бұл көрсеткіш шамамен 10 пайзыға төмендеді. Сонымен қатар 2017 жылдың қаңтар-сәуірінде екі елдің арасындағы тауар айналымы 30 пайызға өскенін байқап отырмыз. Сондықтан саяси, инвестициялық және сауда-экономикалық салалармен салыстырғанда, туризм бағытындағы ынтымақтастық деңгейі біршама төмен деңгейде»,-депт атап өтті Дай Бинь.
Бұл тұрғыда ол елдің туристік әлеуетін арттыру үшін көліктік инфрақұрылымның маңыздылығын сөз етті.
«2016 жылы Қазақстан 3,2 мыңнан астам шақырым жолды қайта жасап шықты. Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі, Жібек жолы қоры және өзге де қаржылық институттар Қазақстандағы жолдарды дамытуға инвестиция салуға әзір. «Нұрлы жолдың» басты бағыттарының бірі сапалы жолдардың ауқымын арттыруға негізделген, бұл өз кезегінде ішкі және елге кіретін туризмді ынталандыруға жол ашады. Осы орайда адамдар автобустармен немесе жеке көліктерімен елді аралауға көбірек мән бере бастайды»,-дейді сарапшы.
Бұдан бөлек ол Қазақстан мен Қытай халықтарының өзара түсіністігі мен өзара қызығушылығын нығайтуға ҚХР-дағы Singer-2017 жобасына Димаш Құдайбергеннің қатысуы үлкен үлесін қосқанын атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан-Қытай екінші туристік форумы 2017 жылдың 5 маусымында Бейжіңде өтті. Оған Қазақстанның 60-тан астам алдыңғы қатарлы туристік операторлары, ал Қытай тарапынан 300-ден астам туристік компаниялар қатысты. Бірінші форум өткен жылы күзде Астанада ұйымдастырылған болатын.
2016 жылы ҚХР-дан әлем елдеріне 135 млн қытайлық турист сапарлап, 261 млрд доллар сомасында қаржы жұмсаған көрінеді. Бұл көрсеткіш 2015 жылға қарағанда 12 пайызға артық.