«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы - экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күші

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сәрсенбіде Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Үкіметтің кезекті отырысы өтті. Онда күн тәртібіндегі бірқатар маңызды мәселелермен бірге «Нұрлы Жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысы талқыланған болатын.

 Қазіргі уақытта «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы экономикалық өсім мен халықты жұмыспен қамтудың негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналып отыр. Биыл бағдарламаның жүзеге асырылу тиімділігі ІЖӨ өсімінде 1,2% деңгейінде бағалануы осының нақты көрінісі. Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев хабарлағандай, ағымдағы жылы бағдарламаны жүзеге асыруға Ұлттық қордан 769,6 млрд. теңге бөлінген, оның ішінде мақсатты трансферттер түрінде 503,4 млрд. теңге және облигациялық займдар арқылы 266,2 млрд. теңге қарастырылған. Қаржыландыру жоспарына сәйкес, нысаналы трансферттер бойынша 330 млрд. теңге бөлініп, оның 324 млрд. теңгесі немесе 98% игерілген. Облигациялық қарыз арқылы ағымдағы жылы қарастырылған 266,2 млрд. теңгеден 210,7 млрд. теңге сомасына келісімшарттар жасалып, 84,7 млрд. теңгесі игерілген. Жалпы, мемлекеттік бағдарлама бойынша 409 млрд. теңге немесе жылдық жоспардың 53% игерілді.

Көлік-логистикалық индустриялық инфрақұрылымды дамытудың бірінші бағыты бойынша, «Шұғыла» қағидатымен Астананы аймақтармен байланыстыратын тиімді аумақаралық автожол желісін құру үшін, 2015-2020 жылдар аралығында мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 6,7 мың шақырымнан астам автокөлік жолдары салынып, реконструкцияланатын болады. 2015-2016 жылдары автожолдардың құрылысы мен реконструкциясына 329,3 млрд. теңге бөлінді. 2015 жылғы қаражат толықтай игерілді, бұл 456 км автожолдарды салуға және қайта жөндеуге мүмкіндік берді. Ағымдағы жылы 151,3 млрд. теңге бөлінді, одан қаржыландыру жоспарына сәйкес 96,9 млрд. теңге толықтай игерілді және жол-құрылыс жұмыстарымен 1 038 км автожолдары қамтылды, деді министр.
Оның айтуынша, жыл аяғына дейін барлық қаражат көздерінен 920 км автожолдарда құрылыс жұмыстары аяқталатын болады. Одан басқа, 147,8 млрд. теңге сомасына Батыс Еуропа - Батыс Қытай және Бейнеу - Ақтау 2 автожол жобаларын іске асыру үшін бюджеттік ресурстарға қосымша халықаралық қаржы ұйымдарынан қарыздар тартылды. 

2020 жылға транзит әлеуетін жылына 25-тен 88 млн. тоннаға көтеру және өткізу қабілетін жылына 3-тен 7,6 млн. адамға дейін көбейту үшін Боржақты - Ерсай және Алматы - Шу темір жол желілерінің, Құрық портындағы паром өткелінің және Астана қаласы әуежайының құрылысына бағдарлама шеңберінде 2016 жылы  46,4 млрд. теңге бөлінген. Қазіргі кезде ағымдағы жылы бөлінген қаражат толық көлемде тиісті квазимемлекеттік сектордағы компаниялардың қарауында жатыр, олар 34,8 млрд. теңгені игерді. Қалған қаражат жыл соңына дейін толықтай игерілетін болады.

Сонымен қатар, макроөңірлерде өнеркәсіпті дамыту үшін бағдарлама­мен арнайы экономикалық аймақ­тардың құрылысы көзделген, оның ішінде Атырау облысындағы Ұлттық индустриалды мұнай-химиялық тех­нопаркі бар. Бұл мақсаттарға «ҰИМТ» АЭА инфрақұрылымын салу бой­ынша жобасын іске асыру үшін 2016 жылы 10 млрд. теңге бөлінді, олар жыл аяғына дейін толықтай ж8зеге асырылады.

ҰЭМ басшысы «Нұрлы Жол» бағдарламасының басқа да бағыттары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, сумен-жылумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту, шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері жөнінде баяндады. 

Отырыста қаржы министрі Б.Сұлтанов бюджеттік процедураларға талдау жасаудың нәтижесінде 12 млрд. теңге республикалық бюджет қаражатының игерілмей қалуы мүмкін екенін мәлім етті. Министр атап көрсеткендей, жергілікті өңірлерде мемлекеттік сатып алуға қатысты да бірқатар мәселелер бар. Бүгінгі таңда жергілікті органдарда 18 млрд. теңгеден астам сатып алуларға келісімшарт әлі жасалмаған.

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Үкімет отырысында мем­лекеттік қаржыны игере алмай отырған бірқатар облыс әкімде­рінің есебін тыңдап, жауап алды. Өңір басшыларының есептерінің нәтижелері бойынша Премьер-министр аймақтарға жұмыс барысын жылдамдатып, қайта жүйелеуді тапсырды. ТКШ мәселелеріне ерекше тоқталып, әкімдерге аталған мәселелерге зор көңіл бөлуді тапсырды.

Сонымен қатар, Үкімет басшысы өзінің бірінші орынбасары Асқар Маминге облыстар бойынша қай өңірде көбірек проблема туындап отырғанын қадағалауды тапсырды. Екі жыл ішінде небәрі 385 шақырым жолға қайта жөндеу жүргізгенбіз. Жоспарға сәйкес қалған бір жыл ішінде тағы 1 100 шақырымды жөндеуге тиіспіз, деді Б.Сағынтаев.